Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

3°C

, Дүйсенбі, 14 қазан, 00:38

Мемлекеттік тіл – менің мақтанышым

17.09.2024

240

0

Қазақтың тілінің бай, сөздік қоры мол екенін әлем әлдеқашан мойындаған. Оның шындығына қазақтың жыршы, жырауларының, ақын-жазушыларының шығармаларын оқып, танысқанда анық көз жеткізесің. Қазақ – тіл тазалығына, сөздің өз онымен қолданылуына терең мән беретін, асқан жауаптылықпен қарайтын халық. Тоқсан ауыз сөзді тобықтай түйінін айтуға дағдыланған халықтың мақал-мәтелдері өзінше бір баға жетпес байлық, таусылмайтын қазына. Ұрпақтан ұрпаққа мұра болып қалған әрбір мақал-мәтелден халықтың шексіз дүниетанымы, мінсіз тазалығы, көңіл көкжиегінің кеңдігі анық байқалып тұрады.

Осындай құдыреттің арқасында қазақ тілі ұлт болмысын ұғындырып, жалпы жұртты төңірегіне топтастырып, біріктіріп отыр. Ұлтқа тілінен қымбат еш нәрсе болмауы тиіс. Себебі бір ұлттың тілінен- сол ұлттың шежіресі, тарихы, мәдениеті көрініп тұрады. Мәселен қазақтың тілінен кең байтақ сайын даласын, аспанмен таласқан асқар тауларын, жасыл-желек ормандары мен сарқыраған өзендері мен айдын көлдерін, қайсар мінезі мен көшпенділік тұрмыс салтын айқын аңғаруға болады.

Тіл – қай ұлттың болмасын тарихы мен тағдыры, тәлімі мен тәрбиесінің негізі, қатынас құралы. Тіл болмаса, сөз болмайды. Сөз болмаса, адамзаттың тірлігінде мән-мағынасы болмайтыны белгілі. Демек, тілдің, сөздің орны ерекше. Міне, осы орайда ана тіліміз жайлы терең ойлану әрқайсысымыз үшін парыз. Жыл өткен сайын ана тіліміздің мәртебесі өсіп, абыройы арта түсуі қажет.

Тіл – халықтың жаны. Тіл құрыса, халық та жер бетінен жоғалады.

Қазақстан дамыған өркениетті елу елдің қатарына енгізетін біздің болашағымыз – бүгінгі жастар.  Олардың міндеті-елінің намысын қорғап, оны әлемге таныта білу. Әлемге таныту үшін әр жас өз елінің тарихын, тілін жетік білуі керек. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының тұрғылықты халқы- қазақ халқының ұлттық тілі.

Іс-қағаздарын қазақша жүргізу-пән ретінде жоғары және орта дәрежелі оқу орындарында оқытыла бастады. Мемлекетіміздің арқа сүйер болашақ мамандық иелерін іс-қағаздарын толтырудың мемлекеттік стандарттары мен толтыру әдістері, жазылу стилі, қызметі, мақсаты сияқты білім негіздерімен қаруландырып, қазақ тілінің қоғам дамуындағы рөлінің күшеюіне өз септігін тигізуі керек.

Тіл – тазалықтың, пәктіктің, имандылықтың жаршысы. Тіл – тәуелсіздігіміздің қуатты құралы, асыл ой мен парасат белгісі, елдігіміздің туы. Болашағымызды баянды етер қаруымыз – тіліміз!

Сахи Ғалым Болатбекұлы,

Жалағаш аудандық сотының

бас маман- сот отырысының хатышысы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: