Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

14°C

, Жексенбі, 03 қараша, 20:18

Өнімде өсім бар

15.10.2024

239

0

Ала жаздай атыз басында тер төккен диқандар күзгі науқанды да қорытындылады. Бүгінде еліміз бойынша егіннің 98 пайызы жиналып, 25,2 миллион тонна астық бастырылған. Орташа өнім әр гектардан 15,5 центнерді құрайды. Диқандар 1,2 миллион тонна қант қызылшасын жинамақ. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Сонымен қатар жем-шөп түрлерін де көптеп жинау жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәй­кес, егін егу және жинау науқанын қар­жыландыру көлемін ұлғайту шаралары қолға алынды. Биыл осы мақсатқа алғаш рет 5 пайыз мөлшерлемемен 580 миллиард теңге бөлінді. Қаржы шаруаларға субсидиясыз, тікелей беріледі. Бұл өткен жылмен салыс­тырғанда үш есе көп.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, келер жылы аталған бағыттағы қаржыландыру көлемін 900 м­лрд теңгеге дейін ұлғайту көзделген. Оның ішінде жеңілдетілген лизинг арқылы ауыл шаруашылығы техникасын алуға 200 млрд теңге бөлінеді. Төмен пайызбен бе­рі­летін несиені тиімді пайдаланып, сыбай­лас жемқорлық тәуекелдерін азайту үшін мем­лекеттік қолдау тетіктеріне өзгеріс енгізілді.
Елде биыл мал шаруашылығы да айтар­лықтай шираған. Мәселен, 9 айда 796 мың тоннадан астам ет өндірілді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,5 пайызға артық. Сүт өндіру көлемі 4,2 пайызға өсіп, 2,8 миллион тоннаны құраған.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өң­деуді дамытудың 2028 жылға дейінгі ке­шенді жоспары аясында кәсіпорындардың жүк­темесін ұлғайту және отандық өнімді өткізу нарықтарын кеңейту үшін тиісті ша­ралар қабылданып жатыр. Сүт, ет, күнбағыс, күріш, жүгері және қарақұмық өң­деуді 70 пайызға дейін жеткізу көзделген.
Министрліктің келер жылға да нақты жоспары айқын. Мәселен, алдағы уақытта егістіктерді жедел әртараптандыру жұмыс­тары жалғасады. Ол үшін суды көп шығын­дайтын және бір ғана дақыл түрі егілетін алқаптарды азайтып, көбірек пайда әкелетін өнім түрлерін өсіруге басымдық беріледі.
Айта кетейік, Жалағаш ауданы да биыл саланы толайым табыспен қорытындылады. Нәтижесінде аймақта «Үздік аудан» номи­на­циясын жеңіп алды. Аграрлық ауданда 37 218 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілсе, оның 19 800 гектары – күріш. Шаруашылықтар ала жаздай баптаған өнімін жинап алды. Күріштің әр гектарынан 60,5 центнерден өнім алып, қамбаға 1 197 900 центнер өнім жиналды.
Бүгінге дейін бидай, арпа, сұлы, қант құмайы, мақсары, картоп, көкөніс, бақша дақылдары толық жинап алынған. Тарқатып айтсақ, 129 гектар күздік бидайдың әр гектарынан 13, 770 гектар жаздық бидайдың әр гектарынан 9, центнерден, 665 гектар мақсарының әр гектарынан 8,7, 200 гектар қант құмайының әр гектарынан 41, 40 гектар арпаның әр гектарынан 8,2 центнерден өнім жиды. Мұнан бөлек 64 центнер сұлы, 33 276 центнер картоп, 195 центнер көкөніс, 299 650 бақша дақылдары жиналды. Қазіргі таңда күрішпен қатар жоңышқа жинау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде 4850 гектар жаңа жоңышқаның әр гектарынан 12,5 центнерден өнім алынуда. Сондай-ақ 8091 гектар ескі жоңышқаның 191 гектары тұқымға алынып, 7900 гектар жоңышқаның әр гектарынан 65,0 центнерден өнім алынды.
Аудан шаруашылықтары техника пар­кін жаңарту жұмыстарын үнемі жүргізіп ке­леді. Биыл 1670,6 млн теңгеге 26 ауыл шаруа­шылығы техникасын сатып алынды. Ал күзгі дала жұмыстарына 1027 ауыл шаруашылығы техникасы қатысқан. Оның ішінде 431 трактор, 249 комбайн, 124 жатка, 58 жүк көлігі, 165 трактор тіркемесі бар.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: