Сыбайлас жемқорлық – қоғамдағы барша адами, рухани тіпті мемлекеттік құндылықтарды құлдыратып, мемлекеттің дамуын бірнеше жылға артқа тартып, кейде тіпті құрдымға құлататын дүлей күшке ие. Сондықтан бүгінде тек мемлекеттік басқару құрылымдарында қызмет істейтін лауазымды тұлғалар ғана емес, әрбір Қазақстан азаматы адалдық, әділдік деген ұғымдарды қастерлей білуі тиіс. Әсіресе, мемлекет мүлкіне жанашырлықпен, аса жауапкершілікпен қарағаны жөн. Өйткені, мемлекет халықтан құралады. Ендеше, мемлекетке қарасты әрбір материалдық құндылықтар мен игіліктер де түптеп келгенде халықтың ортақ қазынасы болып саналады.
Бүгінде осы халық қазынасына заңсыз қол сұғушылардың қатары көбейіп келе жатқаны қынжылтады. Мемлекеттік басқару құрылымындағы лауазымды қызметкерлер өздеріне сеніп тапсырылған қызметті асыра пайдаланып, дәлірек айтсақ, жеке бас мүддесін көздеп, пара алу, жақын-жуығын, көз-қысты, бармақ бастылықпен қызметке орналастыру және олардың біліміне, біліктілігіне, қабілетіне сараламай қызметтік сатылармен көтермелеу секілді сан түрлі сыбайлас жемқорлық сипатындағы әрекеттері әшкере болып, заң жүзінде жазалынып та жатыр. Алайда, одан оң шығып жатқан нәтиже аз. Еліне жаны ашитын, сол елде көгеріп, көктеймін, ұрпағым өсіп-өнеді деген биік сенім, ұлы мұрат жолындағы тұлғалардың мемлекет мүлкін талан-таражға салуға азаматтық ары жібермейді. Өйткені, сыбайлас жемқорлықтың түпкі мақсаты – құлқыныңды қанағаттандыру үшін өз жеріңді, өз еліңді тонау, қсиетті отаныңа сатқындық жасау. Жемқорлық әрекеттерге барған кез-келген мемлекеттік қызметкер болсын, қатардағы азаматтар болсын, олар нағыз халықтың, мемлекеттің жауы. Мемлекеттің бір тиын болса да қаржысын қымқыру немесе бір жапырақ болса да мүлкіне шығын келтіру – ауыр қылмыс және оның соңы қоғамның моральдық тұрғыдан кері кетуіне, экономикалық өсімнің тежелуіне әкеліп соғады, әлеуметтік, саяси шиеленістер туындайды. Ал, мұндай мәселе туындаған кез-келген мемлекеттің болашағы бұлыңғыр тартады. Бұл біз үшін өте қорқынышты және қауіпті құбылыс.
Сондықтан әрбір лауазымды тұлға мемлекет меншігіндегі мүлікті, мемлекет қазынасындағы халық үшін жұмсалатын қаржыны сұқ қол, арам ниеттілерден қызғыштай қоруы тиіс. Сонда ғана біз мемелкет ретінде өркениетті елдердің қатарына қосылып, дамыған қоғамның өкілдеріне айналамыз.
Мадина ТҰРСЫНБАЕВА,
Жалағаш аудандық қазынашылық басқармасының бас маман бас-қазынашысы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!