Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-0°C

, Сәрсенбі, 13 қараша, 11:25

Қайраткер атын арқалаған мектеп

11.12.2022

359

0

Білім бар жерде өрлеу бар, өсу де бар, жетілу мен кемелдену де толастамақ емес. Бұл салада аянбай еңбек етіп келе жатқан аудан орталығындағы Темірбек Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейі ұжымы нәтижелі ісімен көпке үлгі болып жүр. Қай жылдың қорытындысын алып қарасақ та, аталған білім ошағында оң нәтиже, жүйелі жұмыс көп-ақ. Өйткені мектеп ұжымы бәсекеге қабілетті жастарды қалыптастыруда бар білім-білігін аямай, өз қызметтерін аса жауапкершілікпен атқарады.

Бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыруға күш салып жатқан білім ошағында білікті мамандар көп-ақ. Тіпті бір жылдары бірнеше рет еліміз бойынша үздік 100 мектептің қатарынан табылды. Қоғам қайраткері атындағы мектеп-лицейінде білім сапасына ерекше мән берілген. Ұстаздар еңбегінің нәтижесі болар, жыл сайын мектеп-лицейдің түлек­тері ҰБТ-дан жоғары нәтижеге қол жеткізіп жүр. Есімі елге танылған тұлға, туған жері мен халқына елеулі қызмет жасаған, саналы ғұмырында Қазақстандағы мәдениет, әдебиет, өнер саласының талантты ұйымдастырушыларының бірі, республиканың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, тағы басқа да абыройлы әрі жауапты қызметтерді атқарған Темірбек Жүргеновтың атын арқалаған білім ошағынан дарынды шәкірттердің көптеп шығуы заңдылық та болар. Туған елі мен жеріне адал қызмет етіп, оған қоса сан алуан тақырыпта қалам тербеп, оқырманын тапқан талантты азаматтың басшылық, ұйымдастырушылық, іскерлік қабілеттері көпке үлгі боларлықтай.

830 оқушы білім алатын мектеп-лицейде барлығы 107 мұғалім сабақ беріп, еліміздің келешегін қалыптастыру жолында тынымсыз еңбек етіп келеді. Солардың ішінде 16 білім-ғылым магистрі, 27 педагог-зерттеуші, 28 педагог-сарапшы, 22 модератор мәртебесін иеленген мұғалім бар және 1 мұғалім доктарантурада білімін жалғастырып жатыр. Сонымен бірге оқушыларға Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушылары дәріс береді. Олардың ішінде екі ғылым магистрі және бес ғылым кандидаты бар. «Білім өркениеті» ұлттық-иновациялық ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен өткен «Қазақстан Республикасы педагогтарының Алтын кітабы» республикалық байқауында мектептен үш мұғалім бірінші дәрежелі дипломмен және «Үздік педагог» төсбелгісімен марапатталды. Білім тұмасының көзі – бастауыш сыныпта. Бастауыш сыныпта білімнің іргетасы қаланады. Сол үшін аталған мектеп-лицейде бастауыш сынып мұғалімдеріне қойылатын талап күшті. Сондықтан бастауыш сынып мұғалімдері әр тоқсан сайын математика пәні және оқу-жазу сауаттылығы бойынша емтихан сынақ алып отыру дәстүрге айналыпты. педагогикалық ұжым да бұл жүйеге әбден қалыптасқан. Сондай-ақ мектепте жұмысқа келген жас маманнан да математика пәні бойынша емтихан алынады. Сынақтан сүрінбей өткен мұғалім ғана педагогикалық қызметін бастайды.

– Көбі мұғалімді білім беру жүйесінің тәртібі мен оқу бағдарламасының негізінде ғана жұмыс істейтін мамандық иесі деп түсінеді. Шын мәнінде мұғалім – қоғамның қозғаушы күші. Одан да анығырақ айтсақ, ағартушы ғана емес, адам санасын өзгерту арқылы қоғамды жаңартушы. Әрине ондай дәрежеге жету үшін көп тер төгуге, жүйке талшықтарының көбін «құрбан» етуге тура келеді. Бір мақтанарылығы, біздің мектебімізде осындай жанкешті мұғалімдер қызмет жасайды және олардың барлығы да ұстаз деген атқа лайық. Талап болған жерде нәтиже болады. Мектеп ұжымының педагогикалық құрамы іріктелген, барлығы да өз мамандығының нағыз иесі. Абырой мен бедел білім мен бірлік, ізденіс, талпыныс болған жерді төңіректейді, – дейді №123 мектеплицей директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Сәуле Құлманқұлова.

Мектеп-лицей оқушыларының бейімділігіне сәйкес өз таңдауы бойынша пәндік сыныптарда білім алу мүмкіндігі бар. Яғни жаратылыстану пәндері тереңдетіліп оқытылады. Оқушылар гуманитарлық пәндер бойынша да республикалық білім бәсекелерінде жүлдегер атанып жүр. Жуырда ғана мектеп-лицейге облыс орталығынан сүйінші жаңалық жетті. 11 сынып оқушысы Бақытжан Дамир Президенттік олимпиаданың облыстық кезеңінен екінші орын иеленіп, республикалық кезеңіне жолдама алыпты. Айта кету керек, оқушылардың физика, математика, химия және биология пәндері бойынша білім деңгейі сыналатын бұл аталған олимпиаданың республикалық кезеңінен екі жыл бұрын осы мекептің оқушысы Алдаберген Шұғыла бірінші орын иеленіп, облыстың абыройын асқақтатты. Қазір орта мектептердегі білім сапасының көрсеткіші – Ұлттық бірыңғай тестілеу. ҰБТ кезінде тек оқушылардың ғана емес, ұстаздардың да білім деңгейі сыналады. Алайда бұл білім ордасының оқушылары аталған сынаққа жүз пайыз қатысып және ең жоғары балл жинап келеді. Жыл сайын бірнеше «Алтын белгі» мен «Үздік аттестат» иегерлерін шығаруды мақсат қылған. Мектеп-лицейдің түлектері бүгінде еліміздің ең беделді жоғары оқу орындарының студенттері, тіпті бірнешеуі шет елдерде білім алып жатыр. Білімді, білікті ұстаздардың алдынан өткен жас мамандар жоғары лауазымды қызметтер атқарып келеді. Қандай мамандық иесінің де нәтижелі жетістікке жетуі үлкен абырой. Бірақ сол жолда өлшеусіз тер төгіледі. Соның ішінде ұстаздардың еңбегін ерекше айтуға тиіспіз. Мектеп-лицейдің мұғалімдерінен оқушыға заманға сай сапалы білім мен ұлтымызға тән тәрбие берудің қағидаларын бұзбау мектеп директоры тарапынан қатаң талап етіледі және бұл орайда ұстаздар әр баланы бөлежарып қарайтын ала-құла көзқарастан ада. «Көтерме баға» деген жоқ. Бұл жайында мұғалімдердің де пікірін білдік.

– Әрине зерек, алғыр оқушының екінші тынысын ашу үшін немесе сабаққа деген ынтасы мен үлгерімі төмендеп бара жатқан баланың қызығушылығын оятып, алға талпындырып отыру үшін көтермелеу де керек. Бірақ оны орынсыз мақтаумен немесе көтерме бағамен емес, сөз жүзінде іске асыруға тиіспіз. Бұл жерде баланы мүсіркеу немесе дауыс көтеріп, тұқырту ешқандай нәтиже бермейді. Ондайда керісінше оқушының қабілетін жоғалтып аламыз. Бұл әрине әр мұғалімнің біліктілігі мен тәжірибесіне байланысты. Ең бастысы оқушының алдында ұстаздың болмысы сақталуы керек. Алдында ұрыспай-ақ, ұрмайақ «балаға үйретуден жалықпайтын» шын ұстаздың тұрғанын сезінген оқушының сабақ үлгерімі нашарлауы мүмкін емес, – дейді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Салтанат Қосжанова.

Осы тұста тоқтала кеткеніміз жөн, Салтанат – таяуда ғана Оқуағарту министрлігінің бұйрығымен Қазақстанның барлық мектептеріне міндетті пән ретінде енгізілген «Абайтану» оқулығын жазған үш автордың бірі. Бұл – мектеп-лицей үшін емес, ауданымыз, тіпті облысымыз үшін зор мақтаныш. Биылғы жаңа оқу жылында пәндер бойынша өткен мұғалімдер съезіне мектеп-лицейден 3 мұғалім делегат болып қатысты. Сондай-ақ биыл 16 тамызда өткен облыстық гуманитарлық пәндер секциясында Салтанат Қосжанова, Дархан Илясов, Манат Маханбетова және Гүлдана Қайыпова сынды ұстаздар өз пәндері бойынша жұмыстарын көрсетті. Мектеп-лицейдегі оқу үдерісі жыл сайын жетіліп, жаңарып келеді. Мектеп директоры Ләйла Шөменованың тікелей ықпалымен өзі басшылық жасап отырған білім ордасына заманауи білім-ғылыммен қаруланған нағыз педагогтар жасақталған және олардың қатары жылда жас мамандармен толығып отырады. Бұл мектеп-лицейде барлық пәннен өтетін облыстық, республикалық, халықаралық сайыстарда жүлделі орындар иеленіп, ауданның, тіпті облыстың абыройын көтеріп жүрген мұғалімдер мен оқушылар жетерлік. Мәселен, халықаралық «Кенгуру» математикалық олимпиадасында республика бойынша үздік нәтиже көрсеткен санаулы жүлдегерлердің ішінде аталған мектеп-лицейдің оқушылары да бар және жеңімпаздарға халықаралық математикалық лагерлерге жолдама берілді. Олар Италия, Румыния, Польша, Болгария және Өзбекстан мемлекеттерінде болып, дүниенің төрт бұрышынан жиналған үздіктермен бірге түрлі шараларға қатысып, өздерінің білімін дәлелдеп қайтты.

Біз мектептің тыныс-тіршілігімен, мұғалімдердің жұмысымен танысу барысында жеткен жетістіктерінің де аз еместігін байқадық. Бұған дейінгі жетістіктерін айтпағанның өзінде соңғы екі-үш жылдан бері мектеп ұжымы талай биікті бағындырған екен. Ерекше атап өтетін жетістіктердің қатарында облыстық білім басқармасы және облыстық кәсіподақ ұйымымен бірлескен «Үздік әлеуметтік әріптес – 2020» номинациясын 5 жыл қатарынан иеленгенін, жыл сайын білім саласындағы жетістіктері үшін берілетін аудан әкімінің «Үздік білім беру ұйымы» номинациясына ие болып жүргенін айтуға болады. «Мұғалім – мектептің жүрегі» демекші, осы тұста ұстаздар қауымының да бағындырған биіктерін атап өтпеу мүмкін емес шығар. Мәселен, өткен жылы IV Халықаралық математика, физика, информатика пәндері мұғалімдерінің олимпиадасында математика пәнінің мұғалімі Нұрмахатов Ғалымжан ІІІ орынды, мектеп директорының ғылыми-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары Гүлайым Пірманова өскелең ұрпаққа білім мен тәрбие беруде қосқан үлесі үшін ҚР Білім және ғылым министрінің «Құрмет грамотасын», орыс тілі мен орыс әдебиеті пәні мұғалімі Рысбаева Ләззат тәуелсіз Қазақстанның рухани және  әлеуметтік дамуы жолында білім беру жүйесін дамытуға  және білім беру сапасын арттыруға қосқан үлесі үшін ҚР білім және ғылым министрінің «Құрмет грамотасын», мектеп-лицей директорының бастауыш сыныптар жөніндегі орынбасары Мұнарбаева Гүлжазира білім беру жүйесін дамытуға  қосқан зор жеке үлесі үшін ҚР білім және ғылым министрінің «Құрмет грамотасын» алса, биология пәні мұғалімі  Тулегенова Ғайни 2019 жылы «Үздік авторлық бағдарлама – 2019» байқауының облыстық кезеңінде ІІІ орын, республикалық кезеңінде І дәрежелі дипломмен, шығармашыл мұғалімдердің облыстық тәжірибе алаңы аясында «STEM оқыту-интеграция негізі» тақырыбындағы кәсіби байқауында жүлделі ІІ орын, Daryn.onlain білім беру платформасы мен Qaztest.kz олимпиада сайты бірлесіп ұйымдастырған республикалық пәндік олимпиадасында биология пәні бойынша ІІ орын, Қызылорда облысы көлемінде ұстаздар арасында өткізілген «Ұстаздар есірткіге қарсы!» байқауында жүлделі І орынмен марапатталған. Сонымен қатар қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Жақан Айда 2019 жылы «Қобыланды батыр» жырын жатқа айтудан «Qazaq Epos» республикалық ағарту жобасына қатысып, «Тұлпар мініп, ту алған» байқауында ІІІ орынды, ағылшын тілі пәні мұғалімі Искакова Айкерим «Дарынды оқушылардың қабілетін айқындау, дамыту» жобасы аясында өткен «Қазақстан педагогтарының Алтын кітабы» атты республикалық байқауда І дәрежелі дипломды, «Жыл таңдауы – 2019» облыстық байқауында Креативті ұстаз номинациясын, «Үздік кәсіподақ көшбасшысы – 2019» облыстық байқауында ІІ орынды, «Табысты мұғалім академиясы» облыстық педагогикалық байқауында І дәрежелі дипломды, «Үздік химия пәні мұғалімі – 2020» облыстық байқауында мектеп мұғалімі Қартпамбет Ақбота ІІ орынды, «Үздік сынып жетекші – 2020» облыстық байқауында Пайзрахманова Нұрсұлу І орынды, орыс тілі мен орыс әдебиеті пәні мұғалімі Маханбетова Манат «Үздік орыс тілі әдебиеті пәнінің мұғалімі – 2018» облыстық байқауында І орынды алса, сонымен бірге ағылшын пәні мұғалімі Алиева Гүлжанат   тәуелсіз еліміздің болашағы жас ұрпаққа сапалы білім беру мен тәлімді тәрбие берудегі табысты жұмыстарымен үлгілі шығармашылық ізденістері үшін Құрмет грамотасымен, ағылшын пәні мұғалімі Каипова Гүлдана «Педагогикалық идеялар панорамасы» республикалық байқауының облыстық кезеңінде «Ағылшын пәні мұғалімі» аталымы бойынша ІІІ орынды, ағылшын тілі пәні мұғалімі Намурадин Айсана «Жыл волонтеры» облыстық сыйлығының «Волонтерлық қызметті дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясын, 2019 жылы орыс тілі мен орыс әдебиеті пәні мұғалімі Орынбаева Сандуғаш  шығармашыл мұғалімдердің облыстық тәжірибе алаңы аясында өткізілген «Кәсіби көрме»  байқауынан ІІІ  дәрежелі дипломды, 2020 жылы Daryn.online  білім беру платформасы мен  Qaztest.kz  олимпиадасынан  ІІ Дәрежелі дипломды, қашықтықтан оқыту мәселесі бойынша білім саласындағы  жаңа бастамаларды қолдап, жаңа форматтағы заманауи бейнесабақтар дайындап, оларды республика көлемінде таратуға зор үлес қосқаны үшін Құрмет  грамотасын иеленді. Мектеп мұғалімдері жетістігінің тізбегін жалғаған көркем еңбек пәнінің мұғалімі Мырзалиев Әлішер «Үздік көркем еңбек пәні мұғалімі – 2020» байқауының облыстық кезеңінде І орынды, 2017 жылы география пәні мұғалімі Әбілқасым Мадина «Білім көзі» педогогикалық ғылыми-әдістемелік орталығы үйымдастырған «Білім беру үдерісіндегі тың жаңалықтарды игерудің әдістемелері» атты қашықтан ұйымдастырылған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға ғылыми жұмысын ұсынып, белсенді қатысқаны үшін арнайы дипломды,  биология пәні мұғалімі Пазылбекова Перизат облысымыздың жалпы орта білім беру ұйымдарының жоғары сынып оқушылары және жоғары оқу орындары мен колледж студенттерінің арасында өткізілген I-Vent инновациялық және бизнес жобаларының форумына оқушыны жоғары дәрежеде әзірлегені үшін алғыс хат алған. Бұдан бөлек, музыка пәні мұғалімі Шалқымаева Венера «Үздік музыка пәні мұғалімі – 2020» аудандық байқауда ІІ орынмен, география пәні мұғалімі Зарлықова Лена «Үздік география пәні мұғалімі – 2020» облыстық байқауда ІІІ орынмен және қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Серік Жасұлан «Тәуелсіздік – маңдайдағы бағым бұл» атты облыстық жазба ақындар мүшәйрасында кестелі ой өрнегімен ерекшеленгені үшін Бас жүлде және 50000 сыйақымен марапатталып, білім беру орнының абыройын тағы бір асқақтатты.

Біздің аудан білім саласына келгенде ауыз толтырып айтарлықтай, көпке мақтанарлықтай жетістікке жетті. Жыл сайынғы сынама тесттің нәтижесімен, республикалық, қала берді халықаралық білім бәйгелерінде топ жарып жүрген талапты шәкірттерімен қашан да алдыңғы қатардан көрініп келеді. Осындай қарқынмен, қабілетпен, жүйелі жұмыс, жан-жақты ізденіс толастамаса бұл саланың кенжелеп қалмайтыны анық.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: