Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

2°C

, Бейсенбі, 05 желтоқсан, 18:58

Қазақстанда ақпан айынан бастап не өзгереді?

01.02.2024

490

0

Ақпан айында қазақстандықтарды біршама өзгеріс күтіп тұр. Толығырақ Sputnik Қазақстан материалынан оқыңыз.

1-сынып оқушылары демалады

Осы айда бүкіл республика бойынша 1-сынып оқушыларына қосымша қысқы демалыс беріледі. Бүлдіршіндер 5 мен 11 ақпан аралығында демалады.

Осылайша 2023-2024 оқу жылында бірінші сынып оқушылары 33 апта, 2-11 (12) сыныптар 34 апта оқиды.

Айта кетері, мектептерде үшінші тоқсан 8 қаңтарда басталды. Ол 10 оқу аптасынан тұрады.

«Елорда жастары» бағдарламасына өтінім қабылдау

Бүгін, 1 ақпан сағат 09.00-ден бастап «Елорда жастары» тұрғын үй бағдарламасына қатысуға өтінім қабылданады. Науқан 6 ақпан сағат 23.59-ға дейін созылады.

Астаналықтар өтінімді электронды түрде birge.astana.kz порталы арқылы береді.

Елорда жастары Отбасы банк арқылы қаладағы жаңа және қолданыстағы пәтерді сатып ала алады. Банк барлығы 80 несие береді.

Бағдарлама шарттары:

қарыздың ең жоғары сомасы – 18 млн теңге;

бастапқы жарна – 10%;

қарыз бойынша мөлшерлеме –жылдық 5%;

несиелеу мерзімі – 25 жылға дейін.

Өтінім 35 жасқа толмаған азаматтардан қабылданады.

Толығырақ мына жерден біле аласыз.

Балалардың шотына Ұлттық қордан ақша түседі

Ақпан айында кәмелетке толмаған балалардың арнайы жинақтаушы шотына Ұлттық қордың табысы түсе бастайды.

Ата-аналар egov.kz-та жеке кабинетіне кіріп, шоттағы соманы көре алады. Сондай-ақ enpf.kz ресми сайтынан да білуге мүмкіндік бар.

«Ұлттық қор – балалар» бағдарламасына 18 жасқа толмаған, яғни 2006 жылы және одан кейін туған балалар қатысады. Бұл ретте кәмелетке толмаған бала міндетті түрде Қазақстан азаматы болуға тиіс.

Ақшаны 18 жасқа толған соң ғана алуға рұқсат етіледі.

Алдын ала есептеулер бойынша 18 жыл ішінде баланың арнайы шотында 3,5 – 4 мың доллар жиналады. Ал биыл 18 жасқа толған азаматтардың шотына небәрі 160-170 доллар аударылады деген болжам бар.

«Ұлттық қор – балаларға» жобасы туралы көпті мазалаған сұрақтардың жауабын мына сілтемеге өтіп таба аласыз.

Енді «AQYL» депозитін Отбасы банктен де ашуға болады

Биылдан бастап «AQYL» мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне Отбасы банк те қатысады.

Баласының оқуына ақша жинағысы келетін қазақстандықтар «AQYL» депозитін 1 ақпаннан бастап Отбасы банктен де аша алады.

Бұл депозиттің мақсаты – азаматтардың өз біліміне немесе балаларының біліміне қаражат жинау. Осы депозиттің көмегімен отандық немесе шетелдік жоғары оқу орындарында оқу ақысын төлеуге болады.

«AQYL» білім беру жинақтау салымы кемінде 3 жыл немесе 5 жыл мерзімге ашылады. Егер депозит кемінде үш жылға ашылса, онда депозит бойынша ставка жылдық 12% болады. Егер депозит кемінде 5 жыл мерзімге ашылса, онда депозит бойынша мөлшерлеме 9,5%-ке тең.

Депозитті ашқан кезде ата-аналар міндетті түрде бірден 11 076 теңге салуы керек. Өйткені міндетті бастапқы жарнаның мөлшері – 3 АЕК.

Елімізде «AQYL» мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі 2013 жылдан бастап енгізілді. Қазір жүйеге екінші деңгейлі төрт банк қатысады.

Көкөніс арзанға сатыла бастайды

Ақпан айында өңірлердегі тұрақтандыру қорындағы көкөніс қолжетімді бағамен сатыла бастайды. Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин әлеуметтік азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру жөніндегі кеңесте осындай тапсырма берген болатын.

Сондай-ақ халықты арзан көкөніспен барынша қамту үшін өңірлерде жәрмеңкелер ұйымдастырылады.

Мал экспортына квота

Ауыл шаруашылығы министрлігі 1 ақпаннан бастап бұқашықтарды Қазақстаннан, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне экспорттауға квоталарды жаңартты. Құжат алты ай бойы жарамды болады.

12 айдан асқан бұқашықтардың экспортына белгіленген лимит 60 мың басты құрайды:

бордақылау алаңдары үшін – 30 мың бас;

тауар өндірушілер үшін – 30 мың бас.

Сондай-ақ алты айдан асқан қозылардың экспорт лимиті 120 мың бас мөлшерінде белгіленді:

бордақылау алаңдары үшін – 30 мың бас;

тауар өндірушілер үшін – 90 мың бас.

Квоталар «Е-лицензиялау» порталы арқылы бөлінеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: