Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

27°C

, Сейсенбі, 16 тамыз, 21:41

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің түлектері диплом алды

15.07.2022

139

0

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде 13-14 шілде күндері бітіруші түлектерге салтанатты түрде диплом табыстау шарасы өтті.

Сыр еліндегі ғылым мен білімнің қарашаңырағы, сексен бес жылдық тарихы бар оқу орнында қазір 8 мыңға жуық білім алушы бар.

Биыл университетті Гуманитарлық-педагогикалық институты, Жаратылыстану институты, Экономика және құқық институты, Дәстүрлі өнер институты, Инженерлі-технологиялық институты бойынша 2159 түлек бітіріп, оның 200-ге жуығы үздік диплом иеленді.

Салтанатты жиынға Басқарма Төрағасы – ректор Бейбіткүл Кәрімова қатысып, түлектерге сәттілік тіледі.

– Ғылым мен технологияның дамуы қоғамда жаңа мамандық иелеріне сұраныс туғызуда. Сондықтан елімізге қажетті маман даярлау ісіне басымдық берудеміз. Білім алушылардың мықты маман, жан-жақты тұлға болып қалыптасуы ерекше назарда. Университетте ғылым саласын дамыту, жас ғалымдарды қолдау жұмыстары кең қанат жайды. Ғылыми зерттеу жұмысын жалпы қаржыландыру көлемі 20%-ға өсті.

Биыл Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетін 2159 түлек бітіруде. Біз үшін әр шәкірттің өмірден өз орнын тауып, сапалы маман атануы өте маңызды, – деді Бейбіткүл Сәрсемханқызы.

Жиында «Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазы, университет түлегі  Мақсат Исағабыловқа «Қорқыт ата атындағы Алтын медаль» табысталды. Сыр елінің абыройын асқақтатқан Мақсат Исағабылов – университет мақтанышы.

Сондай-ақ, салтанатты шарада білім сыналатын байқаулар мен қоғамдық шараларға белсене қатысып, оқу орнының мақтанышына айналған түлектер университет ректорының алғыс хатымен марапатталды.

Осы кезге дейін мыңдаған түлектің жарқын болашағына жолдама берген Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті еліміз бойынша үздік университеттердің қатарында. Қазақстанның үздік көпбейінді жоғары оқу орындарының рейтингісінде 7-ші орында.

Жыл сайын университетті таңдайтындар саны да артып келеді. 2019-2020 оқу жылында оқу жылында жалпы білім алушылар саны 5 мыңды құраған, осы оқу жылында 8 мыңға жетті. Оның ішінде грант негізінде білім алатындар саны 2500-ге көбейді.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде 62 бакалавр, 36 магистратура және 13 докторантура білім беру бағдарламалары бойынша мамандар даярланады.

Оқу орны 170 шетелдік университетпен ынтымақтастық байланыс орнатқан. Бүгінде білім алушылар «Академиялық ұтқырлық», «Қос диплом» бағдарламасы бойынша АҚШ, Түркия, Польша, Бельгия, Словакия және отандық оқу орындарында білім алып, тәжірибе жинақтауда. Соңғы үш жылда «Ішкі академиялық ұтқырлық» бағдарламасы арқылы 200-ге жуық студент білім алды.

Салтанатты жиынға облыс әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Байманов, қала әкімінің орынбасары Ақзира Қасымова, Қызылорда облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің директоры Ғалия Дәулетова, техника ғылымдарының докторы, профессор Қылышбай Бисенов, ауыр атлетикадан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері Илья Ильин, «Қазақстан барысы-2022» республикалық турнирінің жеңімпазы Мақсат Исағабылов және университеттің профессор-оқытушылары мен ата-аналар қатысты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: