Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі азаматтық қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру, аудандағы табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жоюда нәтижелі еңбек етуде. Азаматтық қорғанысты ұйымдастыру және өрт қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету де бұл ұжымның күн тәртібінен түскен емес. Былтыр ауданда қанша төтенше жағдай болды, одан қанша шығын келді, жалпы төтенше жағдайлардың көбеюіне қандай жағдайлар себеп болуда? Осы және өзге де бірқатар сауалымыздың түйінін тарқату үшін бөлім басшысы Еркін Назарқұловпен сұхбаттастық…
– Еркін Есетұлы, жалпы былтыр ауданда қанша төтенше жағдай болды?
– Былтыр Жалағаш ауданы аумағында барлығы 21 төтенше жағдай тіркелді. Оның 3-еуі табиғи сипаттағы төтенше жағдайға жатады, яғни 3 орман өрті және 18 (өрт) техногенді сипаттағы төтенше жағдай орын алып отыр. 2023 жылы дәл осындай 48 жағдай тіркелген. Оның ішінде техногенді 38 (38 өрт, 1 көліктегі жағдай), табиғи 8 (1 суға кету оқиғасы, 2 метереологиялық қауіпті құбылыс (шатыр ұшу, 7 орман өрті) орын алған еді. Былтыр мұндай жағдайлар 53,3 пайызға азайды. Орын алған төтенше жағдайлардың барлығы да уақытылы жойылды. Аудан төңірегінде орын алған төтенше жағдайлардың салдарынан 1 адам қаза тауып, 1 адам жарақат алды.
– Жалпы бізде төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөнінде арнайы комиссия бар ма, болса онда қандай мәселелер қаралды? Жалпы аудан төңірегіндегі төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда бұл құрамның салмағы бар ма?
– 2024 жылға арналған аудандық төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссияның жұмыс жоспарын аудан әкімі бекіткен еді. Былтыр 5 рет комиссия отырысы өткізілді, оның 4-еуі кезекті, 1 кезектен тыс өтті. Қаралған мәселелер бойынша жиналыс хаттамасы жасалып, нақты шаралар белгіленіп, орындаушылар бекітілген. Жыл көлемінде 16 өзекті мәселе қаралып, 45 жауапты тұлғаға тапсырмалар берілген. Тиісті тапсырмалардың барлығы уақытында орындалды. Бұл кеңес аудан төңірегінде төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда өз жемісін берді деп айта аламын.
– Жалпы тілсіз жаудың алдын алуда профилактикалық шаралар жүргенімен көбіне өрт оқиғалары қайталанып жатады. Сіздер жалпы аудан төңірегіндегі нысандардың өртке қарсы арнайы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуін, өртке себеп болатын ескі құрылғылардың уақытылы ауысуына бақылау жасайсыздар ма?
– Жалағаш ауданы бойынша барлығы 429 нысан есепке алынған. Оның ішінде жоғары тәуекел дережелі 79, орта тәуекел дережелі 10, төмен тәуекел дәрежесі бойынша 340 нысан бар. Былтыр жоспарлы өрт қауіпсіздігі саласы бойынша тексеруге 13 нысан жоспарланды, бұл өткен жылдың алғашқы алты айлығының еншісіндегі жұмыстарға жатады. Оның 9-ы білім саласы, 1 орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі және 1 аудандық оқшау сумен жабдықтау жүйелерін пайдаланушы өндірістік бөлімшесі болатын. Сонымен қатар аудан прокуратурасының талабына сәйкес 20 мектеп, 1 зертхана, 10 мемлекеттік балабақша, 1 шағын орталық, 1 колледж, 23 жеке балабақша, 7 асхана қызметі бойынша мердігер кәсіпкерлер де тексерілді. Ал ІІ жартыжылдықта жоспарлы өрт қауіпсіздігі саласы бойынша тексеруге 2 нысан жоспарланды, олар – «Кегог» электр желісі мекемесі және Жалағаш ауданының Қорғаныс істері жөніндегі бөлімі.
Жалпы былтыр 80 нысан тексерілді. Оның 15-і жоспарлы, 2-еуі жоспардан тыс. Аудан прокуратурасының талабына сәйкес жоспардан тыс 63 нысан тексерілді. Тексеру барысында өрт қауiпсiздiгi талаптарының 411 бұзу фактісі анықталды.
– Жалпы былтыр ауданда қанша өрт оқиғасы орын алды? Себеп-салдары қандай? Одан келген шығын көлемі қанша?
– 2024 жылы 21 өрт оқиғасы тіркелді. Оның ішінде нысандарда 1, автокөліктерде 3, тұрғын үй секторларында 14 өрт оқиғасы орын алса, мұнан бөлек 3 орман өрті тіркелді. 2023 жылмен салыстырсақ, өрт оқиғалары 2 есеге азайған, алайда бұған тоқмейілсуге тағы болмайды. Әріптестеріммен алдағы уақытта да мұндай төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюға нақты жұмыс жасаймыз.
Енді себеп салдарына келейік, 2023 жылы 6 әдейі өртеу жағдайы тіркелген. Былтыр мұндай жағдай тіркелген жоқ. Ал газ баллонының ақауынан былтыр бір жағдай орын алды. Мұнан бөлек жылыту пештің ақауынан 3 өрт оқиғасы орын алды. Алдыңғы жылы газ плита үстінде дайындап жатқан асты бақылаусыз қалдыру салдарынан 2 жағдай орын алған еді. Былтыр абырой болғанда мұндай салғырттыққа жол берілмеді. Кез келген төтенше жағдаймен күресуге дайынбыз, бірақ алдын алған тиімді екенін түсінетін уақыт жетті.
Мұнан бөлек электр сымдарының қысқаша тұйықталуы салдарынан 13 жағдай орын алды. Ашық от көзін қараусыз қалдырғаннан 1 жағдай тіркелді. Темекі тұқылын өшірмей тастаудың кесірінен 2 жағдай орын алды.
Мен мұның әрқайсысына не үшін тоқталып отырмын? Мақсат – қарапайым қауіпсіздік ережелеріне немқұрайлы қараудың соңы төтенше жағдайға алып келетінін ел білсін деген ой. Мысалы, жанып жатқан от көзінде асты ұмыт қалдыру деген енді барынша немқұрайлық қой. Өртті бақылаусыз тастап кететіндер де бар арамызда. Ал оның соңы неге алып келді? Бұл сауалдың жауабы айтпаса да түсінікті. Сондықтан мамандар мейлінше қауіпсіздік талаптарын сақтаса дейміз. Енді өрттен келген шығындарды талдасақ, былтыр тілсіз жаудың салдарынан 6 млн 137 мың теңге шығын келді.
– Жалпы мұндай салғырттыққа жаза бар ма, әлде тек түсіндірме жұмыстарын жүргізумен шектелесіздер ме?
– ҚР Әкімшілік құқық бұзушылык туралы кодексінің 410 бабы 1 бөліміне сәйкес өрт қауіпсіздігі ереже-талаптарын сақтамағаны үшін былтыр 12 жеке тұлғаға ескерту әкімшілік іс қозғалды. Осы кодекстің 367 бабына сәйкес 1 жеке тұлғаға 36 920 теңге айыппұл салынып және 410 бабының 3 бөлігіне сәйкес 1 заңды тұлғаға 36920 теңге салынып, барлығы өндірілді. 2023 жылы дәл осы заңның 367 бабына сәйкес 1 лауазымды тұлғаға 51 750 теңге айыппұл салынса, 410 бабының 3 бөлігіне сәйкес 1 заңды тұлғаға 34 500 теңге салынып, барлығы өңдірілді.
Былтыр нысанда 1 өрт оқиғасы тіркелді. Себеп электр сымдарының қысқаша тұйықталуы болып отыр. Тұрғын үй секторларында тіркелген өрттерді талдасақ, көбіне пештерді орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережесінің бұзылуы осындай жағдайларға әкеліп отыр. Жалпы орын алған өрттің басым бөлігі электр сымдарының қысқаша тұйықталуынан болып отыр.
Үй мен нысандарды, аула мен орманды былай қойғанда қазір автокөліктегі өрт оқиғасы да тіркеліп жатыр. Мәселен, былтыр дәл осындай үш жағдай тіркелген. Себеп тағы да сол, электр сымдарының қысқаша тұйықталуы төтенше жағдайға әкеліп отыр.
– Жалпы төтенше жағдайлардың алдын алуда профилактикалық шаралардың жемісі бар ма? Тұрғындар түсіндірме жұмыстарынан сабақ ала ма?
– Аудандық «Жалағаш жаршысы» газетіне осыған дейін төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша 62 мақала жарыққа шықты. Тарқатып айтсақ, оның ішінде өрт қауіпсіздігі бойынша 40, азаматтық қорғаныс бойынша 4, мұздағы қауіпсіздікті сақтауда 4, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда 4, азаматтық қорғаныс академиясы бойынша 1, басқа да 6 мақала жарық көрді. Ал суға шомылу маусымы кезіндегі қауіпсіздік шеңберінде 7 мақала жарияланды, Мұнан бөлек телеарна арқылы 4 рет қауіпсіздік шаралары бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргіздік.
Әлеуметтік желілерді де іске қосып жатырмыз. Мәселен, Қызылорда облысы ТЖД-ның әлеуметтік желісіне және ауданның «Facebook», «Instagram» парақшаларында 507 мақала жарық көрді. Сондай-ақ үй-үйді аралап та түсіндірме жұмыстарын күшейттік. Мәселен, осыған дейін төтенше жағдайлар бөлімі және №11 ӨСБ кезекшіліктен тыс жеке құраммен әр аптаның сенбі күндері жеке тұрғын секторда 4 228 тұрғын үйдің 21850 тұрғынына түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Ал нәтижесіне келсек, кейбір төтенше жағдайлар азайған, кейбіреуі сол қалпында, тіпті артқаны да жоқ емес.
– Бізде өртке қарсы су көздерінің жағдайы қалай? Олардың қаншасы жарамды? Жарамсызы қанша? Қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр ма?
– Жалағаш аудандық №11 ӨСБ-нің шығу ауданында барлығы 706 өрт гидранты орналасқан. Аудан орталығында 163 өрт гидранты бар, елді мекендерде 532 өрт гидранты және нысандарда 11-і бар. Оның ішінде 669 өрт гидранты жарамды, 37-сі жарамсыз. Қазіргі таңда қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
– Суға шомылу маусымында адам шығыны орын алмас үшін қандай шараларды қолға алдыңыздар? Білуімше, аудан төңірегінде әлі де шомылуға рұқсат етілген су айдыны жоқ. Енді бір тоқсаннан кейін жаз да келеді. Алдағы маусым қалай болмақ?
– Былтыр суға шомылу маусымында ешқандай адам шығыны тіркелген жоқ. 2023 жылы 3 қайғылы жағдай орын алған еді. Оның екеуі – бала. 2023 жылы 3 мамырда Мәдениет ауылының Мырзабай ахун мешітінің жанындағы фазендадан 2003 жылғы азаматтың жоғалып кеткені жөніңде хабарлама түскен. Хабарлама бойынша 4 мамырда ҚО ТЖД «ӨСжАҚЖҚ» ММ Жедел құтқару жасағы қызметкерлерімен «Қаракөл» көлінің жағасынан шамамен 5 метр қашықта 3 метр тереңдікте жоғалған баланың мәйіті табылды.
Дәл сол жылы 4 тамызда сағат 17:30 шамасында Таң ауылы Жаңақоныс елді мекені Жаңақоныс көшесі №25 үй тұрғыны 04.12.2015 жылы туған, Қызылорда қаласы Бектұрғанов көшесі 17/94 үй тұрғыны 07.04.2016 жылы туған екі азамат ауыл шетінде орналасқан «СК 14 Д» каналдың (ауылдан шамамен 300 метр жердегі ұзындығы – 10,9 шақырым, ені – 5 метр, тереңдігі – 1,5-2 метр) көпірінде ойнап жүрген кезінде бірінің аяғы тайып кетіп, суға құлап кеткен.
2023 жылы 1 қыркүйек жергілікті уақыт 10:48 шамасында Мәдениет ауылы Тобаев көшесі №15 тұрғын үйдің 26.06.1966 жылы туған тұрғыны 28.08.2023 жылы үйінен белгісіз бағытқа шығып қайта оралмаған. Іздестіру жұмыстары нәтижесінде 2023 жылы 1 қыркүйек 15 сағат 40 минут шамасында ауыл тұрғындарымен құрылған еріктілер ауыл маңындағы «Қорқытбай» суармалы каналынан оның мәйітін тапты.
– Рұқсат етілген су айдыны болмағасын бәрі қауіпті. Десе де көбіне қайғылы жағдайлар аудан төңірегіндегі қандай су айдындарында тіркелуде? Онда рейдтік шаралар немесе бақылау жұмыстары жүргізіле ме?
– Адамдар көбіне суға бататын жағдайлар Жалағаш кентінің маңынан өтетін Сырдария өзені көпірі мен үш ауылда болып отыр. Сол себепті негізгі жұмыстар осы аймақтарға басты назар аударылып жүргізілуде. Аудан әкімінің төрағалығымен өткен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссиясының кезекті отырысында шомылу маусымы кезінде қауіпсіздікті сақтау туралы тақырып талқыланды. Барлық жағдай пысықталып, тиісті шаралар қабылдау қажеттігі айтылды.
Жалағаш ауданының төтенше жағдайлар бөлімі, Жалағаш ауданы №11 өрт сөндіру бөлімдерінің кезекшіліктен бос қызметкерлері, еріктілер, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері мен жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп, күнделікті сағат 13:00-ден 21:00-ге дейін адамдардың белгіленбеген орындарда суға шомылуға қатаң тыйым салынатыны және мас күйінде шомылуға болмайтыны жөнінде түсіндіріліп, рейдтік шаралар жүргізілді. Былтыр осы бағыттағы жұмыстар жемісін беріп, абырой болғанда адам шығыны орын алған жоқ. Биыл да нақты жұмыстар атқарып, бақылауды күшейтеміз.
– Жалпы сіз айтып өткен Сырдария өзені қазір де қауіпті, мәселен, жаз айларында балалар үшін қауіп төндірсе, қазір сең жүретін уақыт. Кешегі сең жүру кезінде дария бақылаудан тыс қалған жоқ па? Бір сөзбен айтқанда, бүгінде тұрғындар үшін өзеннен келер қауіп бар ма?
– Аудан аумағынан Сырдария өзенінің 84,5 шақырымы өтеді. Оның бойында барлығы 96,5 шақырым қорғаныс бөгеті орналасқан. Оның ішінде оң жағалауында – 56, сол жағалауында – 40,5 шақырым. Сонымен қатар Қараөзек арнасының 48 шақырымы өтіп, онда 8,3 шақырым қорғаныс бөгеттері орналасқан. Қорғаныс бөгеттері Жалағаш кентінің Дәуімбай учаскесі, Ақсу, Мөрәлі Шәменов, Таң және Қаракеткен ауылдық округіне қарасты Далдабай елді мекендерін мол судан қорғау үшін салынған. Осы қорғаныс бөгеттері зерттеліп, қыс айларында мұз кептелісі орын алатын 13 учаскеге белгіленген. Атап айтқанда, Муса қайыры, Байбыхан, Әшірман түбегі, Ақшығанақ, Сырдария өзеніндегі автокөлік көпірі, Ақтерек, Тұрымбет, Қараиірім, Ошағанды, Тары Арық, Сәмитарна, Қосбөгет, Шөмен қайыры.
Кешеге дейін барлығын бақылауда ұстадық. Әлі де өзен деңгейі назарымызда. Су басу аймағында шамамен 70 мың гектар жер бар, оның ішінде 5300 гектар ауыл шаруашылығы жерлері, 100 шақырым электр және байланыс желілері, 50 шақырым темір жол, 50 шақырым автокөлік жолдары орналаскан. Су басу қаупі бар учаскелерден тұрғындарды көшіру үшін 4 эвакуациялық жинақтау, 10 эвакуациялық қабылдау бекетінің орны бекітілген.
– Жалпы сеңді аудан аумағынан өткізуге дайындық қалай болды? Жаңа «Бүгінде қауіп бар ма?» деген сауалымыздың түйіні толық тарқатылмады…
– Сырдария өзенімен мол су, сең жүруіне байланысты төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында былтыр өзен бойында кезекшілік кестесі бекітілді. Сырдария өзені бойындағы су алу қаупі туындағанда бірінші кезекте жұмылдырылатын 12 ЖШС мен ШҚ-дан 30 техника нақтыланды. Биыл 6 ақпанда «Көктем-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу өткізілді. Оған 244 адам, 61 техника жұмылдырылып, аудандық азаматтық қорғау қызметтері, ұйымдар, мекемелер, кәсiпорындар және авариялық-құтқару қызметтері күш-құралдарының дайындығы пысықталып, саптық қарау өткізілді. Сонымен қатар Жалағаш ауданы, Ақсу ауылындағы Сырдария өзенінде сең жүру кезінде мұз кептеліс әсерінен дария деңгейі көтеріліп, Ақсу ауылын су басу қаупі төнуіне байланысты практикалық оқу-жаттығу өткізілді. Қазір айтарлықтай қауіп жоқ.
– Еркін Есетұлы, жаман айтпай жақсы жоқ, егер табиғи төтенше жағдай туындай қалған жағдайда материалдық-техникалық жағынан дайынсыздар ма?
– Ауданның материалдық-техникалық қоры жеткілікті. Төтенше жағдайлардың алдын алу мен жоюға аудан бюджетінің шұғыл шығындар резервіне биылға 41 млн 225 мың теңге қаралды. Оған 8 мың қап, 900 литр бензин, 3,2 тонна дизель отыны, мың бау қамыс, 1200 қада, мың сабан пресс, азық-түлік және басқа да қажетті қорларды қамтамасыз ету мақсатында кәсіпкерлермен келісім-шарт жасалды.
Төтенше жағдай туындағанда тұрғындарды құлақтандыру үшін аудан бойынша 6 құлақтандыру қондырғысы орналасқан. Атап айтқанда, Жалағаш кентінде 3 сирена (Қазақтелеком, аудандық емхана мекемесінде, №202 орта мектебі) және ауылдық округтер бойынша 3 құлақтандыру жүйесі (Таң ауылдық округіндегі №118 орта мектеп, М.Шәменов ауылдық округіндегі Мәдениет үйі, Қаракеткен ауылдық округінің Далдабай елді мекеніндегі ауыз су ғимараты) жұмыс атқаруда. Сонымен қатар БАО-600 құлақтандыру құрылғысы кент және барлық елді мекендерге орнатылған.
– Жалпы сең жүру кезінде бізде қандай елді мекендер қауіпті және онда қанша халық бар?
– Сең жүру кезінде өзен бойында орналасқан барлық елді мекен қауіпті. Аудандағы су қауіптілігі қатты сезілетін аймақтарда 1072 үй, 5367 халық тұрады. Олардың иелігінде 22 628 төрт түлік бар. Мал шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтардың су басу аймағына жақын орналаспауын, яғни жер телімін қауіпті аймақтардан бермеу бойынша аудан әкіміне ұсыныс жолданған.
Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, №11 өрт сөндіру бөлімі, аудандық полиция бөлімі, жергілікті атқарушы органдар қызметкерлері және еріктілермен бірлесіп Сырдария өзені жағалауында орналасқан шаруа қожалықтар мен тұрғындарға малдарын және т.б заттарын қауіпсіз аймаққа көшіру үшін шаруа қожалықтың басшыларына және азаматтарға түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, ескерту хаттары таратылды. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің ұйымдастыруымен 20 мектепте судағы (мұздағы) қауіпсіздіктің алдын алу мақсатында қыс-көктемде су тасқыны туындаған жағдайда іс-әрекеттер бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда «Жалағашсушар» ӨУ бөлімінен өзендегі судың деңгейі мен ауа райы туралы ақпараттар күнделікті алынып, жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп, Сырдария өзеніне мониторинг жұмыстары күнделікті дронмен жүргізілуде. Қорытындысы күнделікті ТЖААБ және ТЖД кезекшісіне күнделікті жолдануда.
Биыл 24 ақпан сағат 14.00-де сең Жалағаш ауданының территориясына кіріп, 27 ақпанда 18.00-де өзеннің аудан аумағындағы бөлігі толық мұздан тазартылған. Сондықтан 2024-2025 жылдардағы су тасқыны қауіпті кезеніңде су басу оқиғалары тіркелген жоқ.
– Еркін Есетұлы, жжылдың төрт мезгілінде де жұмыстарыңыз қауырт екен екенін жақсы білеміз. Сонда да уақыт тауып, сұхбат бергеніңізге рақмет!
Әңгімелескен
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!