Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

11°C

, Жұма, 29 наурыз, 14:22

Саланы дамытуға басымдық берілуде

09.02.2021

251

0

Елдегі ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығы мен егін шаруашылығын негізгі өндіріс саласы деуге болады. Халқымыз «Жер – жомарт, жерге сенген ел – жомарт, еңбек еткен ер – жомарт» деген. Жыл сайынғы егіннен өндірілген өнімнің жоспарға сәйкес, кейде тіпті одан да көп орындалуы облыс бойынша үздіктердің қатарынан көрінуімізге мүмкіндік беруде. Ауданымыз ауыл шаруашылығының барлық саласы бойынша жоғары жетістіктерге қол жеткізіп, облыста «Үздік аудан» атанды. Әрине мұндай нәтижеге өнімнің жоғары шығымдылығы мен диқан қауымының тынымсыз еңбегінің арқасында қол жеткіздік.

Жалағаштық диқандар табандылық пен маңдай тердің арқасында егіннен мол өнім алып, аудан абыройын асқақтатып келеді. Еңбеккерлер қауымы бүгінгі заман талабына сай, мықты әрі тиімді шаруаны жүргізіп, жоғарғы белестерді мойындатудың үлгісін көрсетіп келеді. Биылдың өзінде ауданда 36731 гектар алқапқа егін егілді. Соның ішінде күріш 21600 гектарға себілді. Сонымен қатар жаздық бидай 507, мақсары 1757, жаңа жоңышқа 3715, ескі жоңышқа 6452, картоп 500, көкөнiс 1000, бақша дақылдары 1200 гектар алқапқа егіліп, күтімге алынды. Мемлекет тарапынан берілетін көмек те шаруашылықтардың жұмысын ширатуына қолдау. Бұл ретте «Агрохолдинг Қызылорда» ЖШС жұмысын алға тартуға болады. Аудандағы күріш саласының ірі кәсіпорыны саналатын мекеме 22 шаруашылықпен келісім шарт жасасып, саланың дамуына айтарлықтай септігін тигізді.

Облыс бойынша егілетін күріштің үштен біріне жуығын өндіретін Жалағашта мал шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Кәсіпкерлер көшпелі қазақ тұрмысынан бастап күні бүгінге дейін жалғасқан ата кәсіптің бұл түрінің де көкжиегін кеңейтуде. Ата-бабамыз төрт түлікті қастерлегені сонша жайлаудан күзеуге, одан қыстауға көшіп, малдың қоңды, төлді болуына жағдай жасаған. Ауыл шаруашылығының бір саласы мал басын көбейту, ірілендіру мен асылдандыру саланың дамуына айтарлықтай үлес қосуда. Ауданымызда мал басын арттыру мақсатында шаруа қожалықтар мемлекет ұсынған бағдарламаларды тиімді пайда­ланып келеді. Осының нәтижесінде мал шаруашылығы өнімі бойынша есепті мерзімде ет өндіру 1,2 пайызға, сүт өндіру 0,9 пайызға, жұмыртқа 1,6 пайызға артып отыр. Өткен жылы мал шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтар 77,6 млн теңге көлемінде субсидия алып, кәсіптерін жандандырды. Сонымен бірге былтыр ауданда ауыл шаруашылығы саласында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысында 3 жоба іске қосылды. Олардың қатарында кенттегі «АгроХимСервис» ЖШС-ның минералдық тыңайтқыштарды өңдеу зауыты, Жалағаш кентіндегі қуаттылығы тәулігіне 60 тоннаны ақтайтын «Қарабура Ата-1» ФҚ-ның күріш ақтау зауыты, «Толғанай» жеке кәсіпкерлігінің «МІҚ малын бордақылау алаңы» бар.

Биыл да аудан бойынша 36 750 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарлануда. Оның ішінде 20 мың гектардан астамы күріш дақылы болмақ.

Айта кетейік, аудан әкімі Асылбек Шаменов кешегі тұрғындар алдындағы есебінде азық-түлік өнімдерінің бағалары да ерекше бақылауда болатынын, олардың бағасын реттеу бағытында «Ақниет» сауда дүкені жанынан әлеуметтік бұрыш ашылып, халық ең көп тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлері 10-15 пайызға арзандатылған бағада сатылып жатқанынан хабардар етті.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: