Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

22°C

, Сенбі, 27 шiлде, 06:15

Серпін қалыптасқан сала

06.12.2022

535

0

Иә, Жалағашта қарқынды дамыған салалардың бірі де бірегейі – спорт. Оны ешкімнің жоққа шығара амасы хақ. Әсіресе соңғы жылдары ауданда сала саңлақтары үлкен додаларда топ жаруды дәстүрге айналдырды. Бірін басылымға жариялап болып жатсаң, екіншісі жүлдемен оралып жатады. Міне, мұның бәрі – бірінші, салаға көрсетілген қодаудың нәтижесі. Онан кейін сол қолдауды шын сезініп еңбек еткен қызметкерлер мен бапкерлердің жемісті еңбегінің арқасы. Әрине, бұл жолда үлкен ізденісте болған саңлақтардың орны бөлек.

Жуырда аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Жамалатовпен жүздестік. Аудан бойынша спорт саласында атқарылған жұмыстар төңріегінде өрбіді екеуара диалогымыз. Бөлім басшысының аузын бақсақ, салаға серпін беруде біршама жұмыс жасалыпты.

2022 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша ауданда 156 спорттық материалдық-техникалық база тіркелген. Оның ішінде 1500 орындық 1 стадион, Дәуімбай елді мекенінде орналасқан 1 жабық бассейн, 29 спорт зал, 95 жазық алаң, (1 спорттық ядро, 87 спорттық алаңдар, 7 футбол алаңы), 9 ату тирі, 14 ыңғайластырылған спорт бөлмесі бар екен.

Жалпы ауданның спорт саласында жоғары білікті спортшылар және спорт резервін әзірлеу бағытында №13 олимпиадалық резервтік мамандандырылған балалар жасөспірімдер спорт мектебі, №14 балалар жасөспірімдер спорт мектебі, «Наркескен» спорт клубы және «Бодыбай Құлтекенов» атындағы жабық бассейн жұмыс жасап келеді.

2022 жылдың 11 айының қорытындысымен ауданда дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 38 пайыз немесе  13 501 адамды құрап отыр. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында «Наркескен» спорт клубының 18 спорт нұсқаушысы (Жалағаш кенті – 3, ауылдық елді мекендерде – 15) 3 240 адамды спортпен шұғылдандыруда, яғни жалпы тұрғындардың тұрақты спортпен шұғылданушылар үлесінің 9,1 пайызы осы спорт нұсқаушылардың тұрғындарды спортпен шұғылдануына тартқан адамдары болып табылады.

2022 жылдың 11 айында ауданда барлығы 87 спорттық іс-шара өткізіліп, оған 14 221 тұрғын тартылды. Биыл ұлттық және бұқаралық спортты дамытуға жергілікті бюджеттен 20 млн. теңге бөлініпті. Жыл басынан бері спортшыларымыз республикалық және халықаралық жарыстарға қатысып, ҚР чемпионаттарынан 13 алтын, 10 күміс,  8 қола медаль жеңіп алса, Әлем және Азия чемпионаттарынан 1 алтын, 3 күміс, 3 қола медальға қол жеткізген.

Сонымен қатар 5 спортшы «Спорт шебері», 49 спортшы «Спорт шеберіне үміткер» нормативін орындапты. Мұнан бөлек «Алтын күз – 2022» облыстық ХХХV ауыл спортшыларының спортакиадасында Жалағаш ауданы командалық есепте 3 орынды иеленген.

2022 жылдың 1 желтоқсанында Астана қаласында өткен «Ауыл алаңынан – Олимпиада тұғырына» атты республикалық жарысқа облысымыздың атынан «Наркескен» спорт клубының спорт нұсқаушысы Зәуребаев Азамат Таңсықбайұлы қатысып, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Ең үздік спорт нұсқаушы» номинациясын иеленді.

Иә, жерлесіміздің бұл жетістігіне байланысты Астанадан жеткен ақжолтай хабарды басылымның өткен санында өалық оқырманмен бөліскенбіз. Жалпы өзге өңірде жалағаштықтар түрлі жарыстарда топ жарып, жеңіс тұғырынан көрініп жатса, іштей «Спорт саласынан шығар» деп отырамыз. Олай ойлауға да негіз жоқ емес. Себебі соңғы жылдары аталған саладағы саңлақтарымыз елдің намысын қорғауда абырой биігінен аласарған емес. Астанада өткен «Ауыл алаңынан – Олимпиада тұғырына» атты республикалық конференцияда «Наркескен» спорт клубының Бұқарбай батыр ауылындағы спорт нұсқаушысы Азамат Зәуребаев «2022 жылғы ең үздік спорт нұсқаушысы» номинациясымен марапатталды.

Республикалық дене шынықтыру және спорт бойынша оқу әдістемелік және талдау орталығының ұйымдастыруымен бірінші рет өткен конференцияда жер­лесімізге бұл номинацияны сала ми­нистрі Дәурен Абаевтың өзі табыс­тады. Жағымды жаңалықты ести сала батыр атын­дағы ауылдағы аудан мақта­ны­шымен байланысқа щыққан болатынбыз. Мақсат – бұл номинацияның жалағаштық спорт нұс­қаушы лайықты иесі ме, осы сауалдың түйінін тарқату. Азаматтың аузын бақсақ, расында Бұқарбай ба­тырда спорт саласы бойынша жетістік мол екен.

Кент іргесіндегі ауылдық округте 6 жастан зейнет жасына дейін 180 адам бұқаралық спортты өзіне серік етеді. Ал қазір дәл осы елді мекеннен шыққан саңлақтардың аудан, облыс, қалаберді ел мерейін үстем етуде жеткен жетістігін тізе берсек, тарқатып жазар дүние жетіп артылады. Бірақ мұның бәрінде Азамат Зәуребаевтың қолтаңбасы барын ешкім жоққа шығара алмайды да. Ауылдастары оның бұл салада қажырлы еңбек етіп, жастарды спортқа баулудағы жұмысында жүйе барын жасырмайды.

Азамат Таңсықбайұлы аталған ауыл­да «Наркескен» спорт клубының 2014 жыл­дан бері спорт нұсқаушысы бо­лып жұмыс жасап келеді. Сол уақыттан бері ол қаншама спорт түрінен команда шығарды, жекелеген спортшылар дайын­дады. Бастысы, бүгінде батыр атындағы ауылда салаға қадам басқан жастар жеңіс тұғырынан жиі бой көрсетіп жүр. Командалық сайыста да үлкен додаларда ауданның мерейін үстем еткен Бұқарбай батырлық спортшылар жетіп артылады.

– Еңбек еленіп жатса, қай саланың өкіліне де бұл шабыт болары анық. Бүгін соған тағы бір мәрте көз жеткізіп отырмын. Министрдің қолынан үздік нұсқаушы деген номинацияны алып отырмын. Әрине салада еткен азды-көпті еңбегімді көріп, бұл марапатқа мені лайық деп тапқан шығар. Бірақ мен бұл атаққа тоқмейілсіп қалмаймын. Керісінше бұл менің алдағы жұмысыма шабыт береді. Кешегі жиын тек сала саңлақтарын марапаттаумен шектелген жоқ. Келелі басқосуда ел спортын әлі де ширатуға не кедергі, осы сауалдың түйіні тарқатылып, бірқатар мәселе ой елегінен өтті. Мәселен, жарыстарға спортшы алып баруда спорт нұсқаушылардың басты мәселесіне айналған көлік мәселесі де кеңесте көтерілді. Мұнан бөлек спорт нұсқаушылардың жалақысының төмендігі де тілге тиек етілді. Конференция өте жоғары деңгейде өтті. Саладағы мәселелер сарапқа салынатын осындай жиындардың арқасында бірқатар ке­дер­гілер жойылады деп ойлаймын. Ауылда спорт саласының дамуы жаман емес. Бұл жолда шама-шарқымызша жұмыс жасап келеміз. Бастысы, жүйелі жұмысымыз жемісін беріп жатыр. Әлі де бұл саланың серпін алуы жолында аянып қалмаймын. Оған «Наркескен» спорт клубының басшысы тарапынан барлық жағдай жасалып жатыр. Ғалымжан Ержанов келгелі біршама түйткілді мәселелеріміз шешімін тауып жатыр. Басшылық тарапынан осындай қолдау барда біз де өңір спортын дамытуда аянып қалмаймыз, – дейді Азамат Зәуребаев.

Расында 8 жыл деген аз уақыт емес қой, әрине. Тәуелсіздіктің төл құрдасы азамат Зәуребаев Бұқарбай ба­тырда 2014 жылдан бері спорт нұс­қаушы екен. Осынша уақытта «Нар­кес­кен» спорт клубының ауылдағы өкілі нендей іс тындырды, ауыл спортының дамуына тың серпін бере алды ма? Осы сауалдардың түйінін тарқату үшін Азамат еңбек еткен жылдары ауылдағы спорттың даму қарқынына үңілдік.

Азаматтың өзі – негізінен гір спортынан облыс чемпионы. Шәкірттерінің бірі Ислам Мәжиев – аталған спорт түрінен ҚР біріншілігінің қола жүлдегері және Азия­ның күміс жүлдегері. Осыдан-ақ оның шәкірттерінің байрақты бәсекелерде де ел мерейін үстем етіп жатқанын айқын аңғарамыз.

Иә, «Наркескен» спорт клубының ауылдағы өкілі негізінен гір спортына бейім. Бірақ ауылда спорттың барлық түрінің дамуына жауапты. Бойдағы қарым-қабілеті мен табандылығының арқасында ол артылған сенім үдесінен шығып келеді. Мәселен, батыр атындағы ауылда Азамат Таңсықбайұлы жасақтаған команда был­тыр мүмкіндігі шектеулі жандар ара­сындағы спартакиадада жүзуден көш бастады. Дәл осы спартакиадада мыл­тық атудан ауыл командасы 1 рет чем­пион атанса, 4 мәрте жүлделі орын­дар­дан төбе көрсетті. Ал көкпардың, жал­пы ұлттық спорттың бұл ауылда қар­қынды дамығанын аудан халқы жоққа шы­ғар­майды. Кешегі қазалыда өткен ауыл спорт­шыларының спартакиадасына бар­ған аудан құрамасының басым бөлігін осы Бұқарбай батырлық шабандоздар құрап отыр және олар аталған ұлттық спорт түрінен күміс жүлдені қоржынға салды. Облыстық спартакиадада шах­мат­тан қарсылас шақ келтірмеген Гаухар Жұмабаева да Азаматтың шәкірті. Бап­кері бұл шәкіртінің әлі талай додада топ жаратынына сенеді.

 Жалағаш кентінде өткен жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталған болатын. Аталған нысан пайдалануға берілген уақытта аудан тұрғындары үшін спортпен шұғылдануына ерекше серпін береді. Сонымен қатар биыл облыстық бюджет есебінен 11,5 млн. теңгеге Жалағаш кентінде жаттығу және стритбол алаңының құрылысы салынып, пайдалануға берілді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табатын болады.

Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың осындай жемісі болса, кімге болса да тиімді ғой. Біз осы үйесімді үнемі спорт саласынан көріп жүрміз. Әрине оның түбін түртсең, үлкен ізденіс, маңдай тер, еткен еңбектің сеп болғанын аңғара қоямыз. Бастысы, салада жауапты һәм табанды азаматтар барда салада мұнан да үлкен серпін болады деп сенеміз.

Ерлан СОЗАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: