Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

26°C

, Сенбі, 17 мамыр, 04:09

Шағын залда шыңдалған

23.04.2025

162

0

Ынтымақ-бірлігі жарасқан берекелі ауылдың бірі – Ақсу. Соңғы жылдары бұл ауылда қажеттілігіне қарай өзекті мәселелер кезең-кезеңімен шешімін тауып, елді мекеннің еңсесін тіктеуге бағытталған жарқын жобалар жүзеге асты. Атап айтсақ, жаңадан дәрігерлік амбулатория бой көтеріп, ауыл мен кентті жалғайтын жол күрделі жөндеуден өтті. Ал былтырдан бастап халқы көгілдір отын тұтына бастады. Халықтың енді сапасы сын көтермейтін ой-шұқыры көп ішкі көшелер жөнделсе деген ұсынысы да жоқ емес. Бұған қатысты жергілікті билік алдағы уақытта арнайы жобаларды қолға алмақ.

Айта кетейік, ауыл жастары білімге құштар, спортқа бейім, әсіресе өнерге жақын. Олар білім бәйгесінде жыл сайын мемлекеттік грантты жеңіп алса, спорттық сайыстарда топ жаруда. Ауылдың абыройын асқақтатып жүрген жастардың спорт мектебі жұмы­сымен танысудың сәті түсті.
Ауылдағы №13 олимпиадалық ре­зерв­тегі мамандандырылған бала­лар мен жасөспірімдер мектебінде бокс пен қазақша күрес үйірмесі жұмыс жасайды. Ауыл жастары аталған спорт түрін дамытып, талай жетістіктерге жетіп жүр. Оларды ауылда қазақ күресі мен белбеу күрестен Қазақстан Рес­­пуб­­ликасының спорт шебері ата­ғын иеленген жалғыз спортшы Ұлас­хан Алпысбай жаттықтырады. Ол өзі­нің спорттық шежіресін 2014 жылы бастап, күрес әліппесін Өмірбек Кәл­менов пен Жайдарбай Есенов аға­ларынан үйренген. Өз ауылының қа­ра домалақтарын спортқа баулуды мақсат еткен ол қазіргі таңда жергілікті жас­тарды шағын залда шыңдап жүр. Ай­туынша, спорт мектебінде 2023 жылдың тамыз айынан бастап қазақ күресі мен бокс үйірмесі жұмыс жасап келеді. Бапкердің сөзіне сүйенсек, бұл үйірмелер ауыл жастарының уақытын тиімді әрі пайдалы өткізуге үлкен үлес қосуда. Үйірмеге оқушылар 2-3 сыныптан бастап қабылданады. Қазіргі таңда мұнда 30 бала бар, оның 3-еуі – қыз, 27-сі – ер бала. Олар мұнда аптасына 5 рет дайындық жүргізеді.
– Қазір қазақ күресімен қатар дзю­до да қарыштап дамуда. Себебі ол – барлық халық қызығатын спорт түрі. Ауылда арнайы дзюдо үйірмесі жоқ. Десе де үйірме қатысушылары ептілігі мен ынтасының арқасында бұл күрестің қыр-сырын жетік меңгерді. Нәтижесінде талай байрақты бәсекеде бозкілемде белдесіп, ел намысын қорғап жүр. Жалпы бапкер болу үнемі ізденісті, шеберлікті талап етеді. Бапкер ретінде менің басты міндетім – сенім артып, үйірмеге келген әр шәкіртімнің бойындағы талантты ашып, оларды жеңіске жетелеу, – дейді ол.
Жоғарыда атап өткенімдей, мұн­да бокс үйірмесі де бар. Алайда қатысу­шылар саны аз. Себебі жастар­дың ба­сым бөлігі қазақ күресіне қызығушылық танытқан. Үйірмеге қа­тысушы оқу­шылардан бөлек мұнда жасы үйірме талабына жетпейтін кішкентай бүл­дір­шіндердің де қарасы қалың. Спорт­шылар дзюдодан аудандық жа­рыс­тармен шектелмей, облыстық, рес­публикалық сайыста да бақ сынап, жүл­делі орындарды иеленіп жүр. Жат­тықтырушының айтуынша, олар жыл басынан бері бірқатар жарыста топ жарған.
Атап айтсақ, халық балуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлын еске алуға арналған қазақ күресінен 2014-2015 жылдары туған ұлдар арасында өткен қалалық ашық турнирде +50 келі салмақ дәрежесінде Ернұр Қартаңбай І орын иеленген. Ал Серік Әлихан 46 кг салмақ дәрежесінде ІІ орынға тұрақтапты. Дәл осы турнирдің қыздар арасында өткен сайысында 36 келі салмақ дәрежесінде Инабат Оңласын үздік үштікті түйіндеген. Ал ең жас спортшылардың бірі Заңғар Қаржаубай «Zhiger» спорт клубының кубогі үшін қазақ күресінен 2015-2016 жылдары туған кіші жасөспірім ұлдар арасында өткен қалалық ашық біріншілікте 20 келі салмақ дәрежесінде ІІ орынға тұрақтапты. Дзюдо күресінен 2016-2017 жылы туған жасөспірімдер арасындағы ашық біріншілікте 32 келі салмақ дәрежесінде Нұрболатұлы Ержігіт ІІІ орын алған. Былтыр Тәуелсіздік күніне арналған дзюдо күресінен 2015-2016 жылы туған балалар мен жасөпірімдер арасындағы аудандық ашық біріншілікте 23 келі салмақ дәрежесінде белдескен балуан Асқар Жан ІІІ орын, дәл осы тартысқа толы сайыстың 32 келі салмақ дәрежесінде Ұлтан Әлихан да үздік үштіктен көрініп, ойынды қорытындылаған.
Мұнда жас болса да үлкен байрақты бәсекелерде белдесіп жүргендердің бірі – Ернұр Қартаңбай. Оның қазақ күресін жанына серік еткеніне 2 жыл болды. Аз ғана уақытта бірнеше сайыста топ жарып, үздіктер қатарынан көрініп келеді.
– Кішкентайымнан спортқа жақын­мын. Үйірмеге жаттықтырушым Ұлас­хан ағайдың шақыртуымен 2023 жыл­дан бері қатысып келемін. Аз ғана уа­қытта үздіксіз дайындық жасап, алдыма нақты мақсат қойдым. Ең үлкен арманым – әлем чемпионы болып, елімнің көк туын желбіреткім келеді, – дейді жас спортшы Ернұр Қартаңбай.
Ол былтыр қазақ күресінен 2011-2013 жылы туған жасөспірімдер арасында Бұғыбайұлы Ерболатты ес­ке алуға арналған республикалық турнирде +42 келі салмақ дәрежесінде күресіп, қарсылас шақ келтірмеген. Кіл мықтының басын қосқан бұл сайысқа Нұрдәулет Қаршыға да қатысып, үздік үштіктен көрініпті.
Мұнан бөлек Нұрдәулет дзюдодан 2015-2016 жы­лы туған кіші жасөспірім ұлдар мен қыздар арасындағы «BAITAS OPEN» республикалық турнирінде қола медал­ға ие болған. Дәл осы сайыстың 2011-2012 жылы туған қыздар арасында өткен кезеңінде Айгерім Боранбай да үздік үштіктен көрініпті.
Әрине, мойынға таққан алқада тынымсыз еңбек пен төгілген тер бары даусыз. Тізе берсек, мұндағы спортшылардың жетістігі көп. Бұл – спортшылардың тыңғылықты дайын­дығы мен олардан чемпион шығаруды мақ­сат еткен бапкердің еселі еңбе­гі­нің жемісі. Ауыл жастарының ал­дағы уақытта да жеңісті жолдан жаңылмай, аудан абыройын асқақтата беретініне сеніміміз мол.

Ақтоты БҮРКІТБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: