Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

3°C

, Жұма, 13 желтоқсан, 13:34

«Алтын күзде» атой салды

03.10.2023

719

0

Спорт – салауатты өмір салтын қалыптастырып, денсаулықты нығайтатын, ел мерейін асырып, абыройын тасытатын ең үлкен сала. Спортты жанына серік етіп, аудан намысын түрлі деңгейдегі жарыстарда қорғап, үлкен жетістіктерге жетіп жүрген спортшыларымыз да аз емес. «Алтын күз – 2023» ауыл спортшыларының спар­такидасында да жалағаштық спортшылар үздік нәтиже көрсетіп, аудан абыройын асқақтатты.

Ұлттық спорт түрлері мен бұқаралық спортты дамыту, ауылдық жерлерде салауатты өмір салтын қалыптастырып, спорттың маңызын арттыру мақсатында өткізілген «Алтын күз – 2023» спар­такиадасына ауданнан 160-қа жуық спортшы қатысты. Спорттың 16 түрін қамтитын ауыл спортшыларының ХХХVІ «Алтын күз – 2023» спартакиадасында ай­мақтың барлық аудандарының құра­ма командасы тартысты ойын өр­негін көрсетті.


Алдына жан салмай жеңіс тұғы­рына шығып, үздіктер қатарынан көрі­нуді көздеген жерлестеріміз гір тасын көте­руден І орын, қазақ күресінен І орын, президенттік көпсайыстан І орын, бес асықтан ІІ орын, тоғызқұмалақ ойы­ны­нан қыздар арасында өткен сайыс­тан ІІ орын, ұлдар арасында ІV орынды ие­ленді. Қазақтың ұлттық ойын­дары көкпардан ІІ орын, ауда­рыс­пақ­тан ІІІ орын, теңге ілуден ІІІ орынға тұрақтады. Сондай-ақ биылдан бастап спартакиадаға қосылып жатқан турникке тартылу сайысынан да спорт­шыларымыз алғашқы үштікке тұ­рақ­тады. Осы уақытқа дейін тек VІІ орын­нан көрініп келген үстел теннисінің спортшылары бұл бәсекеде ІІІ орынды иеленді. Сонымен қатар қол добынан ІІІ орын, шахмат, асық ату, футбол ойындарынан V орын, баскетбол ойы­нынан ұлдар және қыздар арасында өткен тартысты сайыста VІ орын, во­лейбол ойындарынан ұлдар VІ орын алса, қыздар V орын алды. Қол күрестен VІІ орын иеленіп, жалпы командалық есеп бойынша Жалағаш ауданының спорт­шылары ІІ орынды иеленді.
Иә, үздік нәтиженің артында жергілікті тарландарымыздың жыл бойғы еңбегі жатыр. Оған қоса аудандағы спорттық үйірмелер жұмысы қазіргі таңда қар­қынды дамуда. Сонымен қатар жергілікті әкімдік тарапынан спортты дамытуға қатысты жұмыстарды жүйелеуге, спорттық мекемелердің ма­­­териалдық-техникалық базасын нығай­туға, спорт­шылардың облыстық, рес­публикалық, ҚР чемпионаттарына жүйелі түрде қатысуына жағдай жасалуда. Аудан спортын бұдан әрі дамытып, барлық спорт түрінен үздік чемпиондар шы­ғаруды мақсат еткен бапкерлер күн­діз-түні тынбай, шәкірттерін шыңдады.
Айта кетейік, былтыр дәстүрлі «Алтын күз – 2022» облыстық спар­такидасында жүлделі ІІІ орынды иеленген. Бұл осы уақытқа дейін «Алтын күз» спартакидасында төмен нәтиже көрсеткен жалағаштықтар үшін үлкен жеңіс болды.
– «Наркескен» спорт клубының жат­­тықтырушылары мен аудан спорт­шыларының тынымсыз еңбегі мен сенімі бүгін ақталды деп білемін. Себебі біздің спортшылар қай жағынан алсақ та осы уақытқа дейін байрақты бәсекелерде өздерінің мық­тылығын дәлелдеп келеді. Осы «Алтын күз» спорттық сайы­сына дайындық ба­рысында спорт­шы­ларға барлық жағ­дай жа­салды. Аудан әкімі Асқарбек Есжановтың спортты қолдауының арқасында үлкен жеңіске қол жеткіздік. Сондай-ақ осы уақытқа дейін ауданда өткен спорттық шараларға демеушілік білдірген кент және ауылдық округ­тердегі спорт жанашырлары, яғни жеке кәсіпкерлерге ризашы­лы­ғым­ды біл­діремін, – деді «Наркескен» спорт клубының директоры Ғалымжан Ержанов.
Дүбірлі додаларда топ жарып, талай белестерді бағындырған ауданның са­йып­қыран спортшыларының жеңісті жолы бұдан әрі жалғасып, аудан абы­ройын асқақтата беретініне сенім мол.

Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: