Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-1°C

, Жұма, 06 желтоқсан, 19:01

Аудан спортшылары – әлем чемпионы

12.09.2023

573

0

Спорт – елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын сала. Осы орайда спортты жанына серік етіп, ауданның намысын қорғап жүрген жастар 7 қыркүйекте Өзбекстан мемлекетінің Хиуа қаласында гір спортынан өткен Әлем чемпионатына қатысты. Байрақты бәсекеге аудандағы «Наркескен» спорт клубының «Гір спорты» үйірмесінен 6 спортшы қатысып, бақ сынады.

Жарыстың алғашқы күні жерлестеріміз ұзын циклді серпе көтеруден сынға түсті. Оған жалағаштық Қайсар Төлеген 78 келі салмақта қатысып, І орын иеленді Әлем чемпионы осылайша ел мерейін үстем етті. Бағы мен бабы келіскен Қайсар Төлеген үмітімізді ақтап келеді. Ол былтыр Үндістанда өткен әлем чемпионатында қола медаль қанжығалаған. Екі мәрте Азияның чемпионы болған Қайсар осы жолғы дүбірлі додада өз мықтылығын дәлелдеп, Әлем чемпионы атанып отыр.
Жарыстың екінші күні де жеңісті жолмен жалғасын тапты. «Наркескен» спорт клубының «Гір спорты» үйірмесінің жаттықтырушысы Абдулхасан Сейтенов ерлер арасында 85 келі салмақта серпе көтеруден ІІІ орын иеленсе, 2005-2006 жылы туған жасөспірімдер арасында 73 келі салмақта серпе көтеруден Нұрислам Орынбасар ІІІ орынды еншіледі. Сондай-ақ Әзиз Ербол 2007 жылы туған және одан кіші жасөспірімдер арасында 68 келі салмақта серпе көтеруден ІІ орынды иеленіп, жеңіс тұғырынан көрінді.
Ал Ислам Мажиев жастар арасында 68 келі салмақта серпе көтеруден ІІ орын иеленсе, жұлқа көтеру сайысынан алтыннан алқа тағып, Әлем чемпионы атанды.
Жарыстың бірінші күні ұзын циклді серпе көтеруде жеңімпаз атанған Қайсар Төлеген екінші күні де алтын медальға қол жеткізді. Дәлірек айтқанда, ол жастар арасында 78 келі салмақта серпе көтеруден де мық­тылығын дәлелдеді.
– Аудан әкімдігінің қолдауымен, демеушілердің кө­мегімен «Гір спорты» үйірмесін талапқа сай келетін құралдармен қам­тамасыз еттік. Спортшылардың сайыс­тарға қатысуына жағдай жасадық. Осы жұмыстар жемісін беріп жатыр. Гір тасын алақанда ойнататын Абдулхасан Сейтеновтің шәкірт­тері, «Наркескендіктер» намысты қол­дан бермей, еліміздің, облыстың, ауданы­мыздың абы­ройын асқақтатуда дейді, – «Наркескен» спорт клубының директоры Ғалымжан Ержанов.
Иә, аталған спорт клубының гір спортынан бір жыл ішінде үлкен жетістіктерге жетуде үйірме жаттық­ты­рушысы Абдулхасан Сейтеновтың еңбегі зор. Ол күні-түні шәкірттерін шыңдауда қажырлы еңбек етіп, бүгінде жемісін көріп отыр. Еліміздің әнұраны мен көк туын әлем көгінде желбіретіп, қазақ халқының абыройын асқақтатқан спортшыларымыздың жеңісті жолдары жалғасын таба берсін.

Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: