Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

22°C

, Сенбі, 27 шiлде, 06:59

Кубок кімге бұйырады?

14.05.2024

1161

0

Футболдан чемпиондар лигасының ақтық мәресіне де жеттік. Жартылай финалда жолыққан «ПСЖ» мен «Боруссия Д» ақтық мәренің жолдамасын сарапқа салды. Қос кездесуде де Луис Энрике алаңға негізгі құрамдағы шәкірттерін шығарғанымен бұл ойында франциялық клубтың жолы болмады.

Германия жерінде өткен кездесуде «ПСЖ» ойыншылары қорғанысқа берік болды. Тоқсан минут бойы бірде-бір бұ­­рыштама орындамағаны осы сөзіміз­­дің айғағы сияқты. Есесіне алаң қо­­жа­йындары қарымта шабуылға шығып, алғашқы таймда-ақ есеп ашуға тырыс­ты және сол мақсатына жетті де. Ойынның 36 минутында әріп­тесі Н.Шлот­­тербек асырған допты ша­буылшы Никлас Фулл­круг Донна­румма күзеткен қақпада тулатты.
Мұнан кейін қос команданың да қарқыны бәсеңдей түсті. Германиялық клуб ойыншылары да қор­ғанысқа көп көңіл бөлді. Ал «ПСЖ» осы аз ғана есеп айырмашылығымен елге оралуды олжа көргендей. Өз ала­ңын­­да қонақтарды жолдан сүрін­діруге негізінен осы есеп те болатын еді. Бірақ қарымта кездесуде олардың қаншама шабуылы нәтижесіз аяқталды.
Сөз жоқ жауапты ойында олар ба­рын салды, бірақ сырт алаңдағы олар­дың айла тәсілі бұл жолы қарсы­ласының ұстанымына айналды. Десе де олар қарымта шабуылды да назар­дан шығармады. Бірінші таймда есеп ашыл­мағанымен, келесі таймның 50 минутында М.Хуммелстің соққысына ита­лиялық қақпашы дайын болмады.
Тағы да германиялық клуб есеп ашты, қос ойынның нәтижесімен қонақ­тар алда. Бұларға енді тек қорғанысқа басымдық берсе болғаны. Э.Терзичтің шәкірттері осылай жасады да, «ПСЖ» ойыншыларының ақтық мәреге деген ынтасын жауапты ойыннан аңғару қиын емес. Бірақ қақпашы Кобель олардың барлық соққысына дайын болды. Осы­лайша жартылай финалда «ПСЖ» сүрінді, «Баруссия Д» ақтық мәреге жол­дама алды.
Мамырдың бірінші күні «Бавария» өз алаңында «Реал Мадридті» қабыл­дады. Қос ойынның нәтижесімен қарсы­ласын шаң қаптырғаны ақтық мәреде «Баруссия Д» қарсыласы болмақ. Ә де­геннен алаң қожайындары шабуылды үдетті. Алайда мадридтік «Реал» бі­рінші есеп ашты. Кроос асырған допты Ж.Винисиус Нойер күзеткен қақпада тулатты.
Бразилиялық шабуылшының жал­ғыз голы қарсыласының ойынына қарқын қосты. Ойынның 53 минутында Л.Сане таразы басын теңестірді. Ар­тынан қонақтар ойын ережесін бұзып, бас төреші К.Тюрпен 11 метрлік айып добын белгіледі.
Былтыр ғана «Тоттенхэм» сапынан ауысқан англиялық шабуылшы Х.Кейн айып добын сәтті орындады. Бі­рақ негізгі уақыттың аяқталуына аз қал­ғанда К.Тюрпен «Баварияға» қарсы айып добын белгіледі. Он бір метр­ден допты Нойер күзеткен қақпада тулатқан Ж.Винисиус дубль атанды.
Қарымта кездесуде Т.Тухель шә­кірт­тері Испанияға қонаққа барды. Қос командаға да ойын керек, олардың бұл кездесуде бір-бірін аямайтыны түснікті. Не керек, қорғаныс та на­зар­дан тыс қалмады, шабуыл да ұйым­дастырылды.

Тіс қаққан командалар бұл ойын­да барын салды, бірақ бірінші тайм­да есеп ашылмады. Ойынның 68 мину­тын­да канадалық қорғаушы А.Дэвис есеп ашты. Дәл осы ойыншы кез­де­судің 71 минутында өз қақпасына гол соғып, таразы басы теңескен. Алай­да төреші «VAR» арқылы оған дейін қарсыласының бірі ойыннан тыс қал­ғанын аңғарды.
Енді «Бавария» қорғаныста, Ан­­че­­лотти алаңда жиі ауыс-түйіс жа­сады. Шабуыл да үдеді. Ойынның 88 минутында Хоселу таразы басын теңестірді. Артынша дәл осы ойыншы есепті еселеп, дубль атанды.
Шыны керек, Левандовски ката­ло­ндық клубқа ауысқалы «Бава­рия­ның» ойыны да жүрмеді. Бірнеше жылдан бері өз лигасында көш бас­тап келген команда биыл кубоктан айырылды. Ал былтыр жартылай фи­налда «Манчестер Ситиге» есе жіберген испаниялық клуб биыл ақтық мәреге шығып отыр. Сондай-ақ олар биыл өз лигасында да турнирлік кестеде көш бастады.
Бір маусым күні түнде Лондонның «Уэмбли» стадионында чемпиондар лигасының ақтық мәресі өтеді. Әзірге мадридтік «Реалдың» жанкүйерлері сенімді. Бірақ германиялық клуб та осал емес, осыған дейін «Реал» негізгі қарсылас санаған «ПСЖ-ны» олардың жарты жолда сүріндіргенін көрдік. Оның үстіне клубтың ойыншылары түгелдей жастар. Ал кубок кімге бұйырады? Оны уақыт көрсетеді.
Айта кетейік, келер маусымнан бастап чепиондар лигасының форматы өзгереді. УЕФА жақында турнирдің жаңа нұсқасын таныстырды. Енді бұл доданың топтық кезеңі швецариялық жүйемен өтеді. Яғни барлық ұжым бір турнирлік кестеде болады. Бұған дейін оған 32 команда жолдама алса, келер жылдан бастап тағы төрт команда қосылмақ. Жаңа форматта клубтар топтық кезеңде 8 ойын өткізеді. Яғни төрт ойын өз жерінде болса, қал­ғаны жауапты кездесу болмақ. Тур­нирлік кестеде алғашқылары плей-оф-қа ті­келей жолдама алады. Ал 9 бен 24 орын аралығындағы командалар ірік­теу ойындарына қатысып, қалған 8 жол­даманы сарапқа салады.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: