Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

3°C

, Бейсенбі, 05 желтоқсан, 17:26

Тартысқа толы турнир

06.08.2023

429

0

Өткен аптада аудан спортында өзіндік қолтаңбасын қалдырған Аслан Бағдатұлын еске алуға арналғн аудандық турнир өтті. Бозкілемде 20 палуан өзара мықтыны анықтап, ұлттық спортты ұлықтады. Шараның ашылу салтанатында аудандық мәдениет және спорт бөлімі басшысының орынбасары Еркебұлан Жамалатов турнирдің маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Бүгінгі шараның өзіндік маңызы бар, оны аудан спортына Аслан бауырымыздың сіңірген еңбегімен етене таныс кез келген азамат жақсы түсінеді деген ойдамын. Игі шараны қолға алған құрдастарына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Елдің спортына еңбегі сіңген азаматтардың есімі осылай ел жадында жаңғыруы тиіс. Бүгінгі турнирге арғы басы Аралдан келіп жатқан палуандарымыз да бар. Сондықтан бозкілемдегі палуандар бә­секесінің тартысты өтетініне күмәнім жоқ. Кім жеңіске жетсе де, кіл мық­ты­лардың аты озсын. Осындай игі ша­ралар аудан спортының дамуына, жастарды спортқа баулуға үлкен сеп болары сөзсіз. Себебі бүгінгі бір ғана шарада тек бір азаматты еске алып қана қоймаймыз, ұлттық спортымызды дәріптейміз, оған жастардың қызы­ғушылығын арттырамыз. Ауданда ең көп турнир ұйымдастырылып жатқан ұлттық спорт түрлерінің бірі де бірегейі – қазақ күресі, бүгін де осындай игі шараға куә болып отырмыз, қаты­су­шыларға тағы да сәттілік тілеймін, – деді Еркебұлан Жамалатов.

Мұнан кейін бозкілемге бірінен кейін бірі палуандар шақырылып, кіл мық­тылар анықталды. Қатысушылар 90 келі салмаққа дейін өзара мықтыны анық­тады.

Иә, палуандар әдіс жасау, жалпы қазақ күресінің тактикаларын меңге­руімен, қарсыласынан айласын асы­руда бірінен бірі өтеді. Бәрі де «сен тұр мен атайын» деп тұрған сайып­қы­рандар екені анық байқалады. Боз­кілемде 5 минут бойы бір-бірін ала ал­мағандар да болды, уақытынан бұрын қарсыласының жауырынын жерге ти­гізгендер де табылды, тіпті белдесіп, соңында салмақ өлшеу арқылы келесі кезеңге кім өтетіні де анықталды. Өз­ба­сым мұндай шешімді бірінші рет көрдім.
Не керек, бозкілемде «әттеген-ай» деп қалған 10 палуан жарыс жолынан шеттетілді. Сондай-ақ 10 палуан келесі кезеңге жолдама алды. Оның бесеуінің тағы да жауырыны жер иіскеп, қос палуан үшінші орынға кім лайық екенін анықтаса, ақтық мәреде қарсылас шақ келтірмеген қос палуан бүгінгі турнирдің нүктесін қойды.

Ақтық мәреге дейінгі жекпе-жекте сүрінген ақсулық Ұласхан Алпысбай мен Арал ауданынан келген Еңбек Сақтағанов турнирдің жүлделі үшін­ші орынын сарапқа салды. Иә, Арал­дан ат терлетіп келген палуанның мық­тылығы көрініп-ақ тұр. Жерлесіміз де осыған дейінгі талай турнирде бізді жерге қаратқан жоқ. Оның үстіне тұтас Жалағаш жұрты тақымын қысып отыр. Қонақ сыйлап, қарсыласына жол бе­рейін десе, жеңілу қаншама шәкірт тәр­биелеп отырған атына сын. Ал жол бермейін десе, қонақтың да көңіліне қарайды, онысы да дұрыс, ертеңгі күні Аралға әлгі палуан «ауыл­дастың аты озды» деп барса, тағы ұят. Не керек, жекпе-жектің соңғы се­кундтары соққанша бауырымыз қонақ сыйлады, ақырында шыдамай кетті ғой деймін, өзін сұлатуға әрекет еткен Еңбекке қарсы әдіс жасап, жеңісті қолдан жұлып алды. Осылайша ол бүгінгі турнирде үздік үштікті түйіндеді.

Негізі, Ұласхан әуелгі қарсыласпен шыққаннан оның ақтық мәреге дейін баратынына жанкүйерлерде күмән бол­­мады. Ақсуда қазақ күресі мен дзюдо үйірмесінде қаншама шәкірт бау­лып отқан білікті бапкердің ұлт­тық спорттың бірнеше әдісін еркін мең­гергенін жанкүйерлер түсіне қойды. Тіпті ақтық мәреге шығатын да, себебі оны қарсыласы жекпе-жекте де, белдесуде де ала алмады, ақыр соңын­да салмақ өлшеу әдісімен ақтық мә­­ре­ден шеттетілді. Бар айыбы сол, қар­сы­ласынан салмағы бірнеше келіге жоғары екен.

Жас та болса дзюдо мен қазақ күресінен Ақылбек Серіктің есімі еліне етене таныс. Оны үлкен додаларға алып барған бапкерлері үшінші, екінші орын алса, өкпелейтін көрінеді. Бі­лікті бапкерлерде мұндай түсінік қалып­тасатындай да бар, себебі ол кішкен­тайынан бозкілемге шыққаннан тек бас бәйегелерді еншіледі. Бұған дейін аудан, облыс, ел намысын қорғап, үлкен додаларда жауырыны жер иіскемеген жас палуанның бүгінгі турнирде де бағы жанды. Бозкілемде қарсылас шақ келтірмеген палуан ақтық мәре алдында аралдық Еңбек Сақтағановты қалай еңсергенін көрсеңіз ғой, «міне, осылай күресу керек» дейсіз еріксіз.

Ақтық мәреде Ақылбектің қарсы­ласы Шыңғысхан Әбілқасенұлы болды. Мықтыны мықты деуіміз керек шығар, ақтық мәреге дейін сүрінбеген ол да осал емес болып шықты. Не керек, қанша дегенмен тәжірибе деген тағы бар, жекпе-жек соңына дейін Ақылбек бұл турнирдің жеңімпазы атанса, қарсыласы екінші орынға жайғасты.

Жарыс соңында турнирдің бас тө­­­решісі Өмірбек Кәлменов қаты­су­шыларға алғысын білдірсе, аз ғана ғұ­мырында аудан спортында атын қал­дырған Асланның әкесі Бағдат ағамыз жүлдегер палуандарға арнайы дип­ломдар мен қаржылай сыйақысын та­быстады. Сондай-ақ турнирде үздік өнер көрсеткен тағы 5 палуан қаржылай сыйақыға ие болды. Тіпті төрешілер де мұн­дай сыйақыдан құр қалмады.
– Өткенді ұлықтап, өшкенді қайта жаңғыртуда Жалағш жұрты салты­нан жаңылған емес. Ал мұндай ша­раларда ұлттық спортты дәріптеу өз алдына бөлек әңгіме. Міне, ауылдың аза­маттары осындай игі шараны қолға алып, ер есімін ел жадында қайта жаңғыртып жатыр. Баршаңызға ал­­ғыс­тан басқа айтарым жоқ, аудан спорты алға бассын, үлкен додаларда бай­рағымыз биікте желбіреп, ән­ұра­ны­мыз шырқалсын, – деді Бағдат Сыдықов.

Шара соңында аудан орталығындағы «Иманқұл» мешітінде спортшының рухына құран бағышталып, ас берілді.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: