Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

14°C

, Жексенбі, 19 мамыр, 07:35

             ЖАСТАР ТОП ЖАРҒАН ДОДА

18.07.2023

496

0

Спорт – денсаулық кепілі. Білімді, тәрбиелі әрі дені сау жас ұрпақ – ұлттың ең қымбат байлығы.Спорттың адам өмірінде алар орны ерекше екенін ескерсек, спортпен айналысқан адамның денсаулығы мықты, шыдамды, шымыр болатынын да аңғару қиын емес. Ата-бабаларымыз «тәні саудың — жаны сау» немесе «бірінші байлық-денсаулық», — деп бекер айтпаса керек.Қанатты сөзді азық еткен ауыл жастары арасында өткен аптада спорттық сайыс ұйымдастырылды.

Жалағаш ауданының қоғамдық даму бөлімінің тапсырысы аясында Жалағаш ауданы жастарының «Темірқазық» қоғамдық бірлестігі, аудандық мәдениет және спорт бөлімімен «Наркескен» спорт клубы және аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Жалағаш ауданына қарасты ауыл жастарына бағытталған аймақтық спорттық сайыс өткізілді.

Ауыл жастары арасында салауатты өмір салтын насихаттап, ауыл жастарының уақытың тиімді әрі пайдалы өткізуге, сондай-ақ достық қарым-қатынас орнату мақсатында ұйымдастырылған жарыс 3 күнге созылып, әртүрлі спорттық сайыс бойынша бақ сынасты.

Аталмыш спорттық шараның алғашқы күні Таң ауылынан бастау алды. Шараға аудандық «Наркескен» спорт клубы директорының орынбасарлары Нұрхан Исламов пен Ерхан Бертаев және аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Нұржан Амандық қатысты. Шара барысында Нұржан Райсұлы өткізіліп жатқан шараның маңыздылығына тоқталып, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Мұнда өткен сайысқа Таң, М.Шаменов, Ақсу, Қаракеткен мен Далдабай ел мекенінің жастары қатысты.

Спорттық шара қатысушылар арасында бұқаралық спортты дамытып, өскелең ұрпақтың спортқа, оның ішінде футболға деген қызығушылығын арттыру мақсатында шағын футболдан және әр адамның білек күші мен топтаса әрекет етуіне қарай ептілік пен төзімділікті талап ететін командалық күшті біріктіретін, қазақтың ұлттың ойындарының бірі арқан тартыстан және турникке тартылудан тұрды.    

Ойын барысында ала допты жанына серік еткен спортшылар өзінің шеберліктерін көрсетіп, ерекше ептілігі мен өзгеше ойын өрнегін көрсеткен командалар жеңіс тұғырынан көрінді. Атап айтқанда,  жалпы командалық есеп бойынша ІІІ орынды Қаракеткен ауылы, ІІ орынды Таң ауылы, жүлделі І орынды Ақсу ауылының спортшылары иеленді.

      Сайыстың 2-ші күні Мырзабай ахун ауылында жалғасын тапты. Жарысқа «Темірқазық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ербатыр Исатай қатысып, шараны ашып берді. Мырзабай ахун ауылында Мәдениет, Т.Жүргенов, Жаңаталап, Мырзабай ахун ауылдарының спорт әуесқойлары арасында сайыс тартысты өтті. Барлық сайыс түрінен сүрінбей өтіп, спорттық шеберліктерін көрсете білген спортшылар командалық есеп бойынша ІІІ орынды Т.Жүргенов ауылы, ІІ орынды Мәдениет ауылы, І орынды Мырзабай ахун ауылының жас спортшылары иемденді.

Сайыс Еңбек ауылында қорытындыланды. Спорттық шараға Еңбек ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Бексұлтан Тоқсанбаев қатысып, жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру- қазіргі уақыттағы ең көкейкесті мәселелердің бірі екенін, спорттық шараның ауыл жастарына тигізер пайдасы мол екенін айтып, спорттық сайыста бақ сынайтын спортшыларға ақ тілегін жаудырды.

Бұл ауылда өткен жарысқа Бұқарбай батыр, Аққұм, Еңбек, Есет батыр, Жаңадария ауылдарының спортшы жастары қатысты.

Жылдамдық пен табандылықты, күштілік пен ептілікті талап ететін дүбірлі дода да командалық есеп бойынша ІІІ орынды Еңбек ауылы, ІІ орынды Бұқарбай батыр ауылы, І орынды Аққұм ауылы иеленіп топ жарды.

     3 күнге созылған тартысқа толы сайыстың соңғы күні «Наркескен» спорт клубы директорының орынбасарлары Ерхан Бертаев пен Нұрхан Исламов аудан көлемінде спорт саласын дамыту мақсатында жоспарлы жұмыстардың жүйелі түрде жүзеге асып жатқанын тілге тиек етіп, бүгінде ауданда жастарға салауатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спортты дамыту барысында атқарылып жатқан жұмыстар аз еместігін айтып, спорттың қай түрі болмасын ауданның сайыпқыран спортшылары жүлделі орындардан көрініп жүргенін жеткізді. Кіл мықтының басын қосқан аймақтық спорттық сайыста бар ынта-жігерлерімен, жеңіске деген құлшыныстарын байқаған төрешілер жеңімпаздарды қоғамдық бірлестіктің кубок, медаль, дипломдарымен марапаттап, бағалы сыйлықтарын табыстады.

Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: