«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген нақыл сөз бар. Бір ауыз сөз елдің санасы сонау бесік тәрбиесімен байланысы зор екенін айтады. Қазақ даналығының алтын қазынасы тіл мен тәрбиеде жатқаны анық. Ғасырлар бойы қазақ жұртының өмірден алған тәжірибесі, ұлттық құндылықтар бүгінгі ұрпаққа берілген мол мұра. Енді сол ұлтқа тән барлық құнды құндылықтар мен мол мұраларымызды дәріптеп, келешекте де желісін үзбейтіндей дәрежеге жеткізу, ұлттық болмысымызды айқындайтын ерекшеліктерімізбен ұрпақтың санасын тәрбиелеу, оларды бойға сіңіру бүгінгінің еншісіндегі іс. Әсіресе атам заманнан басты мәселе саналған ұрпақ тәрбиесіне көңіл бөлудің маңызы зор. Бұл тұста заманның талабына сай көшке ілесемін деп, нанталап тірлікпен бала тәрбиесінен кешеуілдеп қалудан, байланысты үзіп алудан сақ болу қажет.
Әрине, бала тәрбиесінің толықтай берілетін орны – отбасы. Ал сол отбасы – киелі ұғым, ол әрбір адам баласының кішігірім Отаны. Отбасы – өмірдің мағынасы, мәні. Сондықтан қазақ халқы қашанда отбасы беріктігі мен шаңырақтың шайқалмауын жоғары қойған. Қазіргі таңда көз алдымызда орын алып жатқан келеңсіз жағдайлардың көбі жасөспірімдердің бақылаусыз қалуынан болуда. Бұған талас жоқ, өйткені баланы бақылап, үнемі онымен байланыс орнатып отырмасаң еркінсіп кетеді. Кей бала тоқшылықтан түрлі құқық бұзушылықтарға барса, кейбірі жоқшылықтың салдарынан өз өмірлерін қиындатып жатады. Бірақ қоғам мұны ата-ана мен баланың арасындағы байланыстың үзіліп қалуынан десе, кей ата-ана мектептегі ұстаздардың тәрбие берудегі салғырттығына теліп қоя салады. Алайда бала әуелі ата-анасы үшін керек, ата-анасы үшін баға жетпес байлық. Сондықтан әрбір ата-ана төл перзентінің болашағын ойлайтын болса, ата-ана мен бала арасындағы байланысты нығайтып, мейірім мен қаталдықты таразының басындай тең ұстауы тиіс. Әсіресе жасөспірімдердің өтпелі кезеңіндегі алып-ұшып тұрған көңілін, құбылмалы мінезін және қисық әрекеттерін жақсыға жеңдіруге тырысуы керек. Баланы осы өтпелі кезеңнен аман, жүріс-тұрысын түзу, мінезін келісті етіп алып шығар болсақ, ары қарай өз-өздеріне иелік ете алатындай жағдайға жетеді.
Мектеп қабырғасында балалардың білім алуына ұстаздары еңбек етсе, тәрбиені бойларына сіңіруіне ұстаздармен қатар ата-аналар да жауапкершілік жүгін сезінуі керек. Бұл ретте әрине ата-аналар бейқам демейміз. Өйткені қазірдің өзінде әрбір мектеп жанынан құрылған ата-аналар комитеті бар. Олар балалардың тәлімі мен тәрбиесін толықтыру мақсатында жүйелі жұмыс істеп келеді. Кеше осы ата-аналар комитетінің жұмысын жүйелендіру, жандандыру бағытында «AMANAT» партиясы Жалағаш аудандық филиалында «Бала тәрбиесіндегі ата-ана жауапкершілігін арттыру – басты мақсат» тақырыбында кездесу өтті.
Жиында «AMANAT» партиясы Жалағаш аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Қаншагүл Мұстафаева төрағалық етті. Аталған шараға аудандық білім бөлімінің басшысы, «Дарын» БПҰ төрағасы Талғат Садықов, аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры, «Жастар» БПҰ төрағасы Нұржан Амандық, аудандағы білім ордаларындағы ата-аналар комитетінің төрағалары, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты.
Жиынның негізгі мақсаты – ата-ананың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін нығайту, балалардың жазғы демалыс уақыттарын тиімді пайдалану, жат қылықтардан сақтап, тәрбиеге баулу, жас ұрпақтың бойына рухани құндылықтарды қалыптастыру болса, білім ұйымдарының тәрбие ісі жөніндегі орынбасараларына ата-аналармен бірлесе отырып жазғы мектепті еңбекке бағыттау мәселесі қоса талқыланды. «Жалпы ұрпақ тәрбиесіне дана халқымыз қашанда бей-жай қарамағаны белгілі. Балаға жақсы тәлімді де парасатты тәрбие беру – ата-ананың парызы. Сондықтан қазіргі заманда жас жеткіншектеріміздің үлкенді сыйлау, ұлттық дәстүрімізді білу оны күнделікті өмірде қолдану және еңбекке баулуымыз қажет», – деген Қаншагүл Шоңмұрынқызы баланың тұлға болып қалыптасуына ең алдымен ата-ана жауапты екенін де жасырмады.
Расымен, тәрбиенің өзегі – бала бойына адамгершілік пен рухани құндылықты сіңіру. Құнды қасиеттерді бойына сіңіру, рухани дүниесі жетілген адамды қалыптастыру туған кезінен басталуы керек дейді халық даналығы. Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оған көмектесе алмайсың. Баланы тәрбиелеу де осы секілді ерте жастан басталса, жемісін береді. Балаға жас кезінде әсер ететін құбылыстар әртүрлі болғанмен, оларды тәрбиелеуші, әрине ата-ана.
– Бүгінгі жас – ертеңгі ел болашағы. Бала тәрбиесіне салғырт қарамау үшін ұстаз да, ата-ана да атсалысуы керек. Әсіресе салмақтың ата-аналарға түсетінін ескеруге тиіспіз. Мектеп жиындарына да ата-аналар белсенді қатысып, балаларының білім деңгейін, жақсы әдеттері мен кемшін тұстарын жете қадағалап отыруы көптеген мәселенің алдын алуда септігін тигізеді. Біз ата-аналар комитетімен бірлесе отырып, алдағы жазғы демалысты тиімді ұйымдастыруды қолға аламыз. Балалардың әркез бақылауда болуы үшін жұмыс жасап, түрлі құқық бұзушылықтардың алдын аламыз. Еңбекке баулимыз, қайырымыдылық шараларының маңызын түсіндіреміз, жалпы баланың керексіз іспен айналсуына уақыт қалдырмаймыз. Бұл ретте ата-аналар – өздеріңіздің көмектеріңіз ауадай қажет екенін айтқым келеді. Баршамыз бірігу арқылы біз саналы ұрпақ, сапалы білім, тәрбиелі қоғам қалыптастырамыз, – деді Талғат Садықов.
Мұнан бөлек аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры, «Жастар» БПҰ төрағасы Нұржан Амандық та жастар арасында аудан орталығындағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, жастарды кітап оқып, пайдалы істермен айналысуына жастар орталығының да жұмыс жасайтынын жеткізді. Жиын барысында «AMANAT» партиясы Жалағаш аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Қаншагүл Шоңмұрынқызы ата-аналар комитеті мен мүшелерін белсенділігіне, ұйымдастырушылық қабілетіне қарай отырып қайта жасақтауды, апта сайын ата-аналар комитетінің ұйымдастыруымен жұмыс жоспарын жүйелеп, шара өткізуді ұсынды. Кездесуге жиналған ата-аналар комитетінің төрағалары мен мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары өз ойларын ортаға салды.
Н.АЛМАСҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!