«Жердің көркі – тал, артыңда мал қалғанша тал қалсын» деген нақыл сөз бар. Сол талдың, жасыл-желектің мәнін түсіндіріп жату да артық шығар. Ел сол ағаштың, орманның саясынан пана тауып жатса, «жері жерұйық екен» дейміз. Әрине, ол жақсылық қоғамға байланысты. Табиғатын күтпесе, ел байлығынан айырылады. Ал халқы сол жасыл-желегіне, орман-тоғайына қамқор болса, ондай елдің көк көрпесі кеңейе түседі.
Өткен сенбіде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай, сондай-ақ «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында аудан орталығында ағаш отырғызу акциясы өтті. Іс-шараға аудан әкімі Ардақ Ибраимов, аудандық мәслихат депутаттары, еңбек ардагерлері, этнос өкілдері, ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары мен ерікті жастар қатысты.
Акцияда орталық алаң аумағына 300 түп көшет егілді. Аудан әкімі бұл шара тек табиғатты көркейтуге бағытталған экологиялық бастама емес, бірлік пен ынтымақтың нақты көрінісі екенін атап өтті. Сонымен қатар аудан тұрғындарын қоршаған ортаны қорғауға және экологиялық жауапкершілікті арттыруға шақырды.
– Істің басы – ниет. Ниет болса, тақыр жерді де гүлдендіруге болады. Бүгінгі тағылымды шара, яғни тал егу жұмысы арқылы жас ұрпақтың табиғат-анаға, күллі жаратылысқа деген ықыласын оятып, адам баласының табиғатпен үйлесімді түрде дамитынын ұғындырудамыз. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасының өңірлік жоспары аясында ауданда кешенді жұмыстар атқарылуда. Кентте, ауылдық елді мекендерде көшелер абаттандырылып, ойын алаңдары мен скверлер салынуда. Жақында «Руханият» орталығы, спорт кешені, тұрғын үйлер құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілді. Таң және өзге де ауылдарда көшелер абаттандырылып, жарық жүргізілді. «Таза Қазақстан» – жай ғана сенбілік емес, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жүйелі әрі маңызды қадам. Қоршаған ортаны таза ұстау – әр азаматтың борышы, ал ата-аналардың осы бағытта белсенді үлгі көрсетуі жас ұрпақтың туған жеріне деген сүйіспеншілігі мен жауапкершілігін қалыптастыруға ықпал етеді. Әрине, «Таза Қазақстан» акциясы өз жалғасын табады. Әрбір тұрғын қоршаған ортаны қорғауға өз үлесін қосып, туған өлкеміздің экологиялық ахуалын жақсартуға атсалысады, – деді аудан басшысы.
Іс-шара соңында аудан әкімі егілген көшеттерге күтім жасау, аяқсудың үздіксіз берілуін қамтамасыз етуді тиісті сала басшыларына тапсырды.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» акциясына 3,8 млн-ға жуық адам қатысқан. 1,5 млн тоннадан астам қоқыс жиналып, 3,2 млн-дан астам көшет егілген. Сондай-ақ «Бүкіл қазақстандық ағаш егу күні» акциясы аясында еліміз бойынша соңғы үш күнде 4,5 миллионға жуық көшет егіліп, орман алқабымызды толтырды.
Былтырдан бастап кентте көркейту-көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізу үшін кент әкімі аппараты жанынан «Жалағаш қызмет» КММ құрылған. Аталған мекеме арқылы арықтар қазылып, қажетті жерлерге жаңадан құбырлар орнатылды. Қураған ағаш талдар мен бұтақтар кесілді, өңір қоқыстан арылуда. Қоқыстар көліктерге тиеліп, арнайы орынға тасымалдануда. Былтыр 8470,5 тонна қатты тұрмыстық қалдық шығарылған.
Жалпы кенттегі 71 көшеде 1205 жол белгісі орнатылған. Жол белгілерін күтіп ұстау, тозғанын жаңалау, бағаналарын сырлау жұмыстары да күн тәртібінен түскен емес. Ал жол жүрісін реттеу үшін 4 көше қиылысына бағдаршам қойылды. Сонымен қатар аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес 18 жерге бейнебақылау камерасы, 7 жылдамдық өлшегіш құрылғысы орнатылған.
Тағы бір жақсы жаңалығымыз бар, алдағы уақытта кенттегі орталық алаң жөнделеді. Бүгінде қайта жаңғырту жобасының жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптамадан өтті. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына бюджеттік өтінім жолданған.
Ж.АРЫН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!