Өткен сенбіде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында кент, ауылдық округтер мен мемлекеттік мекемелердің аумағында санитарлық тазалық, көркейту-көгалдандыру жұмыстары жасалды. Сенбілікке мекеме қызметкерлері мен аудан тұрғындары бір кісідей атсалысып, әрбір ұжым бөлінген аумақтарда, көшелерде тазалық жұмыстарын жүргізді. Өңірдің өркендеуін, елді мекеннің мұнтаздай таза болуын ортақ абырой деп білетін жалағаштықтар жол жиегіндегі арықтарды күл-қоқыстан арылтып, сенбілік жұмыстарының қарқын алуына өз үлесін қосты.
Көктемде қарқын алған сенбілік жұмыстары шіліңгір шілденің ыстығында да жалғасын тауып, күн суыса да тоқтамауда. Өйткені жалағаштықтар өмір сүрген мекеніміздің мұнтаздай таза, қолайлы болуына ешқандай ауа райы кедергі емес екенін айтады.
Иә, тазалыққа тастай талап керек екені айтпаса да белгілі. Сондықтан бұл тұрғыдағы жұмыстарды кезек күттірмей істеу кенттегі әрбір тұрғынның міндеті деп есептейміз. Өйткені өңірдің өркендеуіне, мұнтаздай таза болуына атсалысу – әрбірімізге азаматтық парыз. Кенттің көркейіп-көгалдануы тек қаражатқа келіп тірелмейтінін түсінуіміз керек. Яғни өңірді күл-қоқыстан тазарту – екі қол көмекпен жасалатын іс.
Біле білсек, сол күл-қоқысты тастайтын өзіміз, әр ауланың айналасына тұрмыстық қалдықтарды жинап қоятын да, қалаберді адам аяғы басуға болмайтын кір суын да төге салатын сол тұрғындардың өзі. Адам баласы ақыл айтуға шебер ғой, бірақ сол өзгеге айтқанын өзі де істесе, құба-құп болары анық. Кешегі аудан әкімінің халықпен кездесуінде сөз болған иесіз жайылған төрт түліктің де иесі осы аудан тұрғындары екені белгілі. Сөйте тұра талап қоямыз, орындалған істі көрмейміз, нәтижесін күтпейміз. Сосын жергілікті биліктің жұмысынан кемшілік іздейміз.
– Бүгін сенбілікке отбасымызбен шықтық. Өйткені ауданымыздың тазалығы өзімізге керек екенін жақсы түсінеміз. Күн ыстық немесе суық деген жәй сылтау ғана, тазалықты жаны сүйетін адамға ештеңе де кедергі емес. Өзім сенбілікке қуана шығамын, өйткені таза ауада бойыңды сергітіп, табиғатқа кішкене болсын пайдаң тиеді. Сондықтан тазалық табалдырықтан басталатынын жерлестерімінің есіне тағы да салғым келеді, – дейді кент тұрғыны Мәдина Үбітаева.
Сенбілікте бой көрсеткен кент әкімі Мардан Жамалатовтың айтуынша, биылдан бастап кентте көркейту-көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізу үшін кент әкімі аппаратының жанынан «Жалағаш қызмет» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылған. Қазіргі уақытта аталған мекеме арқылы аяқсу жүретін арықтар қазылып, құбырлар тазартылып, қажетті жерлерге жаңадан құбырлар орнатылуда. Қураған ағаш талдары мен бұтақтары кесілуде, өңір қоқыстан арылуда. Жиналған қоқыстар автокөліктерге тиеліп, арнайы орынға тасымалдануда. Биыл 8470,5 тонна қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылған.
– Жалпы кентте қазіргі уақытта 71 көшеде 1205 жол белгісі орнатылды. Жол белгілерін күтіп ұстау, тозғанын жаңалау, бағаналарын сырлау жұмыстары тұрақты жүруде. Ал жол жүрісін реттеу үшін 4 көше қиылысына бағдаршамдар орнатылды. Сонымен қатар биыл аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес 18 жерге бейнебақылау камерасы, 7 жылдамдық өлшегіш құрылғысы орнатылуда. Тағы бір жақсы жаңалығымыз бар, алдағы уақытта кенттегі орталық алаңға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бүгінде қайта жаңғырту жобасының жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптамадан өтті. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына бюджеттік өтінім жолданды, – дейді кент әкімі.
Қазір аудандағы әрбір мекеме ұжымы тазалық маусымында табандылық танытып жатқанын көріп отырмыз. Енді әрбір сенбілікке жергілікті тұрғындар да өз үлесін қосқаны абзал. Әрбір адам өзі тұратын үйдің ауласы мен көшелердің көркеюіне және тазалығына мән берсе, күл-қоқыстармен келетін түрлі инфекциялық аурудың болмасы да анық. Әсіресе көше бойына қойылған қоқыс жәшігіне салынатын қалдықтардың тиісті жәшіктің ішіне салынуы, жәшік толған жағдайда жауапты мекеменің уақытында тазартып отыруы да үлкен септігін тигізеді.
Ойлап қарасақ, тек әкім ауданның тазалығына жауапты деген ұғым қате. Өсіп-өнген өлкемізді өзіміз таза ұстамасақ, басқаға керек емес. Ендеше жұрт үшін көтерілген бастамаларды жүзеге асыруда жалағаштықтарға жұмыла іс қылатын уақыт жетті. Біздікі көзіқарақты оқырманға ой салу.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!