Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-6°C

, Сәрсенбі, 17 желтоқсан, 17:27

Тіл – мемлекеттің тұғырлы тірегі

17.12.2025

6

0

«Руханият» орталығында аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменовтың қатысуымен «Тіл саясатының өзекті мәселелері» атты семинар өтті. Жиында мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бібіәсия Дүйсенбиева, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының төрайымы Дина Мирман, білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Салтанат Қосжанова мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге қатысты ой-пікірлерін ортаға салды. Іс-шара соңында тіл саясатын дамытуға үлес қосқан бірқатар сала қызметкері марапатталды.

– Мемлекет басшысының баста­ма­­­сы­мен тілімізді дамыту жолында ел кө­­ле­мінде мазмұнды да мағыналы іс-ша­ра­лар қолға алынуда. Тарихты тұл­ға­лар қа­лыптастырса, ұлттың әкесі – тарих, ана­­­сы – тіл. Сондықтан тіл саяса­ты­ның жү­руіне баршамыз жұмыла атса­лы­суы­мыз қажет, – деді Ғани Сүлей­менов.
Бұл сөздің астарында бүгінгі мін­дет­пен қатар ертеңге деген аманат жа­тыр. Иә, тіл – ұлттың жүрегі, рухтың ты­нысы. Тіл бар жерде – халық бар, тіл­дің тұғыры биік болса, елдің де еңсесі биік. Ана ті­лін­де сөйлеп, ой қорыта ­біл­ген қо­ғам ға­на өзінің болмысын жо­ғалт­пайды. Сол се­бепті мемлекеттік тілге де­ген құр­мет әр азаматтың ішкі мә­де­ниетінен бас­тау алуы тиіс.
– Мемлекеттік тілдің қолданыс ая­сын кеңейтуде қоғамдық орындардағы жар­­­на­малар мен көрнекі ақпараттардың ма­­ңызы айрықша. Сауатсыз аудармалар сананы сарқып, сөздің қадірін кетіретіні жасырын емес. Сол үшін маңдайша мен жазбалардағы әр әріп, әр сөз заң та­лап­­тарына ғана емес, ұлттық тал­ғамға сай болуы қажет. Қазақстан Республи­ка­­сының «Тіл туралы» заңының 21-ба­бы­на сәйкес көрнекі ақпараттар алды­мен мемлекеттік тілде жазылуы тиіс. Тіл саясатын тиімді жүзеге асыру үшін нақты мін­деттер айқындалып, осы бағытта жүй­елі жұмыстар жүргізіліп келеді, – дей­ді аудандық мәдениет және тілдерді да­мы­ту бөлімінің басшысы.
Ауданда көрнекі ақпараттардағы жар­­нама мәтіндерін сүзгіден өткізу, ас мә­­зірлеріндегі аудармаларды таразылау арқылы тіл мәдениетін көтеруге бағыт­тал­ған түсіндіру жұмыстары қарқын ал­ды. Бұл – бір реттік науқан емес, қо­ғам­­­дық санаға әсер ететін маңызды үр­­діс. Осы бағытта кәсіпкерлік субъек­ті­­леріне қатысты 52 нысан қамтылып, тіл­­дік талаптың мәні мен маңызы түсін­ді­­ріліп, нақты қадамдарға қол жет­кі­зілді. Нәтижесінде «Ақжол», «Дос­тар», «Маракеш» сынды тамақтану орын­да­рының ас мәзірлері мемлекеттік тілде сөй­­леп, ұлттық тілдің салмағын сезіндіре бас­тады.
Алайда мәселе тек маңдайша мен мәзірде ғана емес. Аудандағы мемлкеттік мекемелердің ресми сайттары мен әлеу­меттік желілеріндегі жазбаларда да тіл­дік олқылықтар жиі ұшырасады. Көз­ге бір­ден түсе бермегенімен, уақыт өте ке­ле тіл мәдениетіне сызат түсіретін жайт. Осыған орай келер жылдан ­бас­тап тек­­серу жұмыстары күшейтіліп, Қа­зақ­­стан Республикасының Әкімшілік құ­­­қық бұзушылық туралы кодексінің 729-ба­бы­ның 2.1-тармағына сәйкес және 75-ба­бын­да көзделген талаптарға ­сәй­кес әкім­­шілік құқық бұзушылық істерін қа­­рау, тиісті жаза қолдану тетіктері іске қо­­сыл­­мақ.
Бүгінде жиі тіркелетін кемшіліктердің қатарында хабарландырулардың тек орыс тілінде берілуі, маңдайшаларға өз­ге тілдің басымдық алуы бар. Бұл – заң­ға да, елдік санаға да сын. Осындай сәт­те Халықаралық қазақ тілі қоғамы бір­лестігінің еңбегі ерекше аталады. Олар тілдің тағдырын тек сөзбен емес, іс­пен қорғап, қазақ тілінің қоғамдық ке­ңіс­­­тікте өз орнын табуына дәнекер бо­лып келеді.
Цифрлық технологиялар дәуірінде тіл тағдырын тек оқулықпен шектеу жет­кі­ліксіз. Осы үрдісті терең түсінген Қа­зақ­стан Республикасы Ғылым және білім ми­нистрлігіне қарасты «Тіл қазына» ұлт­­тық ғылыми-практикалық орталығы жа­санды интелектке негізделген тың жоба – қазақ тілін оқытуға арналған Step­­pe Games мобильді ойынын әзірлеп шы­ғарды. Экранға телмірген ұрпақты ұлт­тық рухпен тәрбиелеудің заманауи тәсілі болар, бәлкім. Дегенмен ойынның мазмұны да мәнді. Ләңгі тебу, садақ ату, асық ату сынды ұлттық ойындар цифр­лық кеңістікке көшіріліп, әр тапсырма қа­зақы танымға жетелейді. Бала үшін ойын қызық, ал сол қызықтың өзегіне тіл мен дәстүрдің қатар өрілуі жобаның басты ұтымды тұсы секілді. Шетелдік ойын­дардың уақытты ғана емес, сананы да ұрлайтыны жасырын емес. Ал Steppe Games керісінше, ойын арқылы ой са­лып, тіл үйретіп, ұлттық болмысты бойға сі­ңіреді. Ұлттың сөзін ұрпақтың ойына айналдырған осындай жобалар қазақ тілінің ертеңіне сенім ұялатады. Тілі ағыл­шынша шығып, соған алаң көңілмен қа­раған ата-ана үшін қазақ тілді жоба­лар­дың пайда болуы – бір жағынан жан­­ға медеу. Экранның әр жағынан өз­ге тіл естіп өскен баланың санасына ен­ді қазақша сөз сіңе бастаса көңіл көн­шей­ді-ау, алайда бұл құбылыс тек қуа­ныш­пен шектеле ме? Әлде баланың ден­сау­лығына қатысты мәселенің бір ұшын шы­ғаратын белгі ме?
Мектеп табалдырығынан бастау ала­тын тіл тағдыры бүгінде тек сабақ кестесінде ғана емес, тәрбиелік кеңіс­тікте де айқын көрініс табуда. Білім бе­ру ұйымдарында ұйымдастырылатын түр­лі рухани-танымдық шаралар оқу­шы­ның жүрегіне ана тілінің қасиетін сі­ңі­руді мақсат етеді. Оқушылар мен тіл жанашырларының басын қосатын кез­десулер, ұлттық рухты ұлықтаған дәс­түрлі Абай, Әбіш, Махамбет, Ілияс Жан­сүгіров, Мағжан, Мәшһүр Жүсіп, Мұ­қа­ғали оқулары жас ұрпақтың сөз қа­дірін терең сезінуіне жол ашып жүр.
Қазақ тілінің болашағы қағаздағы жос­­пармен емес, сыныптағы тірі ­сөз­бен қа­­лыптасады. Ал сол сөздің шыра­ғын өшір­мей келе жатқан мұғалім – тіл сая­са­тының ең басты тірегі. Аудан бойынша қазақ тілі мен әдебиетінен 114 ұстаз са­бақ береді. Олардың ішінде 2 шебер, 49 педагог-зерттеуші, 25 педагог-сарап­шы, 33 педагог-модератор, 5 педагог бар.
Қыркүйектің алғашқы күндерімен бірге білім ордаларына ерекше бір рух енеді. Ұлттың рухын ұлықтаған, тіл қа­дірін терең танытатын тағылымды күн алаш­тың ардақты перзенті Ахмет Бай­тұр­­сынұлының туған күнімен тұспа-тұс келеді. Осы атаулы дата жыл сайын бі­лім беру ұйымдарында мазмұнды ша­ра­лармен атап өтіледі.
Салмақты жиын салмақты үнмен өр­біді. Ақ жаулықты ана, тіл жанашыры Дина апай баяу қадаммен ортаға шығып, қызыл жолағы бар микрофонды жайлап өзіне бұрды. Дауысы байыпты, сөзі нық. Айтылар ой жылдар жүгін арқалаған тә­жі­рибеден туған. Ол әңгімесін алыстан бастады.
– 1991 жылы ауданда құрылған Ха­лық­аралық «Қазақ тілі» қоғамы – тәуел­сіз­діктің алғашқы тынысымен бірге бой көтерген рухани ұйым. Алғашқы жыл­дары ақын, журналист Жақсыбай Сар­балаев қоғамдық қор тізгінін ұстап, тіл тағ­дырына жауапкершілікпен қарады. Кейін, 2011-2012 жылдары бұл істі сол уа­қыттардағы «Жалағаш жаршысы» га­з­етінің редакторы Ғазиза Әбілда жал­ғастырды. Біз бір орында тұрған жоқ­пыз. Облыстық семинарлар өткізіп, бі­лім саласымен, Тілдерді дамыту бө­лі­мімен тығыз байланыс орнаттық. Оқу­шы­лар арасында да түрлі байқаулар ұйым­дас­тыр­дық, – дейді он жылдан аса осы істің басы-қасында жүрген ол.
Айтылған сөздің ар жағында атқа­рылған істің ізі анық байқалады. Талай жиын мен талқылаудың куәсі болған жан­ға қоғам жұмысының жетістігі де, кем-кетігі де оған етене таныс. Еңбек жүгін үнсіз арқалап жүрген ұлт жанашырлары барда, қазақ тіліне деген құрметтің де өз орны маңызын жоғалтпақ емес.
Қорыта айтқанда, бүгінгі тіл саясаты жалаң ұран емес, қоғамның барлық са­ласын қамтыған жүйелі жұмысқа айна­лып отыр. Уақыт алмасады, талап өз­ге­реді. Алайда ұлтты ұйыстыратын, елді ел ететін басты құндылық ешқашан күн тәртібінен түскен емес. Ана тіліне ар­нал­ған әрбір бастама – ұрпақ санасына се­білген рухани дән. Сол дәннің бү­гін көктеп, ертең тамыр жаюы үшін мем­ле­кет пен қоғам бір арнаға тоғысып, жан-жақ­ты жұмыс жүргізіп отыр.
Сөз қадірі артқан жерде сана сергек. Демек бүгінгі тіл саясаты – ұлттық бол­мыс­ты сақтаудың ғана емес, рухани ке­мел­­денудің берік кепілі.

Г.БАҚЫТБЕКҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: