Апта басында «Мансап» орталығының мониторинг тобы халықты жұмыспен қамту мақсатында Мәдениет, Мақпалкөл, Жаңаталап, Аққыр ауылына жұмыс сапарымен барды. Орталық директоры Ғалымжан Телібаевтың айтуынша, «Мансап» орталығына келуге мүмкіндігі болмай жүрген тұрғындарға көрсетілетін қызметтер жайлы жан-жақты ақпарат беріп, тиісті көмек көрсету бір ізге түскен. Мұның жұмыссыз жүрген азаматтарды еңбекпен қамтуға қосар үлесі қомақты. Ауыл тұрғындарымен тығыз қарым-қатынас орнатып, түсіндірме жұмыстарын жүргізуде орталық қызметкерлері алдағы уақытта да ауылдарға сапарлайды.
Мәдениет ауылынан бастаған сапарда мамандар халық көп шоғырланған орындарда көкейіндегі сауалын қоюға келген тұрғындардың талап-тілегін тыңдады. Оның ішінде екі қолға бір күрек табуға ниеттілер де бар. Мамандар жұмыс сұрап келген тұрғындардың жасы мен біліміне, әлеуметтік ахуалына сай тиісті жұмыстар ұсынды.
Кездесуде ауыл тұрғындарына «Жастар тәжірибесі», «Күміс жас», ақылы қоғамдық жұмыс пен әлеуметтік жұмыс орындары жайында, қайтарымсыз грант, «Бастау бизнес» кәсіпкерлік негіздері аясында кәсіптік оқу, атаулы көмек, бос жұмыс орындары туралы толық ақпарат беріліп, үнпарақтар таратылды.
Мекеме басшысының айтуынша, ауданда жұмыссыздық деңгейі 6,1 пайызды құрайды. Яғни қаңтар айына дейін тіркелген жұмыссыздар саны – 902. Жұмыспен қамту органдарына жұмыс іздеуші ретінде 1 329 адам жүгінсе, 769-ы тұжырымдамаға қатысушы ретінде тіркелген. Оның ішінде 636-сы жұмыссыз, 96-сы жұмыс іздеуші, 37-сі өздері жұмыспен қамтылған. Олардың 122-сі бос жұмыс орындарына орналасқан.
«Бастау Бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негізде оқытуға 43 адам жолданған. Оның 27-сі оқу курсын аяқтаған. 1-еуі кәсіп ашса, 22 адам «Электронды еңбек биржасы» порталы арқылы онлайн-оқудан өтіп, сертификат алған.
Субсидияланатын жұмыс орындарына келсек, бұл бағытта 604 адам жұмысқа орналасқан. Оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарына 4 адам жолданған. Ал жастар практикасымен 16 адам жұмысқа тұрған. Қоғамдық жұмыстарға 564 адам жолданды, оның 1-еуі тұрақты жұмысқа орналасқан. «Алғашқы жұмыс орнына» 2 адам жолданған. «Күміс жас» жобасына 18 адам барып, оның алтауы орталық қызметкерлерінің мониторинг жұмыстарын жүргізу нәтижесінде мерзімінен бұрын босатылған.
«Мансап» орталығының бір күндік сапарында орталық басшысы Ғалымжан Телібаев ауыл тұрғындарымен жеке қабылдау өткізді. Сондай-ақ мамандардың көмегімен 6 адам жұмыс іздеуші ретінде тіркелсе, 1 адам жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемге өтініш білдірді. 3 адам қоғамдық жұмысқа жолдама алды. 1 адам «Ұлттық жоба» шеңберінде тұрақты жұмысқа орналасты. Ал 1 жұмыс берушіден «Алғашқы жұмыс орны» жобасына өтінім берілді.
Аталған орталық тұрғындарды жұмысқа жолдаумен қатар жұмыссыз жүргендердің жаңа кәсіп игеруіне де көңіл бөліп келеді. Атап айтсақ, шаштараз мамандығы бойынша биыл 25 адам қысқамерзімді курс оқу жоспарланған.
– Қазіргі таңда шаштараз мамандығы бойынша 5 жұмыс берушіден 10 адамға оқуға өтінім түсіп отыр. Жылдық жоспар бойынша сәуір айында 15 адам, шілде айында 10 адам оқиды. Әзірге 10 адам ғана нақтыланып тұр. Қалған 5 адам табылған соң сәуір айының оқуы басталады. Осы бағытта ауылдағы шаштараз мамандығына икемі бар қыз-келіншектерге барынша түсіндірме жұмыстарын жүргізудеміз. Бұл оқу 3 айға созылады. Оқимын деген тұрғындарға 28 323 теңге шәкіртақы, 36 920 мың теңге көлемінде тұрғын үйді жалдау ақысы мен 14 768 мың теңге жол жүру ақысы, медициналық тексеруден өту үшін 1 рет 7 384 теңге беріледі, – дейді «Мансап» орталығы филиалының «Еңбек ресурстарын мониторингілеу, болжау, оқыту және кәсіпкерлік бастамаларды қолдау» бөлімшесінің басшысы Бердібек Қазбеков.
Жыл басынан бері орталық қызметкерлері 2023 жылдан өтпелі және биыл субсидияланатын жұмыс орындарына жолданған қатысушыларға бюджет қаражатын мақсатты жұмсау бағытында 132 жұмыс берушіге 629 адамға мониторинг жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде 18 жұмыс берушіге «ескертпе» хат берілген, 14 адамның жұмысы тоқтатылған. Алдағы уақытта бұл бағытта аудан орталығынан шалғай орналасқан елді мекендерде де түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!