Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-7°C

, Жексенбі, 22 желтоқсан, 06:08

Ұлттық тәрбие – ұлттық құндылықтарда

21.06.2022

384

0

Бүгінгі қоғамдағы ең өзекті мәселе – ұрпақ тәрбиесі. Нақтырақ айтсақ, ұрпаққа ұлттық тәрбие беру мәселесі. Жақында әлеуметтік желіден филология ғылымының докторы, профессор Алма Қыраубаеваның ілгеріректе ұрпақ тәрбиесіне һәм білім саласына қатысты білдірген пікірін көзім шалып қалды. Онда: «…Бізде қазақ мектебі бар, бірақ ұлттық мектеп жоқ. Ең бастысы, қазақ баласын жасықтықтан құтқару керек. Оны құтқаратын кез – мектеп жасы. Ұлттық мектепке «рухтандырушы» мұғалім қажет. Қазіргі оқу жүйесі талантты мұғалімдердің ашқан жаңалықтарын қажет ете бермейді. Тек жүйе іштен, сырттан келетін тексеруге «оқушыны дұрыс көрсете білетін» мұғалімді жақсы көреді. Мұндағы барлық шаруа – көзбояушылықтың үлгісі. Шындығында, бала (оқушы) үшін емес, тексеретін комиссия үшін жасалады. Сол арқылы осылай тәртіп қалыптасқан мектеп бала үшін емес, бала мектеп үшін жұмыс істейді. Сондықтан да қазіргі мұғалімдер – сол мектептердің «жалған» абыройы үшін жүргендер. Бұл үшін оларды кінәлау да қиын. Осының бәрін жүйелейтін, жаңаша білім беретін, тәрбие беретін мектеп керек», – депті.

Әдебиеттанушы ғалымның ай­­­­тып отырған мәселесі әлі де өзек­­­­тілігін жойған жоқ, сол көз­бояу­­­­­­шылық әлі бар. Алайда біздің ауданымыздың білім беру са­ласы өзге аудандармен салыс­тыр­ғанда көш ілгері алда келеді. Тіп­ті ауданымызда республи­када­­­ғы үздік білім беру ошақ­тары­ның қатарына енген үлгілі де озат мектептер бар. Десе де ұрпаққа ұлттық тәрбие беретін мектеп­тердің саны артса, нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені дәл қазіргідей алмағайып за­ман­да бүл­діршіндер мен жасөс­пірім­де­ріміз, жастарымыз ақпарат­тық на­си­­­хаттың жетегінде кетіп, одан да басқа түрлі азғындыққа азғы­рушы­­­лардың жымысқы әре­кет­терінің құрығына ілініп, өзге елдің аранына жұтылып кетпеу үшін бізге ұлттық рух керек.

Ұлт­тың қорғаны – рухы. Ұлттық рухы мықты елді жау алмайды. Сол ұлттық рух адам бойына ана тілімен бірге сіңіп, салт-дәстүр, әдет-ғұрпымен күшейе бермек. Әрбір қазақ ұл-қызын орыс мектебіне немесе аралас мектепке бермес бұрын ойлануы тиіс. Бұл ешқандай да ата-ана құқығын шектеу немесе ұлтаралық араздық тудыруға себепші бо­латын арандату сөз емес, жай ғана бір-біріміздің бойымыздағы ұлтжандылық сезімімізді ояту үшін қажет. Әрине әр адамның, соның ішінде бүгінгі жастардың бірнеше тілді үйренгенін ата-ана ретінде, қазақ қоғамының бір мүшесі ретінде құптаймыз. Алайда ең алдымен бала ана тілінің уызын арда емуі керек. Бұл орайда біз жапондардың ұстанымын ескерсек, ұтылмаймыз. Яғни баланы есі кіргенше тек ана тілінде тәрбиелеп, мектеп бағдарламасына сәйкес барлық пәндер 12 жасқа дейін ана тілінде оқытылуы тиіс. Тек ана тілінде оқыту аздық етеді, әрине. Оқушы өз ұлтының салт-дәстүр, әдет-ғұрпы мен ұстанымдарынан мектеп қабырғасынан таныс бол­ғанда ғана ұлттық сана қалып­тасады. Ал ұлттық сана то­лыққанда, бала бойынан ұлттық рух жасындай ойнап шыға келеді. Кешегі Алаш қайраткерлерінің ұлт дегенде еміреніп, қанын төгіп, жанын беруге даярлығынан, тіпті қазақ халқының келешегі жо­лын­да бастарын құрбандыққа тікке­нінен – олардың түпсанасында еркін да­лада тіршілік кешкен баба­лар­дың алдаспандай рухы жаң­ғырып тұр­ғанын көреміз.
…Жақында шаштаразға бар­дым. Кезек көп. Бір келіншек екі кішкентай баласын алып келіп отыр екен. Төрт-бес жасар шамасындағы тете өсіп келе жатқан балалар бір-бірімен орысша шүлдірлесіп отыр. Анасы ана тілдеріңде сөйлеңдер демеді. Керісінше, балаларының өзге тілде сөйлегеніне сүйсініп, мақтаныш көріп отырған сыңайлы. Жас ұрпақ өз ұлтына, бабалар аманатына қиянат жасап жат­қан­дай жаным шырқырап кетті. Шыдамай, көз алдымда шүлдір­лесіп отырған екі баланың мән-жайын сұрадым. Шешелерінің айтуынша, ауданымыздың орта­лы­ғындағы қазақ мектебінде оқи­ды екен. Отбасында барлығы қазақ­ша сөйлеседі, көршілерінде де бір орыс жоқ. «Бақсам, бақа екен» демекші, бәріне кінәлі «Бала­пан» болып шықты. Таңнан кешке дейін «Балапан» арнасын көретін бүлдіршіндердің тілі «орыс­­­­­ша» шыққан. Мен көріп жүр­ген «Балапан» арнасы қазақша сөй­лейтінін айттым.
«Білмеймін, әй­теуір сол арнаны көреді ғой», – деді толық сары келіншек. Екі бүл­діршін «Тик-токтан» үйрендік» деп түзетті аналарының сөзін. Тү­сі­нікті болды. Демек ата-анасы ба­ла­лармен бірге теледидар көр­мейтін болып тұр. Баланы еркіне жі­берсең, әсіресе ғаламтор ал­дын­дағы уақы­тын шектемесең, ұлттық рух былай тұрсын, бала өзінің ұлтын да ұмытып қалады ғой және оған бала кінәлі емес.
Жасыратыны жоқ, көбіміз жұ­мыс­тан шаршап келгенде өзі­міз­дің жан тыныштығымызды ой­лап, бала­ларымыз үйде оңаша қал­ғанда ғаламтордан не көріп жүргенін қадағаламаймыз. Олар­мен бірге отырып, ұлттық танымын ке­ңей­тетін кітап оқымаймыз, мульт­­фильм көрмейміз. Әйтпесе «Ба­ла­панда» балалар өнеге ала­тын тағылымды, тарихи дүниелер көп.
Қырғызстан Респу­бликасы Пар­ламентінің депутаты мәжіліс мін­берінен «Балаларымыз «Ба­лапан» көреміз деп өз ана тілін ұмыта бастады» деп дабыл қағуы да балаларға арнал­ған қазақ­стандық арнаның идеоло­гиялық қуатын көрсетіп тұр емес пе?!.
Сөз басында айтқан ұлттық тәрбие бізге дәл қазір ауадай қажет және оның жауапкершілігін тек мектептерге артып қойып, қа­рап отыруға тағы болмайды. Не істемек керек? Ұрпағымыз ұлт­жанды болуы үшін, мемлекет, қоғам болып балаларға назар аудар­ғаны жөн. Баланың тілі, ақыл-ой, санасы, таным-түсінігі ұлттық құнды­лық­тардан нәр алуы үшін олардың жасына қарай халқы­мыздың сан ғасырлық тұрмыс-тіршілігі, тұтас тарихи жолы су­рет­телген қызықты, тартымды, тағылымды ертегілер, әдеби ту­ын­дылар, мультфильмдер, тіпті кинолар түсіру керек және ондай жобалардан қаржымызды да, қа­жыр-қайратымызды да аяп қалмауымыз керек. Сонда ғана ұлт зиялыларының жоғарыда ай­тып жүрген «ұлттық мектептің» қабырғасы қаланбақ.

Қуат АДИС

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: