Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

11°C

, Жұма, 29 наурыз, 12:16

Жауапкершілік жоқ жерде сапа да болмайды

13.02.2021

708

0

Жалағаш ауданында 2020 жылы 196 кәсіпкерлік субектісі жұмысын тоқтатқан. Экономиканың негізгі күретамырына айналған саланың серпін алуына бұл көрсеткіш айтарлықтай кері әсерін тигізері сөзсіз. Жұмысын тәмамдаған 200-ге жуық кәсіпорынның 67,8 пайызы Жалағаш кентіне тиесілі. Осыған дейінгі кәсіпкерлікті дамытуға арналған аппарат мәжілісінде өңірде жұмыс жасап тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субектілерінің санын 95 пайызға жеткізу межеленген. Алайда бұл тапсырманың да орындалуы көңіл көншітпейді. Яғни Жалағаш кенті мен 7 ауылдық елді мекенде жұмыс жасап тұрған кәсіпорындар саны жоғарыда атап өткен пайыздық көрсеткішке жете алмай отыр. Бұл туралы сейсенбіде өткен аппарат мәжілісінде аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ғабит Ерболұлы баяндады.

Аудан әкімі Асылбек Шаменовтың төрағалығымен өткен мәжілісте күн тәртібіндегі 4 мәселе қаралды. Алдымен өңірде кәсіпкерлік саласын дамыту экономикада өсім қалыптастырудың тиімді тетігі екенін жеткізген Асылбек Өмірбекұлы іс бастаймын деген жа­лағаштықтарды мемлекеттік бағ­дар­ламалармен сүйемелдеу жұ­мыс­тарын жандандыру қажеттігін на­зарға салды.


Ғабит Ерболұлының сөзінше, ау­дандағы тоқтап тұрған кә­сіпорындарды заңға сәйкес жабу не­месе олардың жұмысын жалғастыру ке­ректігі жө­нінде ауыл әкімдеріне ай сайын хат жолданғанымен кейбір ауылдарда бұл бағытта ешқандай жұ­мыстар ат­қарылмаған. Мәселен, Жалағаш кенті мен Аққұм, Еңбек, Қаракеткен, Мақпалкөл және Таң ауылдық округтерінде 2020 жылдың екінші жарты жылдығында тоқтап тұрған кәсіпорындар саны артқан. Ал Аққыр, Аламесек, Бұқарбай батыр, Жаңадария, Жаңаталап, Мәдениет ауыл­дарында еш өзгеріс жоқ. Яғни жол­данған хатқа сәйкес тиісті жұмыстар атқарылмаған.

Айта кетейік, былтырғы салаға қа­­тысты іс-шара жоспарында әр­бір елді мекенде “Қарапайым зат­тар экономикасы” мемлекеттік бағ­дар­ламасымен кемінде 3 жоба, “Нәтижелі жұмыспен қамту және жап­пай кәсіпкерлікті дамытудың “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы аясында 4 жобаны қаржыландыру көзделген еді. Алайда “Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы аясында 4 жобаны қаржыландыру Аққыр, Аламесек, Жаңадария, Мақпалкөл және Мырзабай ахун ауылдарында орындалмаған. Ал “Қарапайым зат­тар экономикасы” мем­лекеттік бағ­дарламасымен 3 жобаны қар­жыландыру жұмысына келсек, атал­ған бағдарламамен Қаракеткен ауы­лында 2 жоба, Аққұм ауылында 1 жоба және Жалағаш кентінен 1 жоба ғана қаржылай қолдау тапқан. Ал қалған елді мекендерде бұл бағдарламамен бірде-бір жоба қаржылай қолдау тап­паған. Ғабит Ерболұлы “Қарапайым зат­тар экономикасы” бағдарламасымен қаржыландыруға Жалағашта 12 жоба дайындалғанын жеткізіп, екінші деңгейлі банктермен жұмыс жасалатынын атап өтті. Ал аудан әкімі әрбір елді мекенде кәсіпкерлік саласын дамыту өңір қазынасын еселеу үшін маңызды екенін жеткізіп, барлық әкімдерге және жауапты бөлім басшысына бірлесе жұмыс жасауды тапсырды.

Қазіргі таңда іс бастаймын деген жанға мүмкіндік мол. Тіпті кәсіптік оқулардың өзіне мемлекет жағдай жасап отыр. Алайда азаматтарды кәсіпке бейімдеу, оларды мемлекеттік бағдарламалармен сүйемелдеу жұмыстары бізде әлі де ақсап тұр. Мәселен, осыған де­йін қысқа мерзімді кәсіптік оқуға Бұқарбай батыр, Еңбек, Жаңаталап ауылдары бірде-бір адам жібермеген. Бұл мәселеге аппарат мәжілісінде кеңінен тоқталған аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар жә­не азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Э.Құттымбетова ауданда “Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысын баяндады.
Жалпы қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету жұмыстары Мәдениет ауылында да көңіл көншітпейді. Мәселен, бұл ауылда кәсіптік оқумен екі-ақ адамды оқыту межеленсе, оның біреуі ғана қамтамасыз етілген. Басқа ауылдарда жоспар толығымен және кей өңірлерде артығымен орындалып отыр.

Мемлекеттік бағдарламаның екінші бағыты, яғни жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша 102 адамға өткен жылы 426,8 млн теңге қаржы берілген. Шағын несиеге қол жеткізген жоба авторлары жаңадан 102 жұмыс орнын ашып отыр. Бұл тұста да кейбір елді мекендерде кемшілік жоқ емес. Мәселен, Аққыр ауылында бірде-бір адам шағын несие алмаса, Мақпалкөлде екі-ақ адам қаржылай қолдау тапқан. Ал М.Шәменов, Қаракеткен, Жаңаталап, Таң және Аққұм ауылдарында жоспар артығымен орындалып отыр.
Қос бөлім басшыларының баян­дамасынан кейін ауылдық елді ме­кендерде атқарылып жатқан жұ­мыстарға кезек берілді. Бұл ретте Еңбек ауылдық округінің әкімі Қайролла Қалданов пен Мақпалкөл ауылдық округі әкімі Бауыржан Тұңғышбаевтың 2020 жылы атқарған жұмыстары мен алдағы мақсат-міндеттері тыңдалды.
4 мәселе қаралған аппарат мә­жілісінің соңында қосымша тағы бір мәселе қаралды. Яғни биыл 1 қаңтардан бастап енгізілген жалпыға бірдей дек­ларациялаудың жаңа форматы тү­сіндірілді. Бұл төңіректе кеңінен баян­даған аудандық мемлекеттік кі­рістер басқармасы басшының міндетін ат­қарушы Ж.Несіпбаев қосымша қо­йылған сауалдарға да толыққанды жауап берді.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: