Тамыр жайып, бұтағынан бүр жарып, енді көктеп келе жатқан жас шыбыққа күшті дауыл қалай әсер етсе, жаңа тәуелсіздік алып, аяғынан қаз тұрған мемлекеттің дамуына, өркендеуіне сыбайлас жемқорлық солай зиянын тигізеді. Тіпті жемқорлықтың жолын кесіп, оған қарсы күресті күшейтпесе, мемлекетті күйретіп жіберуі әбден мүмкін. Дәл қазіргі еліміздің әр аймағындағы мемлекеттік қызметкерлер арасында жиі көрініс беріп жүрген осы мәселеге билік назар аударып, қатаң мән беріп отыр. Сыбайлас жемқорлық ішкі мәдениеті, ар-ожданы, ұжымына, ортасына, айналасына деген құрметі, еліне, Отанына деген сүйіспеншілігі жоқ адамнан бастау алады. Құлқынды тойдыру қиын, егер де оған қанағатың күзет болмаса.
Сыбайлас жемқорлық әлемнің барлық мемлекетінде бар. Алайда, біздің елімізде бұл әлеуметтік құбылысқа айналып кетіп отыр. Ал, бұл өз кезегінде жоғарыда айтқанымыздай, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық даму үдерісін тежеп, тіпті бұның жолына тегеурінді тосқауыл қоя алмасақ, қазақстандықтардың өркениетке бейімделіп келе жатқан қалыпты, мәдениетті, салауатты өмір сүру ырғағын да бұзып, психологиясын өзгерту ықтималдығы жоғары. Сондықтан сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және онымен тиімді тетіктерді қосу арқылы күресу еліміздің мемлекеттік саясатының ажырамас бір бөлшегіне айналып отыр. Осы тұрғыда тек ересектер ғана емес, кәмлетке толған жастардың да санасына сыбайлас жемқорлықтың әр адамның жеке басына және мемлекетке тигізетін орасан зор зардабын сіңіре беруге тиіспіз. Қоғамға төнген қауіпке қарсы іс шараларды жастар арасында жиі өткізіп, заңнамаларды жетілдіру керек. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғам болып күресуді тоқтатпағанымыз жөн.
Мадина ТҰРСЫНБАЕВА
Жалағаш аудандық қазынашылық
басқармасының бас маман бас-қазынашысы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!