Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

31°C

, Сенбі, 20 сәуiр, 17:23

Өнер халықтың ортақ қазынасы

23.05.2022

1030

0

Азаттықтың арайлы таңынан бастап елдің санасын сілкінтуге бағытталған батыл бастамалар мен мазмұнды бағдарламалардың байыппен іске асуына ақын-жазушы, кітапханашы, артистер мен архив, музей, өнер ошағындағы өзге де мамандар қосқан үлес өлшеусіз. Жалпы мәдениет және өнер саласында жүрген жандардың еңбегі елеусіз қалмайды. Бірнеше жылдан бері 21 мамыр күні осы сала қызметкерлеріне құрмет көрсетіліп келеді. Биылғы жылы да аудандағы мәдениет саласы қызметкерлеріне құрмет көрсетіліп, сала үздіктері марапатталды.

Сексен жылдық тарихы бар Жалағаш жері талай талантты шыңдаған шежіренің ордасы, мәдени мұраға бай киелі мекен. Қазірдің өзінде ауқымды істердің, игі бастамалар қолға алынған өңірдің дамуы, көркейіп, келбетінің артуы көрген көзге қуаныш сыйлайды. Қай саланы алып қарасақ та, алға жылжу бар. Өнер руханияттың айнасы десек, сол өнер тарландарының, майталмандарының басын қосқан мәдениет саласы руханияттың мәйегі. Жұма күні Қ.Қазантаев атындағы аудандық мәдениет үйінде айтулы мерекеге орай салтанатты шара өтті. Оған аудан басшылығы, мекеме, бөлім басшылары және аудан тұрғындары қатысты. Салтанатты жиынның шымылдығы аудандағы мәдениет, өнер, руханиятты дамытуға бағытталған ауқымды жұмыстарға, сала майталмандарының еңлеулі еңбектеріне шолу жасалған видеокөрсетіліммен ашылды. Мұнан соң аудан әкімі Асқарбек Есжанов мәдениет және өнер саласы қызметкерлерін мерейлі мерекелерімен құттықтады. – Мәдениет пен өнер қызметкерлерінің мерекесі ол халықтың да мерекесі. Өйткені өнер ол халықтың ортақ қазынасы, оны бөле жаруға болмайды. Расында, жерінде Сырдариясы, елінде жырдариясы қатар толқыған Сырдың елі Алашқа ана, қазаққа пана, руханияттың қара шаңырағы. Олай дейтініміз, топырағын түртсең қобыздың қоңыр үнін естілетін Сыр өңірінде қай өнердің түрі болмасын кенде қалған емес. Әрине оның ішінде жырдың қаймағы бұзылмаған, өнердің өрісі ұзаққа жайылған біздің өлкеде өскелең ұрпаққа, ертеңгі болашаққа аманат етіп қалдырар мұраларымыз жеткілікті.

Мәдениет – ғасырлар бойы жинақталып, адамзат өнерінің, руханиятының, болмысының үлкен жиынтығы болса, өнер ол – қазақтың киелі тұрмыс-тіршілігінде, бітім-болмысында қазақ деген ұлтпен бірге қайнасқан. Өнер екінің бірінде болмайтын үлкен бақ. Себебі талант тәңірден, баға халықтан. Сондықтан да аудандағы мәдениет саласының дамуына үлес қосып жүрген жандардың еңтегіне лайықты баға беру де ол сіздерден. Мәдениет саласында талмай еңбектеніп, тер төгіп жүрген қызметкерлердің еңбегі бүгін елеусіз қалған жоқ. Бүгінгі салтанатты шараның өзі сала қызметкерлерін көрсетілген құрмет деп білеміз. Ендеше барлықтарыңызды кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, еңбектеріңіздің жемісін көре беріңіздер демекпін, – деді аудан басшысы. Мұнан соң өңір басшысы Асқарбек Темірбекұлы бірқатар сала ардагерлері мен мамандарына аудан әкімінің құттықтау хаты мен гүл шоқтарын табыстады.

Расында ән мен күй шыққан күн, туған айдай қазақ елінің тал бесіктен жер бесікке дейінгі жан серігі. Кешегі дәстүрлі ән өнері – рухани жәдігерлердің ішінде замана сүзгісінен өтіп, халқымыздың ежелгі рухын, тарихын, мәдениеті мен ыстық ықыласын бүгінгі ұрпаққа жеткізген ұлттық құндылықтардың бірі. Кезіндегі Ақан сері, Біржан салдар өз заманының нағыз өнерпаздары, дәстүрлі әнді шырқағанда тыңдарман қауымның ерекше қошеметіне бөленетін әсем дауыс иелері. Олар киелі домбырамен ән салғанда дархан дала тербеліп, тұмса табиғат тұп-тұнық күйге еніп, тыңдарманның құлағынының құрышы қанатын. Сол кезеңдердегі халықтың сүйіспеншілігіне бөленген өнер майталмандарының бүгінгі жалғасы мәдениет саласының қызметкерлері де көпті қуанта беретініне сеніміміз мол.

Ал мәдениет үйінде өткен салтанатты шара аудан өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: