Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-3°C

, Сенбі, 07 желтоқсан, 16:00

Жаңа құрам сенім үдесінен шығуға жұмыс істейді

18.01.2021

2365

0

Кеше өңірде жетінші шақырылған Жалағаш аудандық мәслихатының алғашқы сессиясы өтті. Сессияның күн тәртібіндегі мәселелерге кезек берілмес бұрын аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Садық Алиев 10 қаңтарда өткен саяси науқан қорытындысымен депутат болған 12 халық қалаулысына куәліктер мен төсбелгілер табыстады. Мұнан кейін аудандық мәслихат депутаты Гүлжайна Айтжанованың Қаншагүл Мұстафаеваны бірінші сессияның төрағасы етіп сайлау ұсынысы халық қалаулылары тарапынан бір ауыздан қолдау тауып, күн тәртібіндегі мәселелерге кезек берілді.

Бірнеше мәселе қаралған қаралған алғашқы сессияда алдымен аудандық мәслихат хатшысын сайлауды халық қалаулылары ортаға салды. Бұл ретте депутат Әліби Бекжанов аудандық мәслихат хатшысы лауазымына осыған дейін білім бөліміне жетекшілік еткен Гүлзат Құрманбаеваның кандидатурасын ұсынды. Барлық депутат бір ауыздан қолдаған бұл лауазымға ауданның білім саласын ілгерілетуге еңбек еткен Гүлзат Ердәулетқызының лайық екеніне біздің де еш дауымыз жоқ. Осыған дейінгі еңбек жолына үңілсек, әріптесінің бұл пікірі ұтымыды ұсыныс екеніне көз жеткіземіз. Мәселен, Гүлзат Құрманбаева басшылық еткен жылдары білім саласында ҰБТ қорытындысымен Жалағаш ауданы бірнеше жыл аймақта көш бастаған болатын. Өз кезегінде мәслихат хатшысы Гүлзат Ердәулетқызы артылған сенімге сызат түсірмеуге жұмыс жасайтынын жеткізіп, бір ауыздан қолдаған әріптестеріне алғысын білдірді.


Мұнан кейін халық қалаулылары аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының тізбесі мен сандық құрамын белгілеуді талқыға салды. Бұл жөнінде аудандық мәслихаттың аппарат басшысы Ботакөз Жақанова баяндама жасап, құрамы 3-4 депутаттан тұратын әр сала бойынша тұрақты комиссия мүешелерін атап өтті. Баяндамада айтылған комиссия құрамы да халық қалаулылары тарапынан қолдау тапты.


Айта кетейік, аудандық мәслихаттың Экономикалық даму, қаржы және бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия құрамына Қаншагүл Мұстафаева, Әуезхан Ибрагимұлы мен Еркін Базарбай енді. Ал мәслихаттың Әлеуметтік мәдени даму, халықты әлеуметтік қорғау мәселелері, заңдылық және азаматтар құқығы жөніндегі комиссия құрамына Ұлжахан Баймұратқызы, Ахан Кенжебаев пен Нарбота Серәлі бекітілді. Аталған тұрақты комиссияның Гүлжайна Айтжанова төрайымы болды.

Аудандық мәслихаттың Өнеркәсіп, құрылыс, көлік, коммуналдық шаруашылық, аграрлық, кәсіпкерлік және қоршаған ортаны қорғау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия құрамына Асылбек Тәуіпбаев пен Қайрат Досымов енді. Бұл комиссия құрамына Жанболат Тәттібаев төрағалық ететін болды. Баяндамада қамтылған комисся құрамын бекіту туралы мәслихат аппараты басшысының барлық ұсынысы да депутаттар тарапынан қолдау тапты.
Мұнан кейін сессия төрағасы Қаншагүл Шоңмұрынқызы “Nur Otan” партиясының фракциясына жаңадан келген әріптестерін құттықтап, фракцияның негізгі міндеттеріне тоқталды.


– Жетінші шақырылымда жаңадан сайланған барша әріптесімді құттықтаймын. Фракцияның негізгі мақсат-міндеттері мемлекеттік бағдарламалардың ауданда жүйелі түрде орындалуына, оның әлеуметтің әлеуетін көтеруге тигізер үлесіне бақылау жасау болып табылады. Сондай-ақ жергілікті бюджеттің мақсатты жұмсалуына бақылау жасауға да біз жауаптымыз. Осының алдында бекітілген тұрақты комиссия мүшелері фракция отырыстарында алдағы уақытта есеп береді. Халық қалаулысы болу деген оңай шаруа емес. Сондықтан барша әріптестеріме ел артқан сенім үдесінен шығуға сәттілік тілеймін, – деді сессия төрағасы.


Жиын соңында депуттар келесі сессияның төрағасын сайлауды дауысқа салды. Халық қалаулыларының бір ауыздан қолдауымен алдағы уақытта өтетін екінші сессияның төрағасы болып Әліби Бекжанов сайланды. Сессияны қорытындылаған аудан әкімі Асылбек Шаменов халық қалаулыларына сәттілік тілеп, ауданда бүгінге дейін атқарылған жұмыстарды кеңінен тарқатты.
– 10 қаңтарда өткен саяси науқанның қорытындысымен халық қалаулысы болған баршаңызды құттықтаймын. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына бірлесе жұмыс жасаймыз деп сенім білдіремін. Бұған дейін де өңірдің дамуын ілгерілетуде аз жұмыс жасалған жоқ. Оның әрбірінің мақсатты орындалуында сіздердің де өзіндік қолтаңбаларыңыз бар. Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында Жалағашта жол сапасы артып, әлеуметтік нысандар көптеп бой көтерді. Мұның бәрі бірлікпен, ымырамен іс қылған жерлестеріміздің еңбегі деп білемін. Кешегі сайлауда да жалағаштықтар белсенділік танытты, – деді Асылбек Өмірбекұлы.


Расында аудан әкімі айтқандай соңғы жылдары ауданда оң өзгерістер қалыптасқаны өтірік емес. Бірнеше жылдан бері шешімін таппай келе жатқан М.Шәменов ауылындағы апатты жағдайдағы мектеп мәселесі шешімін тауып, жаңа мектеп пайдалануға берілді. Аудандағы орталық аурухана ғимаратының да жаңадан бой көтеруі елдің еңсесін тіктеді. Кәсіпорындар қатары артып, әлеуметтің әлеуеті артты. Расында осының бәрі жалағаштықтардың ауызбіршілікпен атқарған еңбегіне Тәңірдің тартқан сыйы екеніне ешкімнің дауы жоқ.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: