Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

7°C

, Бейсенбі, 21 қараша, 14:24

Жетімін жылатпаған ел едік…

11.06.2024

484

0

«Қазақ – жетімін жылатпаған халық» деп кеудемізді шар кергендей кердең қағамыз. Шыны керек, бүгінде елімізде ата-ананың асырауынсыз қалған жетім бүлдіршіндеріміз көбейген. Көңілге кірбің түсіретіні, бұрын орыс ұлты баласын жетімдер үйіне тастайды деп мысқылдайтын болсақ, ал қазір сол ата-анасыз балалардың көпшілігі – өзіміздің қазақтар. Әрине, қоғамда «біздің мұндай жағдайға жетуімізге не себеп?» деген заңды сұрақ туындайтыны рас. Тарқатайық…

Бала асырап
алушы­лар­дың кезегі көп

Статистикаға сүйенсек, қазір елі­мізде жетім және ата-ана қамқор­лы­ғынсыз қалған бала­лар 5 мыңға жуықтайды. Ал ауданда 35 жетім және ата-ананың қам­қор­­лы­­­ғынсыз қалған бүлдіршін бар. Айта кететін жайт, тағдырдың тәл­­кегіне түскен бұл балаларға аудан­­­дық білім бөлімі жанындағы қам­қоршылық және қорғаншылық ор­­ганы тара­пынан жәрдемақы тө­ленеді. Сон­дай-ақ оқушылардың жаз­ғы дема­лысында аудандық білім бө­лі­мінен сауықтыру лагерлеріне жол­­дама беріледі. Әрине, бұл көмек­тер ата-ананың орнын толты­рады деу қисынсыз, десе де осындай қол­даулар балаларымызға үлкен демеу болары анық.

Бүгінде бала асырап алушы­лар­дың кезегі көп. Иә, жетім ба­лаларды өз бауырына басқысы келетіндердің саны артқаны қуан­тады. Десе де асырап алған балалардың бар­лығы ата-ана мейірімін көріп, толық­қанды отбасылық өмірді сезініп жатыр деуге ерте. Өйткені балаларды кері қайтарып беретін отбасылар да бар көрінеді. Айтуға қиын, десе де асы­рап алған балаларын құл секілді ауыр жұмысқа жегіп, балалық шағын ойран етіп жатқан азаматтар да кез­деседі. Әрине, бес саусақ бірдей емес, мемлекет қамқорлығынан кет­кен балалардың да сол отбасыға өз ту­ған баласындай сіңісіп, білім, тәр­бие алып жатқаны да жоқ емес.

Заң жетімнің құқығын
қорғауға дайын

Негізінде, заң жетімнің құқығын қорғауға толығымен дайын. Өйткені бала асырып алу оңай дүние емес. Осы күні балаларды асырап алатын ата-аналарды түрлі тексерістен өт­кізетін орталықтар жұмыс істеп тұр. Қосымша төрт жылдан бері әлеуетті асырап алушыларды міндетті пси­хологиялық-педагогикалық даярлау қоса енгізілді. Заңның бір шикі тұсы, бала асырап алуға саналы түрде барып, артынша ойынан айнып қа­­ла­­тындарға ешқандай жауапкер­­шілік қарастырылмаған. Бала асы­рап алушылардың қара тізіміне ен­гі­зілмесе, мемлекет берген бір­жолғы жәрдемақыдан бөлек, ай сайын төленетін қаражатты қай­та­руға да міндеттелмейді. Әрине, пат­ро­наттыққа алған отбасылардың бар­­лығын кінәлаудан аулақпыз. Олар­дың арасында да үлгілі әке, мейірімді ана болып отырғандар көп.

Жуырда ҚР Парламенті Мәжі­лісінің де­пу­таттары жетімдер­дің жа­­йын тағы қозғады. Бұған де­йін де олар қорғаншылық және қам­қор­шылық, бала құқықтарын қорғау қызмет­терінің жай-күйі туралы мәселені бір­неше рет көтерген. Халық қалау­лы­ларының айтуынша, елдегі бала құқығы Конституциядан бас­тап бір­қатар заңмен реттеледі. Бұл мәселе Мемлекет басшысы мен жалпы қо­ғамның назарында болға­нына қа­ра­мастан, отбасы қамқор­лығына алын­ған балалардың мәселесі то­лық­ шешілмей тұр.

17 660 бала
отба­сында тәрбиеленуде

Депутаттардың мәліметінше, рес­публикадағы 22081 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланың 18291-і отбасыларда тәр­­бие­ленеді. Оның ішінде қорған­шы­лық және қамқоршылықта – 16 197, патронаттық тәрбиеде – 1 743, патронаттық тәрбиеге алын­ған­дар­дың саны – 351. Алайда Үкімет өкілдерінің журналистерге берген баспасөз брифингінде бұл сан әл­деқайда азайған. Мәселен, соңғы ста­тистикада елде 21 387 жетім баланың 17 660-ы ғана отба­сыларда тәрбиеленіп жатқаны ай­тылған. Бұған қоса жыл сайын отбасына мыңнан астам жетім бала қа­был­данатыны, ал тәлімгерлік инсти­туты енгізілгелі елде 300-ден астам адам жетім балаларға тәлімгер болған.

1 қызметкер 17 мың балаға жауапты

Жетімдердің жай-күйін қадаға­лауға тиіс қорғаншылық және қам­қоршылық органдары қызметкер­лерінің республика бойынша штат­­тық саны небәрі 421 маманды құ­­райды. Соның ішінде 263-і – мем­­лекеттік қызметші, 158-і – әдіс­кер. Демек, елімізде 1 қызметкер 17 мың баланың тағдырына жауап­ты. Ал Астана, Алматы, Шым­кент қа­лаларында және Ал­маты, Түр­кістан облыстарында бір қызмет­керге 30 мыңнан 100 мыңға дейін бала келеді. Қорғаншылық ма­ман­дары негізгі қызметінен бөлек, ұзақ сот үдерістеріне қатысады. Сон­дықтан халық қалаулысы Ажар Сағындықова мемлекеттің қор­ған­шылық және қамқоршылық орган­дарының проблемаларына қаты­насын қайта қарау керек екенін айтады. Бұл қызметкерлердің қыз­меті мен лауазымдық міндеттері туралы ережелерді түбегейлі қайта қараудан басталып, осы ұйым­дар­дың штатын ұлғайту уақыт күттір­меуі тиіс екенін жеткізген.

– Ата-аналардың асырап алған балаларына деген қарым-қатына­сының дұрыс емес екенін көп ес­тиміз. Балалардың қауіпсіздігі үшін жауапкершілікті күшейту қа­жет. Біз әйелдердің құқықтары мен бала­лардың қауіпсіздігі туралы заңды өзгерттік. Алайда балаларды тәр­биелеп отырған отбасылардың жағ­дайын бақылауды екі есе күшейту керек,– дейді Ажар Сағындықова.

Бала асырап алушыларға та­­лап қатаң

Оқу-ағарту министрлігі Бала­лар­дың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова «Неке және отбасы туралы» кодекске сәй­кес бала асырап алушылар бала 18 жасқа толғанға дейін жылына кемінде бір рет қорғаншылық немесе қамқоршылық органдарына өмір сүруі, оқуы, тәрбиеленуі мен денсаулығына қатысты есеп беруге тиіс екенін айтады. Осы заңда ата-ана құқығынан айырылмаған немесе шектелмеген, тұрақты тұратын, сот­талмаған, нарколог, психологтың есе­­бінде жоқ, табысы мен бас­панасы бар адамдар ғана бала асырап алуға болатыны да тайға таңба басқандай көрсетілген. Сон­дай-ақ бала асырап алушылар мін­детті түрде психологиялық да­йын­дықтан өтуі керек. Бала асырап алушыларға қойылатын та­­лаптар кодекстің 91-бабында рег­ла­­менттел­ген.

Сонымен қатар балалар үйіне жүргізілетін тексеріс тәртібін қайта қарайтын тұсы көп. Мәселен, ор­талыққа тексеріс келетіні ресми түрде айтылады екен. Бұл уақыт ішінде орталық өкілдері сақадай-сай дайындалып алары анық. Дәл сол секілді асырап алушылардың отбасында да жарты жылда бір рет жүргізілетін тексеріс жетімдердің мә­селесін шешіп отырған жоқ. Жылына бір рет келетін тексеріс 10 күн бұрын хабарланады екен. Осы 10 күн ішінде отбасында «түсіндіру» жұмысы жүретіні заңдылық. Жасыратыны жоқ, асырап алған баласына дұрыс қамқоршылық жасамайтын ата-ана уақытша мейірімді әке-шешеге айналары сөзсіз.

Түйін: Әрбір бүлдіршіннің өз ата-ана­сы­ның жүрек жылуы мен аялы ала­қанын сезініп өскеніне не жет­сін?! Қазақ халқы қашанда жетімін жылатпағанын, жатқа берме­ге­нін, олардың тағдырына бейжай қара­мағанын ескерсек, қаракөз сәби­леріміздің толыққанды отба­сында тәрбиеленуі еліміздің бүгіні мен бо­лашағы үшін маңызды.

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: