Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

24°C

, Бейсенбі, 25 сәуiр, 11:46

Балдыз қалың

16.02.2021

1000

0

Жақсы сөзді жарым ырысқа балаған қазақ халқының салт-дәстүрлерінің ішіндегі ерекше орын алатыны – құда түсу. Бұл дәстүрдің ерекшелігі сонда, екі елді бір-біріне жақындастырып, туыстық қатынасты қалыптастырады. Сондықтан қазақта «Құда – мың жылдық» деген сөз бар. Сол мың жылдық құдасын құдайындай сыйлап, бар құрметін көрсететіні де сондықтан.

Қазақ халқында құда түсу, келін түсіру салты өте маңызды саналып, асқан жауапкершілікпен атқарылады. Сондықтан ақылдаса отырып, қазақтың салт-дәстүрі бойынша «қыз көру» немесе «жар таңдау» ғұрпы жасалады. Кейбір жерлерде «жаушы жіберу» деген ертеден келе жатқан дәстүр бар. Жаушы қыздың әке-шешесімен сөйлесіп, бойжеткенге құда түсіп, «қыз айттыру» дәстүрін орындайды. «Құда түсу» дәстүрі осы кезде белгіленеді. Осылайша екі жақ қазақ халқының салт-дәстүрін біріге орындайды. Тумысынан қонақжай қазақ жаушы келген кезде қонақжайлық танытып, дастарқанын жайып қарсы алады. Мал сойылып, табақ тартылады. Қыз бен ата-анасы қарсы болмаса, жаушының өтінішін қабыл алып, екі жақ құда болысады. «Құдалық берік болсын!» деп, жаушыға кәдесін жасап, шапан жауып, ризашылығын білдіреді. Осыдан кейін жігіт жағы «құда түсуге», ал қыз жағы «қыз ұзатуға» дайындық жасайды. Құдаласу рәсімінде жігіт жақтан келген ет жақындары қызға сырға салып кетеді. Құдаларды бастап келетін, жасы үлкен, сыйлы, беделді кісіні бас құда дейді.

Құда түсу рәсімі келісілген соң дала заңы бойынша күйеу жағы қалыңмал төлеуі тиіс. Бұл – қазақ қазақ болғалы бұлжымаған ежелгі дәстүр. Оның көлемін құдалардың дәрежесі мен дәулетіне байланысты екі жақ келісе отырып шешеді. Бұрындары қалың мал мал-мүлікпен, тоғыздықтармен есептелсе, қазіргі таңда ақшалай беріледі. Әрине қасына бір тоғыз қосылады, яғни қымбат маталардан, құда, құдағиға арнайы дайындалған көйлек, камзолдардан дайындалады. Осылайша қа­лыңдық жаққа қалыңмал төленіп, алдын ала той күні белгіленеді. Бірақ біздің тақырыпқа арқау болған «Балдыз қалың» дәстүрі бұдан өзгешелеу.

Бірақ адамның қалауы емес, Алланың дегені болатынын бәріміз де білеміз. Кей кездері ойға алған ісіміз оңынан болмай, жоспарымыз күрт өзгеретін де уақыттар болады. Әсіресе сөз байласып қойылған жерде аяқасты өзгеріп жатса, екіжақты түсініспеушілік орын алуы мүмкін. Дегенмен біз қазақты текті халық деп бекер айтпаймыз. Ата-бабамыз кез келген даулы мәселені, кез келген тосыннан болған жағдайды бейбіт түрде шешудің жолын білетін. Айтпағымыз егер құда түсіп қойған үйдің тұрмысқа бергелі отырған қызы қайтыс болса, онда күйеу жігіт «балдыз қалың» салты бойынша төлеген қалың малын қайтарып алмай, сол отбасының екінші қызын алуға құқығы бар. Егер ол үйдің басқа қызы болмаса, төлеген малдың жартысы қайтарылады. Ал күйеу ұрын барып балдызымен өзара келіссе, үстіне «балдыз қалың» төлейтін болған. Яғни бұрынғы қалың малдың үстіне түйе бастатқан бір тоғыз қосылады. Егер ұрын келмеген болса, «балдыз қалың» төленбейді. Бұл да қалың малы төленіп қойған қалыңдықтың жұртымен ниеттеніп келісілген құдалық қарым-қатынасты үзбеудің, екі елдің арасындағы сыйластық белгісі болса керек. Бірақ бұл салт-дәстүр бүгінде қолданыстан шығып қалған.

Дайындаған Нұр НАУАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: