Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-0°C

, Сәрсенбі, 13 қараша, 11:36

Тыл ардагерінің тағылымды жолы

18.08.2023

12190

0

Жалағаш ауданында ел басқарған азаматтар мен еңбек адамдары жайлы жазылып, елге сiңiрген еңбектерi насихатталып келедi. Солардың қатарында өткен ғасырдың бiрiншi жартысында бiрнеше колхоз бен ауылдық кеңеске төраға болған, елдi бiрлiкке, еңбекке ұйымдастырып, басшылық жасаған еңбек және тыл ардагерi Нұржан Елемесовтың есiмi ерекшеленiп, тау тұлғасы дараланып тұрады. Ендi түсiнiктi болу үшiн алдымен облыстық және аудандық мұрағаттардан алынған оның өмiр дерегiмен таныстыра кетейiк…

Н.Елемесов 1905 жылы Сыр­дария губерниясы Ақмешiт уезi «Қаракөл-Қос­там» болысында туған. Еңбек жолын өт­кен ғасырдың 20 жылдарының басында «Қара­көл-Қостам» болысы Талдыбаев Жол­шараның «поштабай» шабар­маны бо­лудан бастаған.

Сауат ашу мектебiнен бастауыш бiлiм алған. Сонан соң ауылдық Кеңес тө­ра­ғаларын дайындайтын Ақтөбедегі қыс­қа­мерзімді кеңес-партия мектебiн және Шымкенттегі колхоз төрағаларының кур­сын бiтiрген. 1933-1936 жылдары 1 май ауылдық Кеңесiне қарасты «Қара ой» қолхозының төрағасы, 1936-1940 жылдары 1 май ауылдық Кеңесiнiң төрағасы, 1940-1944 жылдары осы ауылдық Кеңеске қа­расты «Қызыл жұлдыз» кол­хозының тө­рағасы, 1944-1946 жылдары Мәдениет ауылдық Кеңесiне қарасты Қазақстанның ХХ жылдығы атындағы колхозының тө­рағасы, 1946-1947 жылдары 1 май ауыл­дық кеңесiне қарасты «Қызыл жұлдыз» кол­хозының төрағасы, 1947-1950 жыл­дары Мәдениет ауылдық кеңесiне қа­расты «Бiрлiк» колхозының төрағасы қыз­меттерiн атқарып, қиын уақыттың ауырт­палықтарына мойымай адал еңбек еткен. 1950 жылы майда колхоздар iрiлен­дiрiлгеннен кейiн Жамбыл атындағы кол­хозда мүйiздi iрi қара фермасының мең­герушiсi болды. Ол өте халықшыл, қайы­рымды да адал, ел-жұртына беделi өте жоғары болған.

Кешегi отызыншы, қырықыншы, елуiн­шi жылдары ел басына күн туған ашар­шы­лық, репрессия, Ұлы Отан соғысы және халық шаруашылығын қалпына кел­тiру кезеңдерiнде колхоз басқарып, жұ­мыс жүргiзу оңай болмады. Бұл кезде артель­кол­хоздар құрылып, ел ендi есiн жия бастаған едi. Техника келе қоймаған, егiн егу, мал азығын дайындау жұмыстары қол күшiмен атқарылатын. Осындай қиын сәтте тығырықтан шығар жол тапты. Өзiнiң iскер, еңбек­қорлығының арқасында халықты игiлiктi iске ұйымдастыра бiлдi. Мемлекет мүддесi мен халықтың жағдайына бiрдей қарап, жұмыс жүргiздi. Әрбiр iстiң ақ-қа­ра­сын ашық айтып, әдiлдiктi ту еттi. Канал қаз­дырып, егiн ектiрдi. Ол басқарған кол­хоздарда мал басы көбейiп, халық тойынды.

Нұржан Елемесовтың байырғы кол­хоз төрағасы ретінде елге сіңірген ең­бегі жайында Қызылорда облысы мен Жа­лағаш ауданының құрметті азаматы Ка­мал Бер­даулетов ағамыз былай дейді: – Нұржан Елемесов ел басқарудың сыналған шебері еді, ол-халықтың қалың ортасынан шыққан өзінің сындарлы істерімен, сырбаз мінезімен халықты баурап алушы еді, – деп жазды өзінің «Колхоз құрылысы» деген естелігінде.

Осылайша ауыл шаруашылығының май­талманы, марқұм Кәмекең ағамыз жаз­ғандай, тәжiрибесi мол төраға халықпен бiрге болып, колхоз шаруашылығын дөң­ге­лентiп әкеткен. Н.Елемесовтың ел басқарудағы iс тәжiрибелерi, тәлiм тәр­биелерi жайлы замандас iнiлерi де әңгiме­леп отырады.
– Нұржекең өмiрлiк тәжiрибесi мол, за­ма­нына сай сауаты бар, әрi мәдениеттi кiсi едi. Совхоздың жетiстiктерiне қуанып, үнемi қолдау көрсетiп отыратын – деп еске алып отыратын ауыл шаруашылығының көрнекті өкілі, Қызылорда облысы мен Жалағаш ауданының құрметті азаматы, Еңбек Ерi марқұм Ұзақ Еспанов ағамыз.

Бiрде Мәдениет каналының шлюзiнде оған аудандық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Қ.Қазантаев кездесiп қалады. Аман­дық-саулықтан соң ол: – Қонысбекжан, га­зеттегi мәлiмет бойынша бiздiң совхоз ас­тық тапсырудан бірінші орында тұр. Бiрақ бескүндiктің қорытындысымен басқа совхоз жеңiмпаз болып кеткенi қалай, –деп сұрайды.

Бұған Қонекең риза болады.

– Мәдениеттiң тасы өрге домалайтын себебi, олардың тiлеулес, қамқор қарттары көп, – деп біразға дейiн айтып жүрдi.

Ал бiздiң бескүндiктiң жеңiм­пазы бола алмағанымыз, күрiш тапсырудан алда болға­ны­мыз­бен мал азығын дайындауда кем­шiлiгiмiз бар едi. Сонымен қатар Нұржан ақсақал науқан кезiнде зейнеткерлердi ұйымдастырып, қырманға келiп күрiштi ескі әдіспен шеңгел сыпырғышпен шарлап тазартуға көмек көрсететiн. Бiр жылы «Әлжан шоқалағы» деген жерден тың жердi игердiк. Сол жерге зейнеткерлердi әкелiп, жыңғыл мен шеңгелдiң тамыр­ларын жинауға көмектестi. Содан біз олар­дың өздері жинаған томарларды отын­дыққа түсіріп бермекші болғанбыз. Сонда да Нұржекең марқұм: – Ұзақжан, менің балаларым жұмыс істеп, табыс тауып жүр. Құдайға шүкір, отыннан, жем-шөптен тарыққан күндерім болған емес. Отындыққа осы жолы балалары жас­тау­ларға түсіріп бергенің дұрыс. Сосын «мына ағаңның мінезін білесің» деп, үнемі көмек сұрап жүретін даукестеу бір ақсақалдың атын атап: «Таспен ұрғанды аспен ұр» дегенді де айтып еді, жарықтық біртуар ағамыз. Ол әрдайым ақыл-кеңесiн айтып, өмiрлiк тәжiрибелерiн үйретiп отырды.

КСРО IIМ-ге еңбегi сiңген қызметкер, отставкадағы ішкі қызмет подполковнигі Шалқар Оразымбетов: – Нұржан ағамыз ел тарихын, салт-дәстүрiмiздi жетiк бiлетiн шежiре болатын. Әкеміздің көзін көрген ол-біздерді үнемі қолдап, «айналайындар, аман болыңдаршы» деп отырушы еді. Сосын жартылай әскери үлгiде киiм тiктiрiп киiп, жинақы тап-таза жүретiн, – десе, ауданның құрметтi азаматы, ардагер мар­құм Көптiлеу Тоқсанов ол кiсiнiң көп­шiл көрегендiгi, сөзге шебер, шешендiгi, мәдениеттiлiгi жайлы әңгiмелейдi.

Нұржан Елемесовтың ұтымды тауып айтқан әңгiмелерi де ауылдастары ара­сында көп сақталған. Ендi оның осындай сәт­терде тауып айтқан әңгiмелерiне кезек берсек…

…Қырықыншы жылдардың со­ңында «Бiрлiк» колхозының тө­ра­ғасы болып жүр­генiнде ха­лықтан май жинап, мемлекетке өткiзу жоспары мүлдем орын­далмай қа­лыпты. Себебi ол колхозшылардың жағ­­дайына көбiрек алаңдайтын болған. Ау­даннан келген уәкiл райкомға «қызме­тiңнен алу жайлы ұсыныс түсiремiн» деп зiркiлдегенде: – Уәкiл жолдас, маған бiр аптаға мұрсат берiңiз, осы уақытта жос­парды артығымен орындаймын. Менiң ойластырған резервiм бар. Шошқа құ­дай­дың малы емес пе? Бүгiн Жаңадария бойына өгiз оқты мылтықпен қаруланған бес жiгiттi аттандырамын. Олар жабайы шошқа атады, әдетте олар майлы болады. Сосын шошқа майын үлкен қазанға шыжғыртып, бөтелкеге құйып өткiзiп, жоспарды артығымен орындаймын. Мәскеу жақтағылар шошқа майына кетәрi емес екенiн өзiңiз де бiлесiз, – деп, жазадан құтылып кетiптi.

Берiректе Серiкбай деген ағасы бейіт басындағы биiктеу жердi көрсетiп «олай-бұлай болып кетсем, менi осы жерге қоярсың» дептi. Сол жерде Жұбай деген тағы бiр ағасы «жоқ, бұл жерге мен жатамын» деп, екi ақсақал бейiт басында керiлдесiп, қырықпышақ болыпты. Сонда Нұржекең: – Ағалар-ау, әуелi өлiп көр­сеңдершi, сосын қайыссыңды қай жерге қоямыз, оны бiз шешемiз ғой, – деген екен.

Ауданымызға белгiлi тұлға Сейiтнәби Мұқашов ағамыз Жам­был атындағы кол­хозға (Мәдениет) төраға болғаннан соң ел ағаларын үйiне шақырып, қонақасы берiп, үлкендердiң батасын алыпты. Шай үстiндегi сөздiң кезегi келгенде Нұржекең: – Сейiтнәбижан, мына отырғандардан менiң жасыратыным жоқ, ортамызға келiп жатырсың, байғазым болсын, семiз бiр қой атаймын, – дептi. Әзiл сөз айтқанды ұнататын Сейiтнәби ағамыз: – Аға, бұл биылға атағаныңыз шығар, келер жылы да бiр қой атайтын шығарсыз, – дегенде, Нұржекең iркiлместен: – Ол ендi сенiң бiздi осылай шақырып, шай берiп тұруыңа байланысты, – деген екен.

Ел басқарып еңбегi сiңген Н.Елеме­совтың зиялы қауыммен, өнер адам­да­ры­мен, дiн өкiлдерiмен жақсы қарым-қа­тынаста болғаны ел арасында жиi ай­ты­лады. Сыр сүлейі Жиенбайдың ба­ласы Рүстембек жыраумен құрдас- дос ретiнде жақсы сыйласқан. Ақын-жыраулар Әбілда Жүргенбаев, Балқашбай Жүсiповтермен сый­ласып, тығыз қа­рым-қатынаста болған. Күмiс көмей Кө­ше­нейдi де ауылға арнайы шақырып, жыр-терме айтқызған. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Асқар Тоқмағанбетов екеуі Жаңақорған, Сарыағаш шипажайларында бірге демалып, кейіннен құрдас ретінде сыйластықта болған екен.

1983 жылы Асқар ақын қайтыс болғанда совхоз басшылары және сол кездегі Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты Ұлмекен Төлегеновалармен бірге барып, жа­назасына қатысып, ақын құрдасын ақтық сапарға шығарып салу рәсіміне қа­тысқан. Сондай-ақ жастары кiшi болса да, ақын-жазушылар Темiрше Сарыбаев, Қомшабай Сүйенішов жыршы-термешiлер Сары Рахметов, Жұмабек Аққұловтар секiлдi іні­лерінің өнерiне сүйсiнiп, үнемi қолдау көрсетiп келген. Олардың ақын­дық-жыршылық өнерін халық арасында насихаттаған. «Дiн – апиын» деп шек­теу қойылған кеңестiк кезеңде де хал­қымыздың дiнiн, дәстүрiн құрметтеген ол дiн иелерi Алдашбай ахуннның баласы Асан Мақсұм, Дәулетназар ахунның ба­­ласы Әбiлхақ Мақсұм және Садық ахун­ның баласы Тәжiдин емшiлермен де дос­тық қарым-қатынасын үзбеген. Көргенi мен түйгенi мол қазыналы қария дiнiмiз бен тiлiмiздiң болашағын ойлап, елiмiздiң ертеңiн болжап, әңгiме қозғап отырған.

Соғыс және еңбек ардагерi, марқұм Жауынбай Маханов, қазақша күресте Нұр­жекеңнiң iштен шалу әдiсiн жақсы мең­герген палуан және жас кезiнен атқа шапқан шабандоз, атсейiстiгi жайлы айтып отырушы едi. Ол әрдайым «Нұржекең нағашым ауылдық кеңес төрағасы, колхоз бастығы болып кетпегенде жауырыны жерге тимейтін палуан спортшы болатын еді» деп айтып отырады екен.
Ол халқымен бiрге болып, тұрмысы төмендерге қолдау көр­сеттi. Екi сөзiнiң бiрiнде «маң­дай термен егiлген ел ризығы мем­лекетке де жетедi, халыққа да жетедi» дейдi екен. Соны көре­алмаушылар сыртынан тас атып, домалақ арыз жазды. 1933 жылғы ашаршылық кезінде аштарға таратқан астықты байшылдарға бердi деп арыз жазылып, бiр жарым жылға сотталған. Бiрақ аққа қара жұқпайды, 15 күннен кейiн ақталып шығады.

1951-1952 жылдары қыс өте қатты болғаны біздерге көне көздердің айтулары арқылы белгiлi. Сондағы қақарлы қыстың суығына шыдамай, фермалардағы мал шығыны көп болған. Солардың iшiнде колхоздар iрiленген кезде қосылған қашырым малдардың көпшiлiгi қырылып қалған. 1952 жылы бүкiл Қазақстан бойынша мал санағы жүргiзiледi. Осы санақта өлген малдарды бас пайдасына жаратты деген айыппен Н.Елемесов 12 жылға сотталған. Сондағы тағылған айыбы ферма бойынша 23 бас мал кем шыққан. Бiрақ сол 23 бас кем малдың 18 басы орнына қойылған. Мал басын түгендеуге жора-жолдастары, туған-туысқандары түгел ат салысып көмектеседi. Осының өзінен-ақ оның бұқара халық арасындағы беделінің жоғары болғанын аңғаруға болады.

Ол кездері ауылдағы ағайынның мал-текесі барлары некен-саяқ, көпшілігі жоқ-жұқа жандар болатын. Бір қызығы, 1953 жылдың қаңтар айының жиырма сегізінде оған айып тағылып қамауға алынса, 31 каңтар күні сот үкімі шыққан.

Адамды жазалауға келгенде ковейрлік әдіспен жылдам жұмыс істейтін «кеңестік әділ заң» оның тағдырын үш-ақ күнде шешкен. Сол жылы наурыз айында И.Сталин өліп, көп кешікпей үлкен рахымшылық болғанымен ол бұған ілінбеген. Себебі рахымшылық бірінші кезекте тек қана саяси айып тағылғандарға ғана қатысты болған. Жазасын өтеу орнындағы кездейсоқ қайырымды бір адамның көмегімен ол КСРО басшылығымен Жоғарғы сотқа шағым жолдаған. Сөйтiп КСРО Жоғарғы сотының шешімімен ол бір жылға жетер-жетпес уақытта ақталып шығып, оның партиялық билетi мен мемлекттік наградалары қайтарылған.

Ауылдық кеңес пен бес колхозға төраға болған Н.Елемесов жұбайы Сыздықова Мәми екеуi 4 ұл, 1 қыз өсiрiп, тәлiмдi тәрбие бердi. Немере-шөбере сүйдi. Балалары мен бауырларының келешегiн ойлап, қамқор аға, әке болды. Бәрiнiң оқып, бiлiм алуына ықпал еттi. Ақылман би ағамыз ұрпақтарын адамгершiлiкке, адал еңбек етуге тәрбиелеп, бағыт-бағдар берiп отырды. Бүгiнде мәуелi бәйтеректей өсiп-өнген Нұржановтар әуле­тiнiң тәрбиесiн, тұрмыс-тiршiлiгiн үлгi-өнеге етуге болады.
Тыл және еңбек ардагері Н.Еле­месовтың көп жыл елдi ұжым­дастыру, халық шаруа­шылығын қалпына келтiру жолындағы қа­жырлы еңбегi ескерусiз емес. Атап ай­тар болсақ, «Қазақстанға – 15 жыл», «ОСОАВИАХИМ белсендісі», «Коммунистік ең­бектің екпіндісі» төсбелгілерімен, «Еңбекте үздiк шық­қаны үшiн», «1941-1945 жыл­дардағы Ұлы Отан соғысы кезінде тылдағы қажырлы еңбегi үшiн», «В.И.Лениннiң 100 жылдығы», «Еңбек ардагерi», Бүкiлодақтық халық шаруашылығының жетiстiктерi көрмесiнiң күміс медалдарiмен марапатталған. Сонымен қатар «Ауыл шаруашылығындағы белсенді жұмысы үшін» деп Қазақ КСР-ның «Құрмет» грамотасымен де марапатталыпты.

Бiз осы шағын мақалада об­лыстық, аудандық мұрағаттардан алынған дерек­терге сүйенiп, Н.Еле­месовтың өмiрi мен еңбек жолын таныстырып өттiк. Бүкiл ғұмырын колхоз құрылысын қалып­тастырып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға, туған жерiн түлетуге арнаған ардагер ағаның елге сiңiрген еңбегi, қызметтерi зерттелiп, зерделене жатар. Қазақ халқының бiртуар ұлы Мұстафа Шоқай «Ұлттық зиялылар қатарына тек өз халқының саяси-экономикалық және әлеуметтiк дамуына қалтқысыз еңбек ете алатын адамдар ғана кiре алады. Зиялылардың мiндетi ұлы да қасиеттi болуы себептi өте ауыр» деген екен. Өмiрдiң соқпағы мен тоқпағын көп көрген Нұржекеңнiң ұлтының зиялысы, елiнiң патриоты болғанын бүгiнгi ұрпақ бiлуi тиiс. Бүгінде тыл ардагері марқұм Елемесов Нұржан ақсақалдың ұрпақтары әке-аталарының атынан «Нұржан ата» саябағын және құрметті ардагердің атындағы Мәдениет ауылының тарихынан жасақталған қоғамдық негіздегі музей-үйін ашуға жұмыс жасап жатыр

Серiк БЕРТАЕВ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: