Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

0°C

, Жұма, 13 желтоқсан, 17:54

Тектіден текті туады,
тектілік тұқым қуады

23.07.2023

10089

0

«Тектіден текті туар» дегендей, ауданның дамуына саналы ғұмырын сарп етіп, артынан ерген балалары да әке жолын қуып елдің ертеңіне еңбек етіп жатқан отбасылар Жалағашта жетерлік. Мұндай азаматтардың әрбір ісі кейінгі буынға үлгі-өнеге болары анық. Мақаламыз көрші Аққошқар ауылының тұрғыны Қаппар Ысқақов туралы болмақ. Оның ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына еткен еңбегіне тоқталмай тұрып, өмір жолына терең үңілгенді жөн деп білдім.

Қаппар Ысқақов 1937 жылы Еңбек ауылында Ысқақ Нәлібаев­тың отбасында дүниеге келеді. Ше­шесі тама Өмірбай шешеннің шөбересі Ақбаршын есімді ажарлы келіншек болатын. Әкесі Ысқақ Нәлібаев бірнеше рет майда кол­хоздың төрағасы болып жұмыс істеп, халықты еңбекке ұйыстырды.

Оқуға зерек Қаппар оныншы сыныпты бітіріп, ауылға келіп ұста болып жұмыс істейді. Өзіне бе­рілген автокөлік жоқ, жұмыс ара­сында алқа-салқа болып қалған машинаны қолдан жинап, от ал­дырып қатарға қосып, колхоз тір­лігіне араласып, шопыр болып жұмыс істеп кетті. Техника тілін жетік меңгерген ол кейін Еңбек ауылында механизатор болып жұмыс істеді. Арада үш-төрт жыл өткен соң Ақ­арыққа көлікжай басшысы болып жоғарылады, бір-екі жылдай істеген соң Жаңадария совхозына бас ин­женер болып тағайындалды. Бұл жерде екі-үш жылдай істеген соң аудан әкімі Аққыр колхозына ди­рек­­тор етіп тағайындап, бүтін бір ауыл­дың екінші тынысын ашады деген сеніммен бұл қызметті кейіп­керімізге тапсырады.

Міне, оның қызметте саты­лап өсуіне істеген жұмыста қажыр­лы­ғы мен қайсарлығы, іскер басшы бола білгені сеп болса керек. Сол тұста Аққырдың малы талан-та­ражға түскен болатын. Екі-үш жыл­дың ішінде ол түгендеп, көптеген қылмыстың бетін ашып, ретке кел­тірді. Сол совхоздың адамы, хал­қының тыныс-тіршілігі тәуелді төрт түлігін көбейтуге бар күшін сарп етті. Бір сөзбен айтқанда, ауылда мал шаруашылығын дамытуға бар жағдайды жасады.

Менімен ем алуда бірге болған жасы-кәрісі бар аққырлықтар Қап­пар туралы тек осындай ерлікке толы еңбегін айтып отыратын. Бірде мынадай бір оқиға болды. Қап­­пар демалыс алып сыртқа кет­­­кенде артынан хабар жетеді, «Ойбай жеріміздің 42 мың гекта­рын баса көктеп Қармақшы ау­да­­нының Қалғандария савхозының директоры әл бермей ме­­­­­ха­­­низм­де­рін орып жатыр, енді қайт­­­­пек­піз?» деген хабар жеткен бойда Қап­пар демалысты жинап қойып Ақ­қырға келсе, айтканындай бәрі рас екен, директорына барса, бет қа­ратпайды. «Біздің рұқса­тымыз бар» деген сылтау айтып шығарып салады.

Сол кездегі аудан әкімі Қоныс­бек Қазантаевқа барса, «Мен се­нің Аққырыңның 42 мың гектар жайы­лым шөбі үшін әкім емеспін» деп жүре жауап береді. Содан айдап отырып обкомның бірінші хатшысы Исатай Әбдікәрімов жолдасқа кіріп, барлық жағдайды айтып, Қа­зан­таевтың жүрдім-бардым жауа­­бын да айтады. Исекең «ол сон­дай адам ғой» деп дереу бюро мү­шелерін шақырып, жиналысқа қа­­тысқан кісілердің шешімімен жер­ді қайтарып алғанда аққырлық қа­рия­лар көзіне жас алыпты.

Ауылдың үлкендері әлі күнге дейін сол оқиғаны жыр қылып ай­тады. Осындай қайсарлығымен, тап­қырлығымен халық үшін қыз­мет еткен Қаппарды Ш.А есімді жур­налисіміз қаншама кітапқа жұртты жазғанда, Қаппар Ысқақов туралы ләм деп ауызын ашпаған, шамасы ұмытып кеткен-ау.
Кейін жаңадан келген әкім Сұл­тан Аманов бұл іске қатысты бәрін де жазадан босатты. Қан­шама директорды жазғырып жа­заға тартып жатқанда, Қаппар дін­аман ауылына келіп, бөлімше бас­қарды. Одан кейін завферма болып қызмет атқарды. Көп ұзамай егемендік алғаннан кейін кәсіппен айналысты. Бұл тәуелсіздіктің басы, яғни тоқырау жылдар болатын. Әркім қалаған жағына қарай тіршілік ете бастады. Қаппар бұл кезде көрегенділігімен бес-он отбасымен бірігіп күріш егіп, табысқа жете бастады. Гидротехник баласы Шайзатты кәсіпкерлікке баулыды. Соның арқасында әуелі шағын топпен шыққан Шайзат бірте-бірте жер көлемін, адам санын көбейтіп, егін көлемін де ұлғайтып, күтпеген табысқа жете бастады. Әкесі Қаппар бұл кезде бала жанында ақыл­шы болып көмегін аямады.

Екі-үш жылдың ішінде бытырап жүрген ауыл азаматтары Шайзатқа өздері келіп жерлерін беріп, жұмыс істей бастады. Оларға айрықша құрмет жасап, егін жиналғаннан кейін марапатпен мадақтап, еңбек­терін жоғары бағалап, ақшалай, заттай сыйлықтар табыстады.
Міне, «алмас кездік қап түбінде жатпас» дегендей, Шайзат әке көр­ген адал еңбекті өзіне серік етіп, іскер басшы бола білді. Ол ха­лық­тың әлеуметтік жағдайына өте қатты қарап, ауылдағы бір­неше отбасына баспана салып бер­ді. Ауыл еңбеккерлеріне ­жаңа ав­токөліктер беріп, көшені ас­фальт­­тауға да көңіл бөлді. Қазір ау­дан­дағы шаруа қожалықтардың ал­дыңғы сатысында тұр. Әлі де ауылды көркейте берері анық.

Шайзаттың алға қойған мақсат­тары көп, соның бірі – менің ойымша, туған жерін аймақта еңселі ауыл­дар сапына қосу. Ол ауылын сол деңгейге жеткізді де.

Қаппар Ысқақовтың жеті баласы бар, бәрі де жоғары білімді, жары Кеңескүл – Сүлеймен Қажы кәлпенің қызы, болжамшыл, көріпкелдік қасиеті бар. Қаппардың бүгінгідей пақуатты өмір сүріп жатқанында әуелі Құдай, содан кейін Кеңескүлдің еңбегі бар.

«Алма ағашынан алысқа түс­пейді» деген қазақта керемет сөз бар. Расында солай екенін Еңбектегі Ысқақовтар отбасының бүгінгі ты­нысы қуаттайды. Отбасының ті­регі адал еңбекпен еңсе тіктеп, ба­лаларына да осы жолды өсиет етті. Ал әке жолымен келе жатқан Шайзат та бүгінде көргенінен жаңылмай туған жерін түлетіп, елді мекеннің еңсесін тіктеуде үлкен жобаларды қолға алуда. Мұндай игі істен кейінгі буын үлгі алып, ауылдың әлі де өрісі кеңейетініне сенім мол.

Мұқан МҰРАТБАЙ,
Аламесек ауылдық
округінің ардагері

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: