Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

7°C

, Жексенбі, 13 қазан, 14:58

Халқы «Төбе би» атаған Қырғи

21.07.2023

1565

0

Қазақ халқы мемлекет болып қалыптасуда ғасырлар бойы ата-бабаларымыз түйенің қомында, аттың жалында жүріп, Еуразия кеңістігінде ұланғайыр жерді бүгінгі ұрпаққа аманаттап кетті. Халқымыз ел мен жерін сыртқы жаудан қорғаған батырлар, ел бірлігін пәтуалы сөзімен ұйыстырған шешендер мен билерге¬ кенде болмаған. Өмірқұл баласы Сәрке бабамыздың немересі, заманында батыр, би, дипломат болған Ағайдарұлы Байқадам батырдың замандасы әрі құрдасы Қырғи бидің де даналығы ел аузында. Халқына «Төбе би» атанған Қырғи бидің есімі бүгінде қайта жаңғырып, ұрпақтары баба ерлігін ұлықтауда.

Сарыұлы Қырғи бидің еліне, халқына жасаған ізгі жұмыстары, ғибратты өмір деректері жайлы кезінде Сыр өңірінің көнекөз тарихшы абыз ақсақалдары Камал Бердәулетовтің «Бұқарбай батыр», Мәдібай Баймахановтың «Байқадам батыр» кітаптарында жарық көрген болатын. Бүгінде Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Рысбай Кәрімов Қырғи бидің ерлігін зерттеп және ел есінде сақталған аңыз әңгімелерді жинақтап келеді.

– Бұл күндері Қырғи би жайлы көнекөз қариялардың естеліктерінен біршама зерттеу жүргізіп, баспасөз арқылы оқырмандарды хабардар етіп келеміз. Өткенді ұлықтап, өшкенді қайта жаңғыртуда біз бабаларымыз жайлы тың деректерге, тарихи орындар жайлы мардымды мәліметтерге қол жеткізудеміз. Игі шаралар алдағы уақытта да жалғасын табары сөзсіз, – дейді Р.Кәрімов.

Заманында әділ сөзімен қара қылды қақ жарып, үлкен беделге ие болған Қырғи биге халқы «Төбе би» деген атақ берген. Ол 1774 жылы дүниеге келіп, сексен жасқа жақындап Қараөзек бойында дүниеден озды. Би бабамыз дүниеден өткеннен кейін артында қалған ағайындары сол кездің белгілі тұлғаларына көрсетілетін құрмет үрдісі бойынша үйтам салған. Кесене Қаракеткен елді мекенінің солтүстік шығысына қарай 29 шақырым, Құлжан қыстауынан 9 шақырым қашықта орналасқан. Кесененің салынғанына бір жарым ғасыр өтсе де, үйтам құрылысы жақсы сақталған.

Айта кетейік, 2014 жылы тарихи ескерткіштерді қорғау мекемесі Қырғи би кесенесін мемлекет қорғауына алып, белгі қойған. Бүгінде кесененің ауласы қоршалып, белгі қойылды. Сондай-ақ өткенді ұлықтаған ұрпақ¬тары Бұқарбай батыр ауылына Қырғи биге арнап зәулім ескерткіш тақта орнатты.

Н.Алпысбайұлы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: