Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

10°C

, Жұма, 29 наурыз, 01:47

Таулар алыстаған сайын биіктей түседі

13.02.2021

881

0

«Тірілердің ішінде «өлгендер» көп, өлгендердің ішінде «тірісі» бар»…
Ол да көптің көңілінде жүр. Ұмытылған жоқ. Өйткені артында елі үшін жасаған ісі қалды. Өнерді өмірім деп білді, оны қызғыштай қорыды және оған адал қызмет қылды. Аудан руханиятына ерекше еңбек сіңірді, тұтас ғұмырын арнады. Аудандық мәдениет бөлімінде зейнет демалысына шыққанша режиссер болды және өмірінің ақырына дейін сол ортамен байланысын үзген жоқ.

Қарға бойлы, терең ойлы Тынымбай ағамен таныстығым екі мыңыншы жылдан басталып еді. Сол уақыттан бастап өмірінің соңына дейін ағалы-інілі болып сыйластық. Ол кісінің еңбекқорлығы, өз қызметіне деген сүйіспеншілігі таңғалдыратын. Ол өнер жолында уақытын ғана емес, өзін де аямады. Қашан көрсең де қымқырған ерініне қыстырған шылымының түтіні будақтап, ой үстінде жүретін. Тынымбай ағаның бір орнында байыз тауып отырғанын көрмеппін. Екеуара әңгіменің өзінде бәйгеге қосылатын тұлпардай тыпыршып тұратын-ды. Мерекелер қарсаңында сахналанатын қойылымның дайындығы кезінде тіпті тыныштығы бұзылатын. Толқынданып тұратын аппақ шашын тарақтап артқа қайырып тастап, екі қолын кезек сермеп, рөлін дұрыс алып шықпағандарға гүр-гүр еткенде тұлғасы биіктеп, зорайып кететін. Иә, Тынымбай ағамыздың өзі айтқандай, сахнаның киесі, рухы оны арқаландырып жіберуші еді. Жұрт ойлағандай, өнер жолы тек халықтың қошеметінен ғана тұрмайды. Шын өнердің иесі оның рахатынан гөрі азабын көп тартады. Тынымбай ағамыз да өзі таңдаған жолдың тауқыметін көп көрді. Сахнадағы өмірді жүрегімен сезінді және де оның барша ауыртпалықтары жүрегіне күш түсірді. Солай бола тұра, ол кісі қашанда: «Егер мен өмірге қайта келсем, бәрібір өнер жолын таңдар едім, өйткені бұл – менің тағдырым», – дейтін. Иә, тағдырын, өмірін өнерден бөліп қарамаған адам ғана шын өнер иесі.


Қазақстан Республикасының Мәдениет қай­раткері, Жалағаш ауданының құрметті азаматы Мәдиев Тынымбай Сауранбайұлы 1951 жылы 21 тамызда Жалағаш ауданында дүниеге келді. Осы жердің топырағынан өсіп-өніп шыққан ағамыз кент орталығындағы №123 мектепте орта білім алады. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ арманшыл бала өнерге жақын болады. Өзін өнер жолына түсірген ұстазы Әбдімәлік Жанұзақовты жиі еске алатын. Ұстазы шәкіртінің талантын танып, оны мектепішілік іс-шараларға, соның ішінде сахналық қойылымдарға қосады. Бастауыш сыныптың оқушысы болса да бала Тынымбайдың актерлік қабілеті мұғалімдерін таңғалдырады. 1969 жылы мектепті бітірген бозбала арман арқалап Алматы қаласына аттанады. Сол жылы Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген актриса Мәнуара Абдуллина Алматыдан Сыр еліне арнайы келіп, көзінде оты бар жиырма баланы іріктеп алып кетеді. Солардың ішінде Тынымбай ағамызға да ерекше таңдау түседі. Алайда ол жаққа барған соң Қызылордадан барған жиырма бала тағы да іріктеуден өтіп, екі талапкер ғана оқуға қабылданады. Олардың бірі – Тынымбай ағамыз, ал екіншісі – бүгінде көп сериялы фильмдер арқылы көпшілік көрерменнің көзайымына айналған танымал актер Сағат Жылгелдиев еді. Бір қызығы, жас талапкердің екеуі де Жалағаш ауданынан. Сағат Жылгелдиев – қияндағы Аққыр ауылының түлегі.
Сонымен Тынымбай ағамыз өзінің табиғи талантының арқасында Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры студиясының студенті атанады. Драма актері бөлімінде оқығанымен, қосымша режиссерлік мамандықты да алып шығады. Аталған өнер ордасынан КСРО Халық әртісі, Халық қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетов пен Латвия ССР-нің Еңбек сіңірген өнер қайарткері Алексей Иванович Лакшынның актерлық шеберханасында дәріс алады. Одан бөлек көптеген өнер саңлақтарымен бір сахнада өнер көрсетіп, актерлік шеберлігін шыңдайды. «Қыз жібек» фильмінде Шегенің рөлін сомдаған дарынды актер, Қазақ ССР-ның Халық әртісі Әнуарбек Молдабеков, КСРО Халық әртісі Фарида Шәріпова, КСРО Халық әртісі Серке Қожамқұлов, «Қымызхана» арқылы халық арасына Өкіреш бейнесімен танылған Рахметбай Тілеубасов, Қазақ ССР-ның Халық әртісі Камал Қармысовтармен бірге бірнеше қойылымдарды сахналап, деректі фильмдерге түседі. Тынымбай ағамыз сол жылдарды есіне алғанда: «Негізі өнер адамын өсіретін де, өшіретін де сенім ғой. Маған ұстаздарым үлкен сенім артты. Сахнаның көзге көрінбейтін, тек жүрекпен ғана сезіне алатын қыр-сырын үйретті» деп отырушы еді. Расымен, сол кездің өзінде-ақ ұстаздары жас актерға басты рөлдерді береді. Мәселен, болашақ актер әрі режиссер Тынымбай Мәдиев орыстың әйгілі драматургы Алексей Арбузовтың «Үміт. Сенім. Махаббат» спектакліндегі Смагин ролін сомдап, дипломдық жұмысын қорғайды. Одан соң қазақ өнерінің қара шаңырағы – Мұхтар Әуезов атындағы драма театрында алғашқы еңбек жолын бастайды. Театр ұжымымен одақ көлеміндегі елдерге гастролдық сапарларға шығып, үлкен сахналарда өнер көрсетеді. Театрда С.Қабышовтың «Дала дастаны» спектаклінде шәкірт, Мұстай Кәрімнің «Ұмытпа мені, күнім!» спектаклінде Федор рөлдерін сәтті алып шығады. Одан бөлек Қуат Әбусейітовтың «Біздің Сер-аға» атты деректі фильміне түседі. Алайда екі жылдан соң аяулы Алматыны, ондағы өнерде жүрген ортасын қалдырып, елге қайтуына тура келеді. Елде қалған анасының бір ауыз сөзі үшін 1975 жылы туған жерге оралады. Өзінің туып-өскен жері алыстан келген өнерпаз ұлын құшақ жайып қарсы алады. Ол кез аудан руханиятының кемеліне келіп, толысып тұрған шағы екен. Аз уақыт болса да үлкен ортада тәжірибе жинаған жас маман елге келген бойда аудандық мәдениет үйіне көркемдік жетекші болып орналасады. Ендігі өмірі де, қызмет жолы да туған жерімен тығыз байланысты екенін сезген Тынымбай ағамыз аудан мәдениетін, руханиятын көтеру үшін алдына мақсат қойып, қызметіне белсене кіріседі. «Алтын арай» халық ән-би ансамблінің жетекшісі, мәдениет үйінің әдіскері, мәдениет үйінің директоры қызметтерін атқарады. Жары Күлпәш Әділқасымова «Алтын арай» ансамбліндегі бишілер тобында өнер көрсетеді.
Бірнеше жылдан соң аудандық мәдениет үйі жанынан драма үйірмесін ұйымдастырып, Оразбек Бодықовтың «Қанжар мен Домбыра», Ғабит Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш-Бян Сұлу» қойылымдарын ауданда алғаш болып көрерменге ұсынып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленеді және ондағы Жантық, Жақып секілді басты кейіпкерлердің рөлін өзі сомдайды. Осылайша драма үйірмесінің тынысы ашылып, Қалихан Ысқақтың «Құрымбай және басқалар», Дулат Исабековтың «Кішкене ауыл», Сафуан Шәймерденовтың «Дөкей келе жатыр», Шыңғыс Айтматовтың «Ана – Жер ана» және Сәкен Жүнісовтың «Ажар мен ажал» спектаклдері үшін Жәдігер Тұрсынов атындағы облыстық театр фестивалінде бас жүлдеге ие болып, байқаудың «Үздік режиссер» номинациясымен марапатталады. Осындай тынымсыз еңбектің нәтижесінде тоқсаныншы жылдардың соңына таяу үйірме «Халық театры» атағына ие болады. Сондай-ақ режиссер аудандық мәдениет үйі жанынан «Жаңаша» ойын-сауық отауын және «Арай» мәдени-үгіт бригадасын ұйымдастырып, аудан еңбеккерлеріне қызмет көрсетеді. Сонымен бірге бірнеше әдеби-музыкалық композицияның қоюшы режиссеры болды.
Жоғарыда да айттым ғой, Тынымбай Мәдиевтің еңбекқорлығына таңғалатынмын. Ол өнер жолында өзін құрбан етуге бар еді. Өзі қызмет еткен жылдары ауданның мәдениет саласын бір белеске көтеріп, аудан халқының рухани дамуына айтарлықтай үлес қосты. Елге еткен еңбек еленгені жақсы. Өнер адамының жеке басына атақ пен даңқтың түкке де керегі жоқ. Бар болғаны олар өздеріне шабыт беру үшін және өздерін өнер иесі ретінде сезінуі үшін айналасынан жылы сөзбен қолдау күтеді. Ағамыз аймақтың мәдениет саласына қосқан үлесі үшін әр жылдары Жастар одағының «Алтын масақ» белгісін алды, облыс әкімі стипендиясының иегері атанды, Қазақстан Республикасының «Құрмет Грамотасымен», Президенттің «Алғыс хатымен» марапатталды. Бірнеше мерекелік медальдарды кеудесіне тақты. Бірақ ағамыз үшін ең басты атақ та, даңқ та, марапат та халықтың өзіне, өнерге көрсеткен құрметі мен қошеметі еді. Өзі сахналаған қойылымдары арқылы көрерменді жылатты, жұбатты, күлдірді, жігерлендірді, үмітін оятты. Қысқасы, ол көрерменге өмір сыйлады. Бұл оның өз саласын терең меңгерген кәсіби шеберлігі еді.
Ол кісіде жасының үлкендігіне, атақ-абыройына сүйеніп шалқайып қалу деген жоқ тұғын. Айналасындағы інілеріне олардан бұрын амандасатын және сонысымен қырып-жоймасақ та оқтау жұтқандай боп аспанға қарап тұрған бізді ұялтып тастайтын. Қаншалықты кішіпейіл, көпшіл болса, соншалықты ер мінезді, өткір кісі еді. Жағымпаздық, жәдігөйліктен ада, қараулықты, әділетсіздікті, арсыздықты көргенде қиып түсетін. Майда-шүйде дүниеге бола аласарған адамды жақтырмайтын. Пендешілікке биіктен қарайтын. Кейде басымыз қосылып қалғанда әңгімелесуші едік. Арамыздағы кейбір пысықай жігіттер салып жатқан үйлерін, алған көліктерін айтып мақтанады, енді бірі керісінше, несиесін жаба алмай жүргенін, басқа да отбасылық мәселелерін айтып жүнжіп отырады. Сондайда Тынымбай ағам көзін сығырайтып алып әлгілерге тесіле қарап: «Әй, ондай бытовой әңгімелеріңді үйлеріңе барып, келіннің қасында шәй ішіп отырып айтыңдар. Бұл жердегі тақырып басқа», – деп тиып тастайтын. Ол кісіні өзгелерден даралап, биіктетіп тұратын да осындай ірілігі еді. Оның болмысы пендәуи өлшемдерге сыймайтын. Елге еткен еңбегін бұлдап ешкімнен атақ-даңқ дәметкен жоқ, қызмет сұрамады, кеудесін сыңғырлатып жүретін темір-терсек пен бір жапырақ қағазға бола айтысып-тартыспады, дүние қуып, байлық та жинамады. Қоғамға көңілі толмайтынын ашық айтса да, әлдебіреулер секілді қисынсыз саясат та сапырмайтын. Маған кейде қалжыңдап: «Саясат пен темір-терсекке аллергиям бар» деуші еді.
Қазақстан Республикасының Мәдениет Қайраткері, Жалағаш ауданының Құрметті аза­маты, ауданымыздың мәдени дамуына үлес қосқан, Сыр өңірінің руханиятында ерекше қолтаңбасын қалдырған абзал аға, аяулы азамат Мәдиев Тынымбай Сауранбайұлының ағаш атқа мініп бақиға аттанып кеткеніне де жыл айналып кетіпті. Халықтың есінде қалған, аузында айтылып жүрген адамды өлілердің қатарына қосуға болмайды. «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған». Иә, артына өшпес із қалдырған Тынымбай ағамыздың екінші өмірі басталып кетті…

Қуат АДИС

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: