Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

3°C

, Дүйсенбі, 25 қараша, 00:08

Қайтарымсыз қаржының да сұрауы бар

10.03.2021

467

0

Қазірде әрбір адамның қолынан келетін кез келген кәсіпті бастауына мүмкіндігі мол. Әрине, жұмыссыздықтың жетегінде жүре берсең, «жоқ» деген сөз тұңғиық иіріміне батырып әкетеді. Сол үшін тіршілікте қам қылып, қарекет етуіміз керек. Қаракет қыл дегенде, шет ел асып, жұмыс ізде деп тұрған ешкім жоқ, тек мемлекеттің қамқорлығын маған берілген зор мүмкіндік деп қабылдап, тиімді пайдалана алсаң болғаны. Бүгінде көптеген азамат мемлекет тарапынан көрсетілетін осы қаржылай қолдаудың игілігін көруде және айналасына да шарапатын тигізіп, жұмыссыз жүргендерді жұмыспен қамтып отыр.

2018 жылдан бастап “Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты – Мемлекеттік грант бойынша қаржы бөліне бастады. Нақтырақ айтсақ, 2018 жылы 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 70 жобаға 18,8 миллион теңге қаржы төленсе, 2019 жылы 315 жобаға 100-200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 128,7 миллион теңге көлемінде қаржы қаралған. Одан соң 2020 жылы 254 жобаға 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 139,9 миллион теңге қаржы игерілді. Нәтижесі де жоқ емес. Атап айтсақ, Аққұм ауылдық округінің тұрғыны Жұмабаева Ақмарал кондитерлік өнімдер дайындау мақсатында алған қаржысымен дәмді әрі тәтті тағамдар жасап отыр және оның өнімдері бүгінде тұрғындар тарапынан жоғары сұранысқа ие. Иә, қазірде ауыл халқы дастарханына қажетті тәттілер үшін аудан орталығына сабылмайтын болған. Өз ауылдарынан жасалатын тәттілердің сапасы да жақсы, бағасы да тұтынушылардың қалтасына тиімді. Сонымен бірге Жалағаш кентінің тұрғыны Жанас Асылжан кент орталығынан тез дайындалатын «Фаст-фуд» өнімдерін шығарып, халыққа ұсынуда. Тапсырыс берушілердің көп екенін ұзын-сонар кезектен-ақ байқауға болады. Сонымен бірге кент орталығынан безендіру орталығын ашып, заманауи технологиялар арқылы аудан тұрғындарының тапсырысына сәйкес түрлі мақсаттағы тұрмыстық қажеттіліктерін өтеп отырған кент тұрғыны Гүлнұр Сисеннің кәсібі де өз нәтижесін беріп отырғанын айта кеткеніміз абзал. Одан бөлек өз жобалары негізінде ауылдардан мал шаруашылығын дамытуды қолға алған азаматтарды да айналып өтуге болмайды. «Қалауын тапса, қар жанады». Демек, көзін тапса, кез келген кәсіптен нәсіп көруге болады екен және оған көңіліміз сеніп, көзіміз жетті.

Ал аудандық жұмыспен қамту орталығының бізге берген мәліметі бойынша сөйлесек, 2021 жылы жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 120 адамға 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде мемлекеттік гранттар беру жоспарланып отыр екен. Бұл бағытта республикалық бюджеттен 70 миллион теңге қаржы қаралыпты. Бүгінгі күнге 15 үміткердің жобасы бойынша 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 8,7 миллион теңгеге қаржыландырылған. Қарап отырсаңыз, жылдан-жылға әрбір үміткерге берілетін қайтарымсыз қаржының көлемі ұлғайып келеді. Енді жұмыссыз ретінде тиісті орындарда тіркеліп тұрған кәсіп бастауға ниетті азаматтар осы мүмкіндікті қалт жібермеуге тырысуы керек. Тағы да қайталап айта кетейік, мемлекеттік грант бойынша мал шаруашылығы, құс шаруашылығы, кондитерлік өнімдер, тігін цехын және шағын дәнекерлеу цехын ашуға талаптанған жандар үстеме ақысыз, қайтарымсыз қаржымен қамтамасыз етіледі.

Биыл да аталған бағдарлама бойынша жобаларының келешегі бар деп танылып, қаржылай қолдауға ие болған азаматтар өз кәсіптерін ашып, бағын сынайды. Тек оңай жолмен келген қомақты қаржыны тұрмыстық мұқтаждығын өтеу үшін немесе басқа да жеке мақсатына жұмсап жібермей, оның игілігін өзі және ел көруі тиіс. Бұл орайда жоба жеңімпазы өзінің ашқан кәсібінің қарқыны ай сайын тиісті орындар тарапынан қадағаланатынын есінен шығармағаны жөн. Өкінішке қарай, жобасы мақұлданып, жеңіп алған қаржысына кәсіп ашып және ол шаруасын мандыта алмай отырған азаматтар да жоқ емес. Жуырда аудан әкімі Асылбек Шәменов барлық елді мекендерді аралап, ауыл халқының хал-ахуалымен танысты. Сол сапарында аудан басшысы аталған бағдарламаға қатысып, мемлекеттің қайтарымсыз қаржысына ие болған кейбір жоба жеңімпаздарының жұмысына көңілі толмаған болатын. Мәселенің мән-жайы мен себеп-салдарына қаныққан аудан басшысы алдағы уақытта кәсіп иелеріне шаруасын ширату керектігін ескертті және тиісті мекемелерге олардың жұмыс жүйесін жіті бақылап отыруды тапсырды.

Аталған мемлекеттік бағдарлама бойынша берілген қаржы өз мақсатымен жұмсалар болса, өңірлерде жұмыссыздық деңгейі біршама төмендеп, таңдалған болашағы бар жобалар аудан экономикасының өркендеуіне және халықтың әлеуметтік ахуалының артуына септігін тигізер еді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: