Биыл 8 айда ауданда тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 3 261-ге жеткен. Қазіргі таңда оның 95 пайызы нақты жұмыс жасап тұр. Бірақ 161 кәсіпкерлік субъектісі жұмысын тоқтатқан. Жыл басынан бері тіркелген кәсіпкерлік субъектілері 177-ге көбейген. Аудан әкімі Асқарбек Есжановтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Жасұлан Еспенбет осылай деді.
Күн тәртібіндегі 3 мәселе қаралған жиында алдымен аудандағы кәсіпкерлік саласының даму барысы баяндалды. Жасұлан Ерданұлы оң динамикалық көрсеткіштерге қол жеткізу үшін алдымен кәсіпкерлік саласының дамуына аса мән беру қажеттігін айтады.
Биыл ауданда саланы дамыту бағытында атқарылатын жұмыстардың іс-шаралар жоспары бекітілген. Оны орындауға кент және ауылдық округ әкімдеріне желтоқсанға дейін арнайы жоспар беріліпті. Сол іс-шаралар жоспарының 1 тармағына сәйкес шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің халық санына шаққандағы үлесін 9 пайызға жеткізу туралы тапсырма да бар. Бүгінге дейін аталған көрсеткіш Жалағаш кенті мен Бұқарбай батыр, Жаңадария және Таң ауылдық округтерінде ғана орындалған. Бөлім басшысы Аққұм, Аққыр, Ақсу, Аламесек, Еңбек, Жаңаталап, Қаракеткен, Мақпалкөл, Мәдениет, Мырзабай ахун, М.Шәменов ауылдарында кәсіпкерлік субъектілерінің халық санына шаққандағы үлесі 9 пайыздан төмен екенін жасырмады. Сондай-ақ мемлекеттік және салалық бағдарламалар аясында жыл басынан бері Еңбек ауылдық округінде ешқандай жоба қаржыландырылмаған.
Іс-шаралар жоспарында елді мекендерде жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің үлесін 95 пайызға жеткізу туралы тапсырма да бар. Қыркүйек айына дейінгі мәліметке сүйенсек, аталған көрсеткіш Аққыр, Жаңадария, Мақпалкөл, Таң, Мырзабай ахун, Мәдениет, Ақсу, Жаңаталап, Қаракеткен, М.Шәменов, Еңбек ауылдық округтерінде 95 пайыздан жоғары. Ал Жалағаш кенті мен Аққұм, Аламесек, Бұқарбай батыр ауылдық округтерінде жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің үлесі 95 пайыздан төмен. Осы ретте бөлім басшысы 4 елді мекен әкімінің мәселеге жұмыс жасау қажеттігін қаперіне салды.
Биыл салаға 18 млрд 769 млн теңге инвестиция тарту жоспарланған. 8 айда негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 10,2 млрд теңгені құрады. Осылайша өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда меже 200 пайызға орындалып отыр. Бөлім басшысы жыл қорытындысымен инвестиция көлемін 21,7 млрд теңгеге жеткізуді жоспарлап отырғанын айтады.
Ауданның өнеркәсіп өнімдерін өндіруші мекемелері, кәсіпорындары және жеке секторлары арқылы 8 айда 22 млрд 382 млн теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндірілген. Бұған қатысты меже де өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 144,5 пайызға жоғары орындалған.
Жасұлан Ерданұлы өнеркәсіп өнімдері негізінен «Шиелі жарығы», «ОДСП Арал», «Nomad Solar», «Колжан», «Сыр медиа», «Қызылорда газ тарату жүйесі», «Сыр арна» ЖШС тапсырған есептіліктері арқылы қалыптасатынын айтады. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің көлемі 27,8 пайызға артып, 5 млрд 535 млн теңгенің өнімі өндірілген.
– Өңдеу өнеркәсібінің көлемі «Талапкер», «Таң ЛТД», «Өркен-Әлем», «Мақпалкөл», «Аққұм-Жер», «Агрохимсервис-С», «Арман СОМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің өндірген өнімдерінің көлемімен орындалуда. Сонымен қатар аудан бойынша бөлшек сауда айналымының көлемі 8 айда 1 млрд 966 млн теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 103,3 пайызға орындалып отыр, – дейді бөлім басшысы.
Айта кетейік, мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында шағын және орта кәсіпті бастау немесе жұмыс істеп тұрған кәсібін әрі қарай дамыту бағытында ауданда жыл басынан бері 111 жоба 2 млрд 814,1 млн теңгеге қаржыландырылған. Оның ішінде мал шаруашылығы бойынша 75 жоба 565,6 млн теңгемен қаржылай қолдау тапса, егін шаруашылығы бойынша 18 жоба 1 млрд 412,5 млн, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу бойынша 9 жоба 244 млн, өңдеу саласы бойынша 4 жоба 41,5 млн, қызмет көрсету бойынша 5 жоба 550,5 млн теңгеге қаржыландырылған.
2022-2025 жылдарға арналған «Ұлттық жоба» мемлекеттік бағдарламасы аясында екінші деңгейлі банк арқылы несиенің пайыздық үстемақысын субсидиялау бойынша 9 жоба 761,7 млн теңге қаржылай қолдау тапқан. «Аграрлы Несие Корпорациясы» АҚ-ның облыстық филиалы қаражаты есебінен 51 жоба 537,7 млн теңгеге қаржыландырылған. Ал «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржы ұйымы» ЖШС-ның «Іскер», «Микробизнес Қызылорда» бағдарламасы аясында 28 жобаға 273,5 млн теңге қаралған. Мұнан бөлек «Агробизнес» бағдарламасы аясында «Ауыл» несие серіктестігі» ЖШС арқылы 21 жоба 1224,7 млн теңге қаржылай қолдау тауып, «Қаз Агро Қаржы» АҚ және «Ком Транс Лизинг» ЖШС арқылы 2 жобаға 16,5 млн теңге қаралған.
Ауданда жастарды 2,5 пайыздық несиемен қаржыландыру мақсатында «Аграрлық несие корпарациясы» АҚ-ға жалпы құны 144,9 млн теңгені құрайтын 30 жоба ұсынылған. Жасұлан Ерданұлы мұнан бөлек Мемлекет басшысының ауылдық жерлердегі халық табысын арттыру туралы тапсырмасына сәйкес «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру бойынша жұмыстар жүріп жатқанын айтады.
Бүгінге дейін «Байқоңыр ӘКК» АҚ өндіріс, қызмет көрсету, өсімдік бағытындағы жалпы құны 65,5 млн теңгені құрайтын 7 жобаны мақұлдапты. Оның ішінде өсімдік саласы бойынша 3 жоба 25 млн теңгеге қаржыландырылса, өңдеу саласындағы 3 жобаға 32 млн теңге қаралған. Ал қызмет көрсету саласы бойынша 1 жоба 8,5 млн теңге қаржылай қолдауға ие болған.
Айта кетейік, ауданда шағын кәсіпкерлік субъектілерін біріктіру арқылы 13 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылған. Кооперативтер бойынша 283,2 млн теңгені құрайтын 41 жоба «Байқоңыр ӘКК» АҚ-ның өзге облыстардан немесе шетелден асыл тұқымды мал әкелу жөніндегі талаптарына сәйкес іріктелген. Бөлім басшысы қазіргі таңда 62,6 млн теңгені құрайтын 9 жобаның құжаттары қайта жасақталғанын айтады.
– Биыл ауданда жалпы құны 1 млрд 902 млн теңгені құрайтын 21 жобаны іске асырып, 106 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Қазіргі таңда аталған жобалардан жалпы құны 554 млн теңгені құрайтын 12 жоба іске қосылып, 63 адам жұмыспен қамтылды. Олардың қатарында А.Ермекбаевтың антифриз өндіру цехы бар, жоба құны – 15 млн теңге, кәсіпкер қазіргі таңда 2 адамды жұмыспен қамтып отыр. Сондай-ақ Б.Айбекованың «Жеті-қазына» 120 орындық балабақшасы да бар, жоба құны 200 млн теңгені құрайды. Балабақшада бүгінгі таңда 18 адам жұмыс жасайды. Аудандағы 50 орындық «Арун KIDS» балабақшасы да жұмысын бастады. Жоба құны – 30 млн теңге. Қазіргі таңда онда 9 адам жұмыс жасайды. Мұнан бөлек жалпы құны 100 млн теңгені құрайтын «Сыздық» ШҚ-ның тәулігіне 60 тонна күріш ақтау және жем өндіру зауытында 8 адам жұмыс жасайды. Басқа да бірнеше жоба жүзеге асып, қаншама адам жұмыспен қамтылды, – дейді Жасұлан Ерданұлы.
Бөлім басшысының сөзіне сенсек, жыл соңына дейін жалпы құны 1 млрд 388 млн теңгені құрайтын 9 жобаны іске қосу жоспарда бар екен. Егер меже толық жүзеге асса, 43 жаңа жұмыс орны ашылады.
Биыл ауданда 1 млрд 30 млн теңгені құрайтын екі жоба жұмысын бастайды. Олардың қатарында «Бақдаулет-57» фермер қожалығының жалпы құны 530 млн теңгені құрайтын 100 бас ірі қара малына арналған сүт фермасы бар. Жоба іске қосылған уақыттан бастап ауданда тәулігіне 3 мың литр сүт өңделеді.
Бүгінде сүт фермасының негізгі ғимараттарының құрылысы аяқталған. «Аграрлы несие корпарациясы» АҚ арқылы 364 млн теңге несие берілген. Жоба иесі жеке қаражат есебінен 166 млн теңге бөлген. Жарқын жоба желтоқсанда толық іске қосылып, 10 жаңа жұмыс орны ашылады. Қазіргі таңда Чехия мемлекетінен сүтті ірі қара әкелу бағытында екіжақты келісімшарт жасалуда.
Мұнан бөлек «АВ-AGRO» ЖШС-ның құны 500 млн тенгені құрайтын тәулігіне 30 тонна күріш ақтау және жем өндіру зауыты да бар. Қазіргі таңда негізгі өндіріс ғимаратының құрылысы аяқталып, құрал-жабдықтарды орнату жұмыстары жүргізілуде. Зауыт жұмысын қараша айында бастайды. Жоба іске қосылған уақытта тәулігіне 30 тонна ақ күріш шығарып, 5 тонна жем өндіреді. Кәсіпорын қараша айында толық іске қосылып, 5 адам жұмыспен қамтылады.
Жиында Асқарбек Темірбекұлы кәсіпкерлік әлеуметтің әлеуетін көтеруде, елді мекендердің еңсе тіктеуінде ерекше маңызға ие болғандықтан саланы ілгерілетуде кемшіліктерге жол берілмеу қажеттігін қаперге салды. Сондай-ақ саланы дамытуға бағытталған межеде мүлде төмен көрсеткіш болмау қажеттігін қатаң ескертті.
Былтыр республикалық және облыстық бюджеттен Мәдениет пен Аққұм елді мекеніне су тарату жүйесін аулаішілік су тарату желісін кеңейту, тұтынушыларға су тарату желісінің құрылысына қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары биыл да жалғасқан. Аққұмдағы 1 жоба мамыр айында пайдалануға берілді. Ал Мәдениет елді мекенінде су тарату жүйесін аулаішілік су тарату желісін кеңейту, тұтынушыларға су тарату желісінің құрылысы маусымда аяқталуы тиіс еді. Жоба уақытында ел игілігіне берілмегендіктен облыстың мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап-арыз жолданған. Қазіргі таңда азаматтық іс әлі де қаралуда. Бірақ мердігер мекеме тарапынан бүгінде қалып тұрған жұмыстар толық аяқталыпты. Аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Таңатар Доспанов бұл жоба қыркүйекте қабылданатынын айтады.
Аудандағы құрылыс қарқынын баяндаған бөлім басшысы өңірде мұнан өзге де жобалар жүзеге асып жатқанын жасырмады. Олардың қатарында аудан әкімдігінің ғимаратын табиғи газ жүйесіне қосу, «Ақтерек» учаскесіне инженерлік-инфрақұрылым жүргізу жобалары бар.
Бөлім басшысы халықтың өсу тенденциясына орай тұрғын үй салу үшін жер телімдерін сұрау өтініштері күн сайын артып жатқанын айтады. 2017 жылы «Ақтерек» жер учаскесінен түбегейлі жоспарлау жобасы әзірленген. Онда тұрғын үй салу үшін 511 жер телімі халыққа табысталады. Инженерлік-инфрақұрылым жүргізу мақсатында су ұңғымалары және су жинау-тарату кешеніне, тас жолдар, газ желісі, электр желісі мен ауыз су желілеріне жобалар әзірленіп, республикалық және облыстық бюджеттен құрылыс-монтаждау жұмыстарына қаржы бөлінген. Былтыр желтоқсанда электр желілері қабылданып, су ұңғымалары және су жинау-тарату кешені 2023 жылдың мамыр айында пайдалануға қабылданды. Ауыз су желілері биыл мамыр айында қабылданған. Ал газ желісінің құрылысы жыл аяғына дейін аяқталады.
Бөлім басшысы мұнан бөлек ауылдық елді мекендердегі құрылыс қарқынын да назардан тыс қалдырмады. Аудан әкімі барлық нысанды саларда сапаға ерекше мән беру қажеттігін қаперге салды.
Жиында соңғы мәселе бойынша баяндама жасаған аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысы Ғабит Ерболұлы ауданда жүріп жатқан санитарлық тазалық жұмыстарын кеңінен тарқатты. Аудан әкімі бұл бағыттағы жұмыстарды әлі күшейту қажеттігін қаперге салып, барлық жұмыста бірінші кезекте сапаға аса мән беру қажеттігін қатаң ескертті.
Ерлан СОЗАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!