Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-3°C

, Жұма, 13 желтоқсан, 00:22

Сегіз айлық сараланды

26.09.2023

352

0

Биыл 8 айда ауданда тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 3 261-ге жеткен. Қазіргі таңда оның 95 пайызы нақты жұмыс жасап тұр. Бірақ 161 кәсіпкерлік субъектісі жұмысын тоқтатқан. Жыл басынан бері тіркелген кәсіпкерлік субъектілері 177-ге көбейген. Аудан әкімі Асқарбек Есжановтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Жасұлан Еспенбет осылай деді.

Күн тәртібіндегі 3 мәселе қаралған жиында алдымен аудандағы кәсіп­кер­лік саласының даму барысы баян­далды. Жасұлан Ерданұлы оң дина­микалық көрсеткіштерге қол жет­кізу үшін алдымен кәсіпкерлік са­ла­сының дамуына аса мән беру қа­жет­тігін айтады.
Биыл ауданда саланы дамыту бағытында атқарылатын жұмыстар­дың іс-шаралар жоспары бекітілген. Оны орындауға кент және ауылдық округ әкімдеріне желтоқсанға дейін арнайы жоспар беріліпті. Сол іс-шаралар жоспарының 1 тармағына сәйкес шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің халық санына шақ­қан­дағы үлесін 9 пайызға жеткізу туралы тапсырма да бар. Бүгінге дейін аталған көрсеткіш Жалағаш кенті мен Бұқарбай батыр, Жаңадария және Таң ауылдық округтерінде ғана орындалған. Бөлім басшысы Аққұм, Аққыр, Ақсу, Аламесек, Ең­бек, Жаңаталап, Қаракеткен, Мақ­­пал­көл, Мәдениет, Мырзабай ахун, М.Шәменов ауылдарында кә­сіп­кер­лік субъектілерінің халық са­нына шаққандағы үлесі 9 пайыздан төмен екенін жасырма­ды. Сон­дай-ақ мемлекеттік және сала­лық бағ­дар­ламалар аясында жыл басы­нан бері Еңбек ауыл­дық окру­гін­де ешқандай жоба қаржылан­дырыл­маған.
Іс-шаралар жоспарында елді ме­кендерде жұмыс жасап тұрған кәсіп­керлік субъектілерінің үлесін 95 пайызға жеткізу туралы тапсырма да бар. Қыркүйек айына дейінгі мәлі­метке сүйенсек, аталған көрсеткіш Аққыр, Жаңадария, Мақпалкөл, Таң, Мырзабай ахун, Мәдениет, Ақсу, Жаңаталап, Қаракеткен, М.Шәменов, Еңбек ауылдық округтерінде 95 пайыздан жоғары. Ал Жалағаш кенті мен Аққұм, Аламесек, Бұқарбай батыр ауылдық округтерінде жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің үлесі 95 пайыздан төмен. Осы ретте бөлім басшысы 4 елді мекен әкімі­нің мәселеге жұмыс жасау қажет­тігін қаперіне салды.


Биыл салаға 18 млрд 769 млн теңге инвестиция тарту жоспарланған. 8 айда негізгі капиталға тартылған ин­вестиция көлемі 10,2 млрд теңгені құрады. Осылайша өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда меже 200 пайызға орындалып отыр. Бөлім басшысы жыл қорытындысымен ин­вес­тиция көлемін 21,7 млрд теңгеге жеткізуді жоспарлап отырғанын айтады.
Ауданның өнеркәсіп өнімдерін өндіруші мекемелері, кәсіпорындары және жеке секторлары арқылы 8 айда 22 млрд 382 млн теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндірілген. Бұған қатысты меже де өткен жылдың сәйкес ке­зеңімен салыстырғанда 144,5 пайызға жоғары орындалған.
Жасұлан Ерданұлы өнеркәсіп өнімдері негізінен «Шиелі жарығы», «ОДСП Арал», «Nomad Solar», «Кол­жан», «Сыр медиа», «Қызылорда газ тарату жүйесі», «Сыр арна» ЖШС тапсырған есептіліктері арқылы қа­лып­тасатынын айтады. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің көлемі 27,8 па­йызға артып, 5 млрд 535 млн тең­генің өнімі өндірілген.
– Өңдеу өнеркәсібінің көлемі «Та­­лапкер», «Таң ЛТД», «Өркен-Әлем», «Мақпалкөл», «Аққұм-Жер», «Агро­химсервис-С», «Арман СОМ» жауапкершілігі шектеулі серіктес­тік­терінің өндірген өнімдерінің көле­мі­мен орындалуда. Сонымен қатар аудан бойынша бөлшек сауда айна­лы­мының көлемі 8 айда 1 млрд 966 млн теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 103,3 пайызға орындалып отыр, – дейді бөлім басшысы.
Айта кетейік, мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында ша­ғын және орта кәсіпті бастау немесе жұмыс істеп тұрған кәсібін әрі қарай дамыту бағытында ауданда жыл басынан бері 111 жоба 2 млрд 814,1 млн теңгеге қаржыландырылған. Оның ішінде мал шаруашылығы бойынша 75 жоба 565,6 млн теңгемен қар­жылай қолдау тапса, егін шаруа­шылығы бойынша 18 жоба 1 млрд 412,5 млн, ауыл шаруашылығы тех­ни­касын сатып алу бойынша 9 жоба 244 млн, өңдеу саласы бойынша 4 жоба 41,5 млн, қызмет көрсету бойынша 5 жоба 550,5 млн теңгеге қаржыландырылған.
2022-2025 жылдарға арналған «Ұлттық жоба» мемлекеттік бағдар­ла­масы аясында екінші деңгейлі банк арқылы несиенің пайыздық үс­тем­ақысын субсидиялау бойынша 9 жоба 761,7 млн теңге қаржы­лай қолдау тапқан. «Аграрлы Несие Корпорациясы» АҚ-ның облыстық филиалы қаражаты есебі­нен 51 жоба 537,7 млн теңгеге қаржы­лан­дырылған. Ал «Қызылорда» Өңір­лік инвестициялық орталығы» мик­ро­­­қаржы ұйымы» ЖШС-ның «Іскер», «Микробизнес Қызылорда» бағ­дар­­­­ламасы аясында 28 жобаға 273,5 млн теңге қаралған. Мұнан бө­лек «Агробизнес» бағдарламасы аясында «Ауыл» несие серіктестігі» ЖШС арқылы 21 жоба 1224,7 млн теңге қаржылай қолдау тауып, «Қаз Агро Қаржы» АҚ және «Ком Транс Лизинг» ЖШС арқылы 2 жобаға 16,5 млн теңге қаралған.
Ауданда жастарды 2,5 пайыздық несиемен қаржыландыру мақсатында «Аграрлық несие корпарациясы» АҚ-ға жалпы құны 144,9 млн теңгені құ­райтын 30 жоба ұсынылған. Жасұлан Ерданұлы мұнан бөлек Мем­ле­кет басшысының ауылдық жер­лердегі халық табысын арттыру тура­лы тапсырмасына сәйкес «Ауыл ама­наты» жобасын іске асыру бойынша жұмыстар жүріп жатқанын айтады.
Бүгінге дейін «Байқоңыр ӘКК» АҚ өндіріс, қызмет көрсету, өсімдік бағытындағы жалпы құны 65,5 млн теңгені құрайтын 7 жобаны ма­құл­дапты. Оның ішінде өсімдік саласы бойынша 3 жоба 25 млн теңгеге қаржыландырылса, өңдеу саласындағы 3 жобаға 32 млн теңге қаралған. Ал қызмет көрсету саласы бойынша 1 жоба 8,5 млн теңге қар­жылай қолдауға ие болған.
Айта кетейік, ауданда шағын кәсіп­керлік субъектілерін біріктіру арқылы 13 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылған. Кооперативтер бойынша 283,2 млн теңгені құрайтын 41 жоба «Байқоңыр ӘКК» АҚ-ның өзге облыстардан немесе шетелден асыл тұқымды мал әкелу жөніндегі та­лаптарына сәйкес іріктелген. Бө­лім басшысы қазіргі таңда 62,6 млн теңгені құрайтын 9 жобаның құжат­тары қайта жасақталғанын айтады.
– Биыл ауданда жалпы құны 1 млрд 902 млн теңгені құрайтын 21 жобаны іске асырып, 106 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Қа­зіргі таңда аталған жобалардан жалпы құны 554 млн теңгені құрай­тын 12 жоба іске қосылып, 63 адам жұмыспен қамтылды. Олардың қа­тарында А.Ермекбаевтың анти­фриз өндіру цехы бар, жоба құны – 15 млн теңге, кәсіпкер қазіргі таңда 2 адамды жұмыспен қамтып отыр. Сондай-ақ Б.Айбекованың «Жеті-қазына» 120 орындық балабақшасы да бар, жоба құны 200 млн теңгені құрайды. Ба­лабақшада бүгінгі таңда 18 адам жұмыс жасайды. Аудандағы 50 орындық «Арун KIDS» балабақшасы да жұмысын бастады. Жоба құны – 30 млн теңге. Қазіргі таңда онда 9 адам жұмыс жасайды. Мұнан бөлек жалпы құны 100 млн теңгені құрайтын «Сыздық» ШҚ-ның тәулігіне 60 тонна күріш ақтау және жем өндіру зауытында 8 адам жұмыс жасайды. Басқа да бірнеше жоба жүзеге асып, қаншама адам жұмыспен қам­тылды, – дейді Жасұлан Ерданұлы.
Бөлім басшысының сөзіне сенсек, жыл соңына дейін жалпы құны 1 млрд 388 млн теңгені құрайтын 9 жобаны іске қосу жоспарда бар екен. Егер меже толық жүзеге асса, 43 жаңа жұмыс орны ашылады.
Биыл ауданда 1 млрд 30 млн теңгені құрайтын екі жоба жұ­мы­сын бастайды. Олардың қата­рында «Бақдаулет-57» фермер қожалы­ғы­ның жалпы құны 530 млн теңгені құ­райтын 100 бас ірі қара малына арналған сүт фермасы бар. Жоба іске қосылған уақыттан бастап ауданда тәулігіне 3 мың литр сүт өңделеді.
Бүгінде сүт фермасының негізгі ғимараттарының құрылысы аяқтал­ған. «Аграрлы несие корпарациясы» АҚ арқылы 364 млн теңге несие берілген. Жоба иесі жеке қаражат есебінен 166 млн теңге бөлген. Жарқын жоба желтоқсанда толық іске қосылып, 10 жаңа жұмыс орны ашы­лады. Қазіргі таңда Чехия мемле­кетінен сүтті ірі қара әкелу бағытында екіжақты келісімшарт жасалуда.
Мұнан бөлек «АВ-AGRO» ЖШС-ның құны 500 млн тенгені құрайтын тәулігіне 30 тонна күріш ақтау және жем өндіру зауыты да бар. Қазіргі таңда негізгі өндіріс ғимаратының құрылысы аяқталып, құрал-жаб­дық­тарды орнату жұмыстары жүргізілуде. Зауыт жұмысын қараша айында бастайды. Жоба іске қосылған уақытта тәулігіне 30 тонна ақ күріш шы­­ғарып, 5 тонна жем өндіреді. Кә­сіп­орын қараша айында толық іске қосылып, 5 адам жұмыспен қамтылады.
Жиында Асқарбек Темірбекұлы кәсіпкерлік әлеуметтің әлеуетін көте­руде, елді мекендердің еңсе тік­теуінде ерекше маңызға ие болғандықтан саланы ілгерілетуде кемшіліктерге жол берілмеу қажеттігін қаперге салды. Сондай-ақ саланы дамытуға ба­ғыт­талған межеде мүлде төмен көрсеткіш болмау қажеттігін қатаң ескертті.
Былтыр республикалық және об­лыстық бюджеттен Мәдениет пен Аққұм елді мекеніне су тарату жүйесін аулаішілік су тарату желісін кеңейту, тұтынушыларға су тарату желісінің құрылысына қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары биыл да жалғасқан. Аққұмдағы 1 жоба мамыр айында пайдалануға берілді. Ал Мәдениет елді мекенінде су тарату жүйесін аулаішілік су тарату желісін кеңейту, тұтынушыларға су тарату желісінің құрылысы маусымда аяқталуы тиіс еді. Жоба уақытында ел игілі­гіне берілмегендіктен облыстың ма­ман­дандырылған ауданаралық эко­но­ми­калық сотына талап-арыз жол­данған. Қазіргі таңда азаматтық іс әлі де қаралуда. Бірақ мердігер ме­кеме тарапынан бүгінде қалып тұрған жұмыстар толық аяқталыпты. Аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Таңатар Доспанов бұл жоба қыр­күйекте қабылданатынын айтады.
Аудандағы құрылыс қарқынын баяндаған бөлім басшысы өңірде мұнан өзге де жобалар жүзеге асып жатқанын жасырмады. Олардың қа­та­рында аудан әкімдігінің ғимара­тын табиғи газ жүйесіне қосу, «Ақ­терек» учаскесіне инженерлік-инфра­құрылым жүргізу жобалары бар.
Бөлім басшысы халықтың өсу тенденциясына орай тұрғын үй салу үшін жер телімдерін сұрау өті­ніш­тері күн сайын артып жатқанын айтады. 2017 жылы «Ақтерек» жер учаскесінен түбегейлі жоспарлау жо­­ба­сы әзірленген. Онда тұрғын үй салу үшін 511 жер телімі ха­лыққа табысталады. Инженерлік-инфра­құ­ры­лым жүргізу мақсатында су ұң­ғы­малары және су жинау-тарату кешеніне, тас жолдар, газ желісі, электр желісі мен ауыз су желілеріне жо­балар әзірленіп, республикалық және облыстық бюджеттен құрылыс-монтаждау жұмыстарына қаржы бө­лін­ген. Былтыр желтоқсанда электр желілері қабылданып, су ұңғымалары және су жинау-тарату кешені 2023 жылдың мамыр айында пайдалануға қабылданды. Ауыз су желілері биыл мамыр айында қабылданған. Ал газ желісінің құрылысы жыл аяғына дейін аяқталады.
Бөлім басшысы мұнан бөлек ауыл­дық елді мекендердегі құры­лыс қарқынын да назардан тыс қалдыр­мады. Аудан әкімі барлық нысанды саларда сапаға ерекше мән беру қажеттігін қаперге салды.
Жиында соңғы мәселе бойынша баяндама жасаған аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жо­лау­шылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысы Ғабит Ерболұлы ауданда жүріп жатқан санитарлық тазалық жұмыстарын кеңінен тарқатты. Аудан әкімі бұл бағыттағы жұмыстарды әлі күшейту қажеттігін қаперге салып, барлық жұмыста бірінші кезекте сапаға аса мән беру қажеттігін қатаң ескертті.

Ерлан СОЗАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: