Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-4°C

, Бейсенбі, 26 желтоқсан, 19:35

Жәрмеңке: 175,4 тонна өнім сатылды

07.11.2023

333

0

Сыр өңірінде күз келсе, береке мен молшылық та бірге келеді. Иә, облыс орталығында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі жиі ұйымдастырылуда. Жалағаштық шаруа адамдар да өздерінің жаз бойы баптап өсірген өнімдерін базар нарығынан 15-20 пайыз төмен бағада саудалап, қалалықтармен бөлісуді әдетке айналдырған. Әрине бұл еңбек адамына да, қаладағы тұтынушыға да тиімді. Себебі өздеріңіз білетіндей, биыл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы біршама өсті. Су тапшылығы белең алған уақытта бау-бақша баптау кімге болса да оңай тимейтіні тағы бар. Алайда жаз келсе, қолына сайманын алған Сыр шаруалары биыл да жоқтан бар жасап, біраз өнімге кенелген.

Міне, сенбіде қаладағы Ә.Қашаубаев көшесі мен Жетікөл көшесінің қиылы­сында, яғни Титов қыстағында жәр­меңке ұйымдастырылып, Жер-Ана бер­ген ризықтан бірлігі бекем Сыр халқы кө­теріңкі көңіл-күймен ауыз тиді.
Жергілікті тұрғындар жәрмеңкеде өнімнің бағасынан бөлек сапасына тәнті болып, барынша қыстық азығын қамдап алуға тырысты. Сөрелерден мал азы­ғы­нан бастап, қолөнер бұйымдарын, бау-бақша өнімдерін, көкөністер, күріш, арпа, бидай, мал етін, тұзды дария ба­­лығын кездестіруге болады. Тіпті қой, ешкіні саудалап жатқандарды да байқадық.
Титов қыстағының тұрғыны Әйкерім Абызбаева күз келсе, аудандар ұйым­дастыратын жәрмеңкені асыға күтеді екен. Бүгін де Жа­лағаш ауданының өнім­дерін саудалауға келіпті. Иә, ол да жәрмеңкеде барлық өнімнің арзан бағада сатылып жатқанын жасырмады, сапаға да көңілі толатынын жеткізді. Өзінің айтуынша, үйіне 3 қап картоп пен 2 қап пияз, сондай-ақ жаңадариялық қауын-қарбыз, балық пен сиыр етінен, күріштен молырақ алған.
– Ауыл-аймақтан келетін жәрмеңкені асыға күтеміз. Тек бағасына бола емес, қолдың таза өнімін тұтынғымыз келеді. Дүкен сөрелерінде тұрған өнімдерден қарағанда ауылдың қара топырағында өскен өнімдер дәмді болады. Сол себепті жәрмеңке болады дегенде, де­реу отбасымызбен қажетті азық-тү­лік­тің тізімін жасадық. Биыл ауыл ша­руа­шы­лығы өнімдері, оның ішінде бақша өнімдері мен көкөніс құны айтарлықтай шарықтағандықтан шыны керек, биылғы жәрмеңкеден оңтайлы баға күтпедім. Өйт­кені жазда көкөніс, қауын-қарбыз ба­ғасы мүлде түскен жоқ. Бірақ бүгін бұл пікірімнің теріс болғанына қуанып отырмын. Мұндағы өнімдер бағасының қол­жетімді екенін көріп, қысқа, көктемге жететін мол азық сатып алдық. Өткен жәрмеңкеде Жаңадарияның қарбызын сатып алғанмын, дәміне сөз жоқ. Міне, бүгін де сол қарбыздан молынан алдым. Осындай халық үшін тиімді жәр­меңкені ұйымдастыруға ықпал жа­саған аймақ басшысына алғысымды білдіремін, – дейді қала тұрғыны.
Иә, қалалықтар ауылдағы ағайынға өтініш айтып, ауыл шаруашылығы өнім­дерінен ауыз тиеді, әрине молдау етіп, сатып алайын десе, ауылға жол түсе бермейді. Ал бұл жәрмеңкеде қала тұрғындары өздері шаруа адамдарымен бетпе-бет сауда жасауға мүмкіндік алды. Қалағанынша кәрзеңкені толтырды, сапалы азық-түлікке қолы жетті.
Жалпы соңғы жылдары аудан диқан­дары апта сайын жәрмеңке ұйымдас­тыруды игі дәс­түрге айналдырған. Тұр­ғын­дардың да бұған еті үйреніп, әр сенбі және жексенбі сайын жәрмеңкеге асығып тұрады.
Шалғайдағы Жаңадария ауылының азаматтары Ғазиз Аманкелді мен Айба­тыр Жақып та жәрмеңкеге өз өнім­де­рімен келген. Айтпасақ та белгілі, мақ­сат Жалағаштың брендіне айналған жаңа­дариялық қауын-қарбыздарымен қала жұртымен бөлісу. Ауыл әкімі Рауан Ақпанбетов та шаруалардың жанынан табылған.
– Жәрмеңке болады десе, тұр­ғын­­дардың Жаңадарияның бақша өнім­дерін сұрайтыны белгілі. Сон­дық­тан жәрмекеге өнімді мо­л әке­луге тырыстық. Жаз бойы еңбек адам­дары баптаған қауын-қар­бы­зды, картоп-сәбізді, одан қалды асқабақ, қызылша, жүгерімізді молынан әкелдік. Әрине ниетіміз түзу, сапалы өнімімізді халықпен бөлісу, бір жағынан жаз бойы тер төккен шаруаларға да теңге болсын деген ой. Жаз бойы ауыл маңында қауын-қарбыз ектік, мен де сол егіншілермен таңнан кешке дейін бақша басында бірге жүрдім. Мәселе болды, сол мәселелерді бірге шешуге барымызды салдық. Жасыратыны жоқ, аяқ судан қиыншылық туындады, десе де мойымай тығырықтан шығудың жо­лын бірге іздедік. Міне, бүгін сол өнім­дерді халық алдына әкеліп отырған жайымыз бар. Шүкір, сауда бар, өнімге сұраныс жоғары. Ең бастысы, қауын-қарбызым тұты­нушыларға ұнап жатыр. Әрине маңдай термен, ешқандай қос­пасыз егілген өнімнің тәтті болары анық. Қысқа дейін аудан орталығында да жәрмеңке ұйымдастырылса, баруға дайынбыз, – дейді ауыл әкімі Рауан Ақпанбетов.
Жалпы жәрмеңкеге біздің өңірден 60 автокөлікпен 175,4 тонна өнім жеткізіліп, халыққа арзан бағада ұсынылды. Нақ­­ты­рақ айтсақ, 20 тонна күріш, 95 тонна көкөніс, 45 тонна бақша өнімдері, 2 тон­на же­міс-жидек, 1 тонна балық, 3 тонна ет өнім­дері сөреге қойылған.

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: