Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

3°C

, Дүйсенбі, 25 қараша, 20:52

Әлеуметтік нысандар жұмысымен танысты

06.01.2024

671

0

Бейсенбіде ҚР Парламенті Сенатының депутаты Руслан Рүстемов пен Ақмарал Әлназарова және Мәжіліс депутаты Мұрат Ергешбаев ауданға жұмыс сапарымен келді. Алдымен Есет батыр ауылына табан тіреген халық қалаулылары жуырда пайдалануға берілген дәрігерлік амбулаторияның жұмысымен танысты.

Айта кетейік, былтыр желтоқсан айында Ұлттық жоба аясында Жала­ғаш ауданында 2 амбулатория пайда­лануға берілген болатын. Оның бірі бүгін депутаттар жұмысымен таныс­қан Аламесек ауылдық округінде орна­ласса, дәл осындай емхана мырза­бай­лықтардың да қажетіне жарап тұр. Бүгінде қос елді мекеннің халқы жаңа нысанның игілігін көруде.
Расында ауылдарда бой көтерген медициналық нысандар қызметін бас­тауда. «Ауылдық денсаулық сақ­тауды жаңғырту» жобасының әлеумет­тік ма­ңы­зына жіті мән берген ел ағалары осын­дай ілкімді жобаларды қолға алуда. Президент те ауыл тұрғындарын 100 пайыз сапалы алғашқы меди­циналық көмекпен қамтамасыз етуді күн тәртібіне қойған.
Қазір медициналық қызметтің қол­жетімділігін, денсаулық сақтау инфра­құрылымын одан әрі жаңғырту арқылы саладағы реформалар алға жылжып келеді. Ел Президентінің бастамасымен қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында аймаққа қарасты елді ме­кендерде 27 нысан салынуда. Оның ішінде 20-ға жуық дәрігерлік амбу­латория құрылысы аяқталып, ел игі­лігіне берілген.

Айта кетейік, Аламесек ауылдық округінен ашыл­ған жаңа амбулаторияның лабораториялық құ­рал-жабдық­тарымен көршілес Жаңадария және Еңбек ауылы тұр­ғындарына да медициналық қыз­мет көрсетіледі. Құры­лысты салған «Асар» ЖШС ғи­ма­раттың келушілерге жайлы болуына баса мән берген. Онда тіркеу орны, қа­былдау, дә­рі­хана, оқ­шаулау, физотерапиялық емдеу, егу бөл­мелері, ла­боратория, архив, күндізгі емдеу ста­цио­нары, жалпы тәжірибелік дәрігердің кабинеті бар. Мүм­кіндігі шектеулі жандар үшін де қолайлы жағдай жасалған.
Сапар аясында депутаттар толғандырған мәсе­лелер болса, көтеруге дайын екенін жеткізіп, абзал жандардың жұмысына сәттілік тіледі. Сондай-ақ олар елді са­лауатты өмір салтын ұстануға, ден­сау­лықты күтуге үн­деудің маңы­зына тоқталып, аурудың емін іздегеннен ауыр­мау­дың жолын іздеген бәрінен маңызды екенін тілге тиек етті.
Халық қалаулыларының ауданға сапары Жала­ғаш кентінде жалғасты. Аудан орталығында болған олар ал­дымен кенттегі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құры­лыс жұмыстарымен танысып, құры­лысы тұралап тұр­ған нысанның уақытылы аяқталуын бақылауға ала­тынын жеткізді.
Іс-сапар барысында халықтың талап-тілегіне құ­лақ асып, маңызды мәселелерді түртіп алып жүрген ҚР Парламентінің депутаттары Жалағаш ау­дандық меди­цина саласының қызметкерлерімен пікір ал­масып, ұсы­ныстарын тыңдады. Ақмарал Әлназарова сала маман­да­рымен кездесу барысында ха­лық­тың денсаулық жағ­дайын жақсарту мақ­са­тын­дағы аудандық жаңа емха­наның тұрғындар үшін қолжетімді мүмкіндік екенін айтты. Сондай-ақ Руслан Рүстемов халықтың билікке ашық ойын жеткізе алуы үшін қабылданып жатқан өзгерістер мемлекетіміздегі ашықтықты арттыратынын жеткізді.
Былтыр облыс бюджеті 57 пайызға өсіп, 609 млрд теңгеге жетті. Қаржының басым бөлігі әлеуметтік салаға бағытталды. Оның ішінде медицина саласына 138 млрд 600 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Қызылорда қа­ла­сында 36 млрд 400 млн теңгеге бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құ­рылысы басталды. Құны 2 млрд 900 млн теңгені құ­райтын Қан орталығының да құрылысы қарқынды жүрді. Оған қоса 9 медициналық нысанға күрделі жөндеу жүр­гізіліп, 5 нысанның жылу жүйесі газға ауыстырылды. Көп­бейінді облыстық аурухана жанынан 70 төсектік пери­наталдық орталық са­лынса, қалаға қарасты Досан елді мекенінде меди­циналық бекет, Жаңақорғандағы көп­бейінді аудан­дық аурухана базасында балаларға ар­налған «Қам­қорлық» оңалту орталығының құрылысы қар­қынды жүрді.
Аудандар мен ауылдық округтердегі кезде­су­лердің негізгі жемісі алыстағы ағайынның күрмеулі мәселелерін мінберде қозғап, шешімін табуға жұмыс жасау екенін айт­қан Мұрат Ергешбаев Жалағаш ауданында атқа­рылып жатқан жұмыстарға жоғары баға берді.
Расында соңғы жылдары ауданда ауқымды жобалар жүзеге асты. Қуантарлығы, ел ішіндегі өзекті мәселелер былтыр ауданның әлеуметтік-экономи­калық даму жос­па­рына арқау болды. Бүгінде халық оның игілігін көруде. Ұлу жылында да жүзеге асатын жарқын жобалар жоқ емес.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: