Бүгін Жалағаш ауданы, Таң ауылында ел Президентінің аумақтарды абаттандыру және көгалдандыруды бастау жөніндегі тапсырмасына және облыс әкімі Н.Нәлібаевтың ауыл аймақтарда санитарлық тазарту жұмыстарын жүргізу жөніндегі Үндеуіне сәйкес «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өткізілді.
Акция барысында Таң елді мекенінде ағаш отырғызу, санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізу, аллеяларды және аяқ су келетін арықтар мен каналдарды тазарту жұмыстары атқарылды.
Акцияға аудан әкімі Ардақ Ибраимов, Қазақстанның Еңбек Ері Шағыртаев Имамзада Қуанышбайұлы қатысып, шараның маңыздылығын арттыра түсті.
Сондай-ақ, акцияға ауыл тұрғындары, ауыл ардагерлері, белсенді жастар, еріктілер де өз үлестерін қосты. Жалпы Жалағаш ауданында бүгінге күнге дейін барлығы 7500-ге жуық ағаштар отырғызылып, ауданды көркейту және көгалдандыру жұмыстары белсенді ұйымдастырылуда.
1300-ге жуық тұрғыны бар үлгілі елді мекен тұрғындары тазалықты өз аулаларынан бастауды әдетке айналдырған. Таң ауылына кіреберістен ақ біркелкі жасыл-желектің жайқалуында, абаттандыру жұмыстарының елді мекенге көрік беруінде ауыл тұрғындарының еңбегі зор. Бірлік пен ынтымақты ту еткен жергілікті халық өз аулаларынан бастап, өздері тұратын өлкенің көшелеріне дейін тазалық жұмыстарын жүргізіп, белсене атсалысып келеді.
Өткізілген акцияға елді мекендегі шаруашылық құрылымдарынан 20 техника және 360 адам белсенді түрде қатысты.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!