Спорт – ел мерейін асырып, абыройын тасытатын сала. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаты арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз» деген болатын.
Биыл спортта көк байрағымызды әлемдік додаларда желбіретіп, ел мерейін үстем еткен жерлестеріміз көп. Солардың бірі – Әли Медетбаев. Ол өзінің еңбегінің және намысының арқасында қазіргі таңда ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионы болды. Рас, ауыр темірді көтеру оңай емес, оған арнайы дайындық, мықты денсаулық керек.
Мәселен, спортшының айтуынша, күнделікті жаттығуда темірді серпе көтеруден, жұлқа көтеруден қажетті салмақты бағындырса, міндетті түрде нәтижеге жетері анық. Осындай нәтиженің арқасында спортшы ауыр атлетикадан 6-14 сәуірде Қызылорда қаласында өткен ҚР чемпионатына қатысып, 73 келі салмақта серпе, жұлқа көтеруден, сондай-ақ қоссайыс нәтижесінде алтыннан алқа тағып, спортшы өзіне берген уәдесін орындап, бір емес үш алтынды иеленіп, ел чемпионы атанды.
– Жарыс жоғары дәрежеде өтті. Жұлқа көтеруден 122 келі, қоссайыстан 282 келі жинақтадым. Нәтижеме толықтай көңілім толады. Спортпен шұғылданғаныма өкінбеймін. Спортпен айналысатын әр адам чемпион болуды армандайды. Өзім спортта жетістікке жетуден ерекше әсер аламын. Алғашқы жеңіс кезіндегі әсерімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Жалпы спортқа деген алғашқы қызығушылығым мектеп кезінде ашылды. Ауыр атлетикадан жарысқа шығып, осы спорттағы жолым жаттықтырушымның арқасында басталды, – дейді ол.
Ауыр атлетика – әлемде кең тараған спорт түрі. Ең алғаш бұл спорттан әлемге танылған атақты Қажымұқан, Балуан Шолақ аталарымыз, беріде жерлесіміз Илья Илин еді. Қазір Әлидің бойында дәл сондай патриоттық сезім, қайсар мінез бен намыс барын байқадық.
Расында штанга көтеру оңай емес, кейіпкеріміз айтқандай, мықты дайындық пен денсаулық керек. Жаттығу барысында денені, бұлшық еттерді дұрыс жаттықтырып, қыздыра білу де маңызды. Штанганы тек денені қыздырып алғаннан кейін көтеру керек. Дайындықсыз ешқандай әрекетке бармаған жөн. Әйтпесе жарақат алып қалу қаупі жоғары.
– Ешқандай демалыссыз еңбектенудің арқасында осындай жетістікке қол жеткіздік. Болашаққа деген үмітіміз зор. Ірі халықаралық додаларда топ жарып, әлемдік рекордтарды салуға бар күшімізді саламыз, – дейді №13 спорт мектебі ауыр атлетика бөлімінің жаттықтырушысы Әскербек Тұржанов.
Жас чемпион бұнымен тоқтап қалғысы келмейтінін, жетістіктерін қайталап, бәрінен бірінші орын алып, әлемді бағындырғысы келетінін айтады. Одан бөлек болашақта жаттықтырушысы Әскербек Тұржановтың жолын жалғап, ауылда ауыр атлетикадан жаттықтырушы ретінде шәкірт дайындап, олардан да чемпион шығару туралы арманымен де бөлісті. Бүгінде ҚР спорт шебері Әли – мектеп-интернат-колледжінің түлегі.
Жандос Махмұтұлы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!