Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

5°C

, Сейсенбі, 15 қазан, 11:27

Әли – үш дүркін ел чемпионы

16.04.2024

696

0

Спорт – ел мерейін асырып, абыройын тасытатын сала. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаты арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз» деген болатын.

Биыл спортта көк байрағымызды әлемдік додаларда желбіретіп, ел ме­рейін үстем еткен жерлестеріміз көп. Солардың бірі – Әли Медетбаев. Ол өзінің еңбегінің және намысының арқа­сында қазіргі таңда ауыр атле­тикадан Қазақстан чемпионы болды. Рас, ауыр темірді көтеру оңай емес, оған ар­найы дайындық, мықты денсаулық керек.
Мәселен, спортшының айтуынша, күнделікті жаттығуда темірді серпе көтеруден, жұлқа көтеруден қажетті салмақты бағындырса, міндетті түрде нәтижеге жетері анық. Осындай нә­ти­женің арқасында спортшы ауыр атле­­тикадан 6-14 сәуірде Қызылорда қаласында өткен ҚР чемпионатына қа­тысып, 73 келі салмақта серпе, жұлқа көтеруден, сондай-ақ қоссайыс нәти­жесінде алтыннан алқа тағып, спортшы өзіне берген уәдесін орын­дап, бір емес үш алтынды иеленіп, ел чемпионы атанды.
– Жарыс жоғары дәрежеде өтті. Жұлқа көтеруден 122 келі, қос­сайыстан 282 келі жинақтадым. Нә­тижеме то­лықтай көңілім то­лады. Спортпен шұғыл­данғаныма өкін­бей­мін. Спортпен айналысатын әр адам чемпион болуды армандайды. Өзім спортта жетістікке жетуден ерек­ше әсер аламын. Алғашқы жеңіс кезіндегі әсерімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Жалпы спортқа деген алғашқы қызығушылығым мектеп ке­зінде ашылды. Ауыр атлетикадан жа­рысқа шығып, осы спорттағы жолым жат­тықтырушымның арқасында бас­талды, – дейді ол.
Ауыр атлетика – әлемде кең тара­ған спорт түрі. Ең алғаш бұл спорттан әлемге танылған атақты Қажымұқан, Ба­луан Шолақ аталарымыз, бе­рі­де жер­лесіміз Илья Илин еді. Қазір Әли­дің бойында дәл сондай патриот­тық се­зім, қайсар мінез бен намыс барын байқадық.
Расында штанга көтеру оңай емес, кейіпкеріміз айтқандай, мықты дайын­дық пен денсаулық керек. Жаттығу ба­рысында денені, бұлшық еттерді дұ­рыс жаттықтырып, қыздыра білу де маңызды. Штанганы тек денені қыз­ды­рып алғаннан кейін көтеру керек. Дайын­дықсыз ешқандай әрекетке бар­маған жөн. Әйтпесе жарақат алып қалу қаупі жоғары.
– Ешқандай демалыссыз еңбек­тенудің арқасында осындай жетістікке қол жеткіздік. Болашаққа деген үмітіміз зор. Ірі халықаралық додаларда топ жа­рып, әлемдік рекордтарды са­луға бар күшімізді саламыз, – дейді №13 спорт мектебі ауыр атлетика бөлімінің жаттықтырушысы Әскербек Тұржанов.
Жас чемпион бұнымен тоқтап қал­ғысы келмейтінін, жетістіктерін қай­талап, бәрінен бірінші орын алып, әлемді бағындырғысы келетінін ай­тады. Одан бөлек болашақта жат­тық­тырушысы Әскербек Тұржановтың жолын жалғап, ауылда ауыр атле­ти­ка­дан жаттық­тырушы ретінде шәкірт дайындап, олардан да чемпион шы­ғару туралы арманымен де бөлісті. Бүгінде ҚР спорт шебері Әли – мектеп-интернат-колледжінің түлегі.

Жандос Махмұтұлы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: