Соңғы жылдары елімізде азық-түлік бағасының күрт қымбаттауы тұрғындарды алаңдатқаны рас. Атқарушы билік әлеуметтік маңызы бар азық-түлік құнын мемлекеттік қолдау тетіктері арқылы төмендетуге тырысқанымен, қымбатшылықтың қарқыны қайтпай тұр. Осы ретте Үкіметте вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасына қатысты жағдай қаралды.
Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың мәліметінше, бір апта ішінде 10 түрлі тауардың, атап айтсақ, қырыққабат 9,7, пияз 1,3, қарақұмық жармасы 1,1, тауық еті 0,6, күріш 0,4, күнбағыс майы 0,4, макарон өнімі 0,2, қант, сүзбе және ұн бағасы 0,1 пайызға төмендеген. Жалпы елімізде негізгі азық-түлік бағасының индексі 0,1 пайызға түскен. Баға 11 облыста, әсіресе Алматы, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарында айтарлықтай төмендеген.
Оңтүстік өңірлерде ерте пісетін көкөністерді жинау науқаны басталып жатыр. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтің айтуынша, ерте пісетін картоп – 219 мың тонна, қырыққабат – 105 мың тонна, сәбіз – 32 мың тонна, пияз – 66 мың тонна көлемінде күтілуде. Бұл көлем маусым-шілде айларында халықтың аталған көкөністерге деген қажеттілігін қанағаттандыруға жеткілікті.
– Өндірушілерден мегаполистерге тікелей жеткізуді қамтамасыз ету үшін Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарындағы ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің тізімі құрылды, барлығы 900-ден астам кәсіпорын. Мәліметтер Астана, Алматы және Шымкент әкімдіктеріне көкөністерді жеткізу келісімдерін жасау үшін берілді, – дейді Ербол Тасжүреков.
Ал Сыр өңірінде азық-түлік бағасы, оның ішінде көкөніс бағасының көр-сеткіші басқа аймақтарға қарағанда әлдеқайда тұрақты. Жергілікті билік те алдағы уақытта бақша өнімдерінің бағасы тұрақты болатынын айтады. Бұлай пайымдауға негіз бар. Бүгінде ауыл тұрғындары өздерінің ауласына немес шаруа қожалықтар дайындап берген арнайы жерлерге бақша дақылдарын егуді әдетке айналдырған. Мәселен, былтыр ауданда жеке тұрғындар тарапынан картоп, көкөніс және басқа да бақша дақылдарын егуге 500 гектар жер бөлінген. Сол жерге 921 отбасы 217,3 гектар картоп, 63 гектар көкөніс, 219,7 гектар басқа да бақша дақылдарын еккен. Осылайша жалағаштықтар еңбектің арқасында қыстық азығын жинап алған болатын.
Биыл да бұл үрдіс жалғасын таппақ, тіпті бөлінетін жер көлемі де былтырғыдан көп екен. Ал шаруа қожалықтар былтыр 75 582 центнер картоп, 190022 центнер көкөніс және 283 824 центнер басқа да өнім алған.
Өздеріңізге белгілі, жергілікті шаруа адамдары өзінің өнімдерін жәрмеңкеге әкеліп, қолжетімді бағада саудалауды үрдіске айналдырған. Мәселен, аудандағы «Ер-Әлі» ШҚ бұл мақсатта былтыр картоптың 1 келісін 120 теңгеден, сәбізді 125 теңгеден сатты. Мұнан бөлек аудан бойынша «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының тұрақтандыру қорындағы өнімдері жылжымалы жәрмеңке арқылы тұрғындарға төмен бағамен ұсынылуда. Бұл шаралар да бағаның тұрақтауына сеп болады.
Жандос МАХМҰТҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!