Бүгін аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов көп балалы аналарға Қазақстан Республикасының Президентің Жарлығымен «Алтын алқа», «Күміс алқа» наградаларын табыстады.Бүгінде ауданымызда 1382 көп балалы отбасылар есепте тұрады. Көпбалалы ана, наградталғандар саны – 1026. Оның ішінде 44 ана І және ІІ дәрежелі «Ана Даңқы» орденімен марапатталса, 40-ы Кеңестер Одағының «Батыр ана» атағына ие болған аналар, 304-і – «Алтын алқа», 638-і «Күміс алқа» иегерлері бар.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында ана мен бала жағдайына, еліміздегі демографиялық ахуалына ерекше көңіл бөледі. Президент жолдаулары аясында 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімі сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзартылса, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап айлық есептік көрсеткіш өсіп, жәрдемақылар көлемі де арттырылды.
Сондай-ақ мемлекет басшысының бастамасымен «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағдарламаға сәйкес, Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударыла бастады.
Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалады. Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік беріп, барлық аналарға көрсетілген көмегі. Қуанышты сәтке куәгер қонақтар отбасының түтінін түзу ұшырып қана қоймай, ел болашағы – жас ұрпақты тәрбиелеуде шексіз еңбегі бар нәзік жандылар қауымын наградаларымен құттықтады.
– Әйел тағдыры қай елде де, қай заманда да өзекті мәселелердің бірі. Қазақ халқы қашан да әйел адамды ардақтаған. Әрбір отбасы мемлекеттің алтын діңгегі десек, ондағы берекелі бірлік, ынтымақты тірлік тек жарасымды жанұяда көрініс беретін құндылықтар. Сол жарасымды жанұяны бір мақсат жолында, бір мүддеге көз тіккен, болашаққа деген арман-тілегі бір арнада тоғысып, келер күнге бірге қадам жасайтын, өмірлік көзқарастары, адами болмыстары ұқсас, таным-түйсіктері сәйкес келетін, қысқасы бірін-бірі толықтырып тұратын жандар ғана құрай алады. Барлығы үйлесім тапқан, ері құрметті, әйелі қадірлі отбасында ұятты ұл, ибалы қыз тәрбиеленетіні де даусыз. Ұлы есімді үлкен жауапкершілікпен арқалап, халық санны көбейтуде, бала тәрбиесінде қосып жүрген үлестеріңізге айтар алғысым шексіз. Кеуделеріңізге таққан алтын, күміс алқа құтты болсын. Балаларыңыздың қызығын көріп, бақытты, баянды ғұмыр кешіңіздер, – деді аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов.
Жалпы алтын құрсақты аналарға жылдың қай мезгілінде құрмет көрсетсек те артық етпейді. Дүниенің күретамыры, адамзаттың ардақ тұтар асылы, бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен аяулы жан, тіршіліктің бастауы аналар қауымы барлық жақсылыққа лайықты.
Тарихи тұлғалардың ізін жалғар бүгінгі біздің аналарымыз тек отбасының ғана ұйытқысы емес, олар бүкіл қоғамды алға сүйрейтін, елдің бірлігін күшейтетін, берекесін молайтатын аса қуатты қозғаушы күш. Ана бар жерде өмір бар, тіршілік бар, мейірім бар. Әрбір алтын құрсақты ана мемлекеттің ертеңін тәрбиелеп отырған ардақты жан.
«ЖЖ ақпарат»
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!