Жексенбіде Таң ауылының тұрғындары өз таңдауын жасады. Иә, ауылдық округте өткен сайлауда халық белсенді болды. Олай болатын жөні бар, себебі тұтас бір ауылдың тынысы елдің дұрыс таңдауына тікелей қатысты еді. Бұл жауапкершілікті жергілікті жұрттың түйсінгенін аңғару қиын емес. Бәрі де сайлауда белсенді болды. Міне, халықтың саяси науқанның маңызын уақыт өте түсініп жатқанын осыдан-ақ аңғаруға болады.
Айта кетейік, бұған дейін ауылдық округ әкіміне 3 үміткер нақтыланған. Барлығы да – жас та болса мемлекеттік қызметте тәжірибе жинаған білікті мамандар. Оның бірі аудан әкімдігінде бас инспектор болса, енді бірі ауыл әкімдігінде бас маман қызметін атқарады. Соңғысы – Таңда осыған дейін әкім қызметінде болған Қайрат Сейдахметов. Барлығы да осыған дейін елге баспасөз құралдары арқылы 4 жылдық сайлауалды бағдарламасын ұсынған. Мақсат белгілі, елдің үлкен сенім артатынын бәрі де жақсы біледі. Сондықтан төрт жылда Таңды тындырымды жобалар арқылы түрлендірсем дейді.
Қазыналы қарттар
сайлаудан шет қалмады
Айта кетейік, Таң ауылдық округінде 1304 тұрғын бар, оның 761-і сайлауда дауыс беру құқығына ие. №136 сайлау учаскесіне бірінші келген Жалғасбай Өмірбаев өз таңдауын жасап, саяси науқан өз дәрежесінде өтетініне сенім білдіріп, ақ батасын берді. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы мұндай маңызды шараларда жастарға үлгі болуды өзіне парыз деп есептейді.
Болатбек Жәнібеков атамыз Таңдағы қазыналы қариялардың ең үлкені екен. Жасы тоқсанға таяған атамыз таңмен таласа сайлауда өз таңдауын жасауға асығып келді. Ол әр азамат ел ертеңі, береке-бірлігі мен ауыл тұрғындарының өрісті өмірі үшін дауыс беруге мүдделі екенін айтады. Тізгінді қай азамат ұстаса да, ең бастысы ауыл халқының игілігі үшін қызмет етуі керек екенін де жасырмады.
Болатбек Жәнібеков зейнет жасына дейін де қоғамдық жұмыстардан қол үзбеген. Таң ауылындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы, Жалағаш аудандық ардагерлер кеңесінің тексеру комиссиясының мүшесі және басқа да қоғамдық қызметтерді абыроймен атқарған. Санаы ғұмыры жастарға үлгі болған қария кешегі сайлауда да өскелең ұрпаққа өнеге болды.
– Мен неге ел ертеңі, береке-бірлігі үшін мұндай шаралардан құр қалмау керек деймін? Рас, бұл – тек бір ауылда өтіп жатқан сайлау. Сол ауылдың болашағы өзімізге байланысты екеніне де ешкімнің дауы жоқ. Бірақ осы елді мекеннің бүгіні мен ертеңінің де ел болашағында айрыша орны бар. Міне, келешек үшін келелі істерден шет қалмайық дейтінім де сондықтан. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, ауылымыз көркейе берсін, халық лайықты таңдау жасап, ауылдың болашақ әкімі Таңды түлетуге тер төксін. Сонда біз бүгінгі шарадағы міндетіміздің жемісін көреміз, – деді абыз ақсақал.
Таңда таңмен таласа басталған сайлауда алғашқы дауыс бәрген, ең қарт сайлаушы мен белсенді сайлаушыларға арнайы сыйлықтар табысталды. Сайлау учаскесінде арнайы фотозона ұйымдастырылып, өз таңдауын жасауға келген ауыл тұрғындар ұлттық тағамдардан дәм татты. Тіпті ұлттық ойындардан жарыс та ұйымдастырылды.
Ұстаздар отбасы
өз таңдауын жасады
Атымтай Нәсиұлы саяси науқанға отбасымен түгел келді. Осындай өнегелі отбасының сайлауда төбе көрсетуі де – кейінгі жастарға үлгі. Атымтай Нәсиұлы мен жары Мейрамкүл Тынымбаева саналы ғұмырын білім саласына сарп еткен ардагер ұстаздар. Талай шәкірттің шамшырағына айналған ұлағатты ұстаздар әлі де мұндай маңызды шаралардан шет қалмай жастарға өнеге болуда.
– «Ел ішінде өте маңызды саяси науқан болып жатқанда өз таңдауыңды жасауға асықпау – азаматтық парызды орындамау» деп білемін. Мен осы жасыма дейін елдегі елеулі істерден тыс қалған емеспін. Өйткені мен үшін елдің ертеңі маңызды. Бүгінгі сайлауға отбасыммен келуім де тегін емес. Немерелерім ертең өскенде мұндай шаралардың маңызын түсінетін болады. Сайлауда басым дауыс жинап, ел сенімін арқалайтын азаматқа тек сәттілік тілеймін, – деді ардагер ұстаздар.
Батыр ана ауыл болашағына бейжай қарамайды
Бірлік түбі – береке» деген. Ертемен сайлау учаскесіне келіп, таңдау жасап, саяси науқанға атсалысып жатқан ауылдастарыма ең алдымен ризашылығымды білдіремін. Бұл сайлау бәріміз үшін маңызды. Өйткені еліміздің, өзіміз тұратын ауылдың келешегі үшін маңызды қадамдар жасалуда.
Алтынқұрсақты ана Ажаркүл Тәшенова осылай деді. Он бала тәрбиелеп өсірген батыр ана бүгінде перзенттерінен тараған немере-шөберелерінің қызығын көріп отыр. Отбасының береке-бірлігін, қазақы қаймағын сақтап отырған анамыз саяси науқанға ұлттық киіммен келіп, көз сүйсіндірді.
Сайлау учаскесінде маңызды шара жоғары деңгейде өтті. Сайлаушылар өз таңдауын жасауға асығып, ауылдың береке-бірлігі мен тату-тәтті тірлігінің көпке үлгі екенін дәлелдеді. Сенім артқан үміткерге дауыс берген сайлаушылар қатарында Тәжік-ауған соғысының ардагері, Семей ядролық сынақ алаңында болған ардагерер мен өзге ұлт өкілдері де болды.
Еңбек Ері де төбе көрсетті
Саяси науқанға дауыс беруге келген сайлаушылардың бірі – Қазақстанның Еңбек Ері Имамзада Шағыртаев. Ол бұл саяси науқанның маңызы зор деп есептейді.
– «Елдің, өзіміз тұратын ауылдың болашағына тамшыдай болса да үлес қосамын» деген әрбір адамда түсінік қалыптасуы керек. Үміткерлердің сайлауалды бағдарламасында өңірдегі, ауылдағы әлі де атқарылатын жұмыстар, жарқын жобалар қамтылған. Мұның бәрі жүзеге асса, ауылымыз көркейіп, экономикасы дамып, әлеуметтің әлеуеті артады деп сенемін. Елдің сенімі ақталып, таңда тың жобалар жүзеге ассын, – деді Имамзада Қуанышбайұлы.
Айта кетейік, Имамзада Шағыртаев – Таң ауылының таңғажайып күйге енуіне, көркейіп-гүлденуіне маңдай терін төгіп жүрген азамат. Еңбек Ерінің игі бастамаларын, Таңның дамуы жолындағы жұмыстарын, қайырымдылық шараларын аудан жұрты жақсы біледі.
Ауыл жанашыры И.Қуанышбайұлы төрағалық ететін «Таң ЛТД» шаруа қожалығы бірнеше жылдан бері ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және өңдеумен айналысады. Шаруашылықтың жалпы егістік көлемі – 5236 гектар. Оның ішінде Сырдың басты дақылы күріш – 3000 гектар. Мұнан бөлек 1480 гектар жоңышқасы тағы бар. Ал қалған 580 гектары – жайылымдық жер.
Шаруашылық соңғы жылдары егісті әртараптандыруға басымдық берген. Яғни суды аз қажет ететін жүгері, мақсары және басқа да бақша дақылдарын өсіруді де қолға алуда. Бүгінде серіктестіктегі төрт түлік саны 600-ге жуықтаған.
Іскер азамат бүгінде шаруасын ширатып, 400-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Оның 225-і – Таң ауылының тұрғыны. 2011 жылдан бастап шаруашылықтың техника паркі түгел жаңартылған. Серіктестік жалпы құны 1,8 млрд теңгені құрайтын 6 күріш оратын және 13 күріш бастыратын «Джондир» комбайны, 10 лазерлік жер тегістегіш, 36 трактор, 13 автомашина, 2 астық тиегіш, 1 экскаватор, 2 погрузчик, 1 автогрейдермен қамтылған. 2012 жылы облыста алғаш рет жалпы құны 30 млн теңгені құрайтын жаңа технологияларды пайдалана отырып, тамшылатып суару әдісімен картоптың «Gala» сұрпын екті. 2019 жылы «тұқым шаруашылығы» статусын алып, қазіргі таңда аудан шаруашылықтарын I репродукциялы «Лидер» сұрпымен қамтамасыз етуде. Сапалы тұқым дайындау үшін 86 млн теңгеге тұқым тазалау қондырғысын алдырды.
Кәсіпкер осыған дейін жалпы құны 400 млн теңгені құрайтын үлкен 2 күріш зауытын іске қосқан. Қазіргі таңда өндіріс орнында 30 адам тұрақты жұмыс жасайды. Тәулігіне 200 тонна күріш ақтайтын қос цехта күрішті егуден бастап, сатуға дейінгі жұмыстар бір ізге түскен. Іскер азамат 2022 жылы Ресей, Иран, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттеріне 2 мың тонна күріш экспорттаса, былтыр бұл көрсеткіш 5 мың тоннаны құрады.
Қазір аяқ су қат болған шақта суды үнемдеу ерекше маңызға ие. Имамзада Шағыртаев басшылық ететін шаруашылықта аяқ суды үнемдеу де жолға қойылған. Суды 60-70 пайызға үнемдеу және ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру мақсатында қытайлық инвесторлармен бірге Шиелі ауданында жалпы көлемі 3 мың гектар жерге жүгеріні тамшылатып суару әдісімен егу жобасын қолға алды. Жобаның жалпы құны – 1,2 млрд теңге.
Мұнан бөлек Еңбек Ері 2018 жылы жалпы құны 150 млн теңгені құрайтын ет өңдеу цехын салып, бүгінде жартылай дайын өнімдерді әзірлеуде. Қазір өндіріс ошағы тәулігіне 1 тонна консервіленген ет шығарады.
Ол тапқанын «тек өзіме болсын» дейтіндердің сұрпынан емес. Қай жерде кәсібін бастаса, сол өңірдің халқының әлеуметтік жағдайы оны бейжай қалдырмады. Туған жерін түлету мақсатында да ауылынан ілкімді жобаларды қолға алып, елдің игілігіне жұмыс жасады. Осыған дейін Таң ауылдық округіне жалпы құны 1 млрд 56 млн теңге демеушілік етті. Іскер азамат туған жерінде жалпы құны 300 млн теңгеге 120 орындық «Таң бөбегі» балабақшасын салып берді. Қазіргі таңда онда 21 адам жұмыспен қамтылған. 56 млн теңгеге спорт кешенін ашып, 16 адамның тұрақты жұмыспен қамтылуына қолғабыс етті. Ертең аядай ауылдағы шағын кешеннен байрағымызды биіктен желбіретіп, әнұранымызды әлемдік додаларда шырқататын жастардың шықпасына кім кепіл. Міне, осы ретте оның тек ауылдың әлеуетіне ғана емес, жастардың да болашағына алаңдайтын азамат екенін аңғару қиын емес. Мұнан бөлек кәсіпкер 70 млн теңгеге Таңда Ұлы Отан соғысында қаза тапқан ардагерлерге арналған ескерткіш орнатты. 2021 жылы ауыл ішін абаттандыру мақсатында 130 млн теңгеге үлкен М-32 трассасы мен ауыл ортасындағы жол бойына жарық шамдарын орнатып, көшенің қос бетіне қоршау жұмыстарын жүргізді.
Шаруашылық еңбеккерлерін ынталандыру және еңбек өнімділігін арттыру мақсатында 2011 жылдан бері жыл сайын үздік нәтиже көрсеткен диқандар мен механизаторларға 6 жеңіл автокөлік, 300 млн теңге қаржылай сыйақы беруді дәстүрге айналдырды. Игі дәстүр былтыр да жалғасын тауып, серіктестік еңбеккерлері темір тұлпар тақымдады. Енді Еңбек Ері 10 отбасына тұрғын үй салып жатыр. Туған жерді түлетуге тер төккен азамат кешегі сайлауда ауылын абаттандыруда әлі де аянып қалмайтынын жеткізіп, өсіп-өнген өлкенің болашағы бейжай қалдырмайтынын тілге тиек етті.
Жалпы ауыл жұрты саяси науқанда белсенді болды. бұдан туған жердің ертеңі үшін жергілікті халықтың қарап қалмайтынын аңғардық. Қорытындысына келсек, сайлаушылардың басым дауысын жинаған Қайрат Сейдахметов Таң ауылдық округінің әкімі болды.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!