Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

3°C

, Сәрсенбі, 16 қазан, 08:52

Таңдықтар таңдау жасады

17.09.2024

146

0

Жексенбіде Таң ауылының тұрғындары өз таңдауын жасады. Иә, ауылдық округте өткен сайлауда халық белсенді болды. Олай болатын жөні бар, себебі тұтас бір ауылдың тынысы елдің дұрыс таңдауына тікелей қатысты еді. Бұл жауапкершілікті жергілікті жұрттың түйсінгенін аңғару қиын емес. Бәрі де сайлауда белсенді болды. Міне, халықтың саяси науқанның маңызын уақыт өте түсініп жатқанын осыдан-ақ аңғаруға болады.

Айта кетейік, бұған дейін ауылдық округ әкіміне 3 үміткер нақтыланған. Бар­лығы да – жас та болса мемлекеттік қызметте тәжірибе жинаған білікті ма­мандар. Оның бірі аудан әкімдігінде бас инспектор болса, енді бірі ауыл әкімдігінде бас маман қызметін атқа­рады. Соңғысы – Таңда осыған дейін әкім қызметінде болған Қайрат Сейдах­метов. Барлығы да осыған дейін елге баспасөз құралдары арқылы 4 жылдық сайлауалды бағдарламасын ұсынған. Мақсат белгілі, елдің үлкен се­нім ар­татынын бәрі де жақсы біледі. Сон­дықтан төрт жылда Таңды тынды­рымды жобалар арқылы түрлендірсем дейді.

Қазыналы қарттар
сайлаудан шет қалмады

Айта кетейік, Таң ауылдық округінде 1304 тұрғын бар, оның 761-і сайлауда дауыс беру құқығына ие. №136 сайлау учаскесіне бірінші келген Жалғасбай Өмірбаев өз таңдауын жасап, саяси науқан өз дәрежесінде өтетініне сенім білдіріп, ақ батасын берді. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы мұндай маңызды шараларда жастарға үлгі болуды өзіне парыз деп есептейді.
Болатбек Жәнібеков атамыз Таңдағы қазыналы қариялардың ең үлкені екен. Жасы тоқсанға таяған атамыз таңмен таласа сайлауда өз таңдауын жасауға асығып келді. Ол әр азамат ел ертеңі, береке-бірлігі мен ауыл тұрғындарының өрісті өмірі үшін дауыс беруге мүдделі екенін айтады. Тізгінді қай азамат ұстаса да, ең бастысы ауыл халқының игілігі үшін қызмет етуі керек екенін де жасырмады.
Болатбек Жәнібеков зейнет жасына дейін де қоғамдық жұмыстардан қол үзбеген. Таң ауылындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы, Жалағаш ау­дан­дық ардагерлер кеңесінің тексеру ко­мис­­сиясының мүшесі және басқа да қоғамдық қызметтерді абыроймен ат­қар­­ған. Санаы ғұмыры жастарға үлгі бол­ған қария кешегі сайлауда да өске­лең ұрпаққа өнеге болды.
– Мен неге ел ертеңі, береке-бірлігі үшін мұндай шаралардан құр қалмау керек деймін? Рас, бұл – тек бір ауылда өтіп жатқан сайлау. Сол ауылдың бо­ла­шағы өзімізге байланысты екеніне де ешкімнің дауы жоқ. Бірақ осы елді мекеннің бүгіні мен ертеңінің де ел болашағында айрыша орны бар. Міне, келешек үшін келелі істерден шет қал­майық дейтінім де сондықтан. Елі­міз аман, жұртымыз тыныш болсын, ауы­лымыз көркейе берсін, халық лайықты таңдау жасап, ауылдың болашақ әкімі Таңды түлетуге тер төксін. Сонда біз бү­гінгі шарадағы міндетіміздің жемісін кө­реміз, – деді абыз ақсақал.
Таңда таңмен таласа басталған сай­лауда алғашқы дауыс бәрген, ең қарт сайлаушы мен белсенді сай­лау­шыларға арнайы сыйлықтар та­быс­тал­ды. Сайлау учаскесінде арнайы фо­­то­зона ұйымдастырылып, өз таң­да­уын жасауға келген ауыл тұрғындар ұлт­тық тағамдардан дәм татты. Тіпті ұлт­тық ойындардан жарыс та ұйымдас­тырылды.

Ұстаздар отбасы
өз таңдауын жасады

Атымтай Нәсиұлы саяси науқанға отбасымен түгел келді. Осындай өнегелі отбасының сайлауда төбе көрсетуі де – кейінгі жастарға үлгі. Атымтай Нәсиұлы мен жары Мейрамкүл Тынымбаева са­налы ғұмырын білім саласына сарп ет­кен ардагер ұстаздар. Талай шәкірттің шамшырағына айналған ұлағатты ұс­таз­­­дар әлі де мұндай маңызды шара­лар­­­дан шет қалмай жастарға өнеге болуда.
– «Ел ішінде өте маңызды саяси науқан болып жатқанда өз таңдауыңды жасауға асықпау – азаматтық парызды орындамау» деп білемін. Мен осы жа­сыма дейін елдегі елеулі істерден тыс қалған емеспін. Өйткені мен үшін ел­дің ертеңі маңызды. Бүгінгі сайлауға от­ба­сыммен келуім де тегін емес. Не­ме­релерім ертең өскенде мұндай шара­лардың маңызын түсінетін болады. Сай­­лауда басым дауыс жинап, ел сені­мін арқалайтын азаматқа тек сәттілік тілеймін, – деді ардагер ұстаздар.

Батыр ана ауыл болашағына бейжай қарамайды

Бірлік түбі – береке» деген. Ертемен сайлау учаскесіне келіп, таңдау жасап, саяси науқанға атсалысып жат­қан ауыл­дастарыма ең алдымен ризашы­лы­ғымды білдіремін. Бұл сайлау бәріміз үшін маңызды. Өйткені еліміздің, өзі­міз тұратын ауылдың келешегі үшін ма­ңыз­ды қадамдар жасалуда.
Алтынқұрсақты ана Ажаркүл Тәше­но­ва осылай деді. Он бала тәрбиелеп өсірген батыр ана бүгінде перзенттерінен тараған немере-шөберелерінің қызығын көріп отыр. Отбасының береке-бірлігін, қазақы қаймағын сақтап отырған ана­мыз саяси науқанға ұлттық киіммен келіп, көз сүйсіндірді.
Сайлау учаскесінде маңызды шара жоғары деңгейде өтті. Сайлаушылар өз таңдауын жасауға асығып, ауылдың береке-бірлігі мен тату-тәтті тірлігінің көпке үлгі екенін дәлелдеді. Сенім арт­қан үміткерге дауыс берген сай­лау­шы­лар қатарында Тәжік-ауған соғы­сы­ның ардагері, Семей ядролық сынақ алаңын­да болған ардагерер мен өзге ұлт өкілдері де болды.

Еңбек Ері де төбе көрсетті

Саяси науқанға дауыс беруге келген сайлаушылардың бірі – Қазақстанның Еңбек Ері Имамзада Шағыртаев. Ол бұл саяси науқанның маңызы зор деп есептейді.
– «Елдің, өзіміз тұратын ауылдың болашағына тамшыдай болса да үлес қосамын» деген әрбір адамда түсінік қалыптасуы керек. Үміткерлердің сай­лау­алды бағдарламасында өңірдегі, ауылдағы әлі де атқарылатын жұ­мыс­тар, жарқын жобалар қамтылған. Мұның бәрі жүзеге асса, ауылымыз көркейіп, экономикасы дамып, әлеуметтің әлеуеті артады деп сенемін. Елдің сенімі ақталып, таңда тың жобалар жүзеге ассын, – деді Имамзада Қуанышбайұлы.
Айта кетейік, Имамзада Шағыртаев – Таң ауылының таңғажайып күйге енуіне, көркейіп-гүлденуіне маңдай те­рін төгіп жүрген азамат. Еңбек Ерінің игі бастамаларын, Таңның дамуы жолын­дағы жұмыстарын, қайырым­дылық ша­раларын аудан жұрты жақсы біледі.
Ауыл жанашыры И.Қуанышбайұлы төрағалық ететін «Таң ЛТД» шаруа қо­жалығы бірнеше жылдан бері ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және өңдеумен айналысады. Шаруашы­лық­тың жалпы егістік көлемі – 5236 гектар. Оның ішінде Сырдың басты дақылы күріш – 3000 гектар. Мұнан бөлек 1480 гектар жоңышқасы тағы бар. Ал қалған 580 гектары – жайылымдық жер.
Шаруашылық соңғы жылдары егіс­ті әртараптандыруға басымдық бер­ген. Яғни суды аз қажет ететін жү­гері, мақсары және басқа да бақша дақыл­дарын өсіруді де қолға алуда. Бүгінде серіктестіктегі төрт түлік саны 600-ге жуықтаған.
Іскер азамат бүгінде шаруасын ши­ратып, 400-ден астам адамды жұ­мыспен қамтып отыр. Оның 225-і – Таң ауылының тұрғыны. 2011 жылдан бастап шаруашылықтың техника паркі түгел жаңартылған. Серіктестік жалпы құны 1,8 млрд теңгені құрайтын 6 күріш оратын және 13 күріш бастыратын «Джондир» комбайны, 10 лазерлік жер тегістегіш, 36 трактор, 13 автомашина, 2 астық тиегіш, 1 экскаватор, 2 погрузчик, 1 автогрейдермен қамтылған. 2012 жы­лы облыста алғаш рет жалпы құны 30 млн теңгені құрайтын жаңа тех­но­логияларды пайдалана отырып, там­шылатып суару әдісімен картоптың «Gala» сұрпын екті. 2019 жылы «тұқым ша­руашылығы» статусын алып, қазіргі таңда аудан шаруашылықтарын I реп­родукциялы «Лидер» сұрпымен қам­тамасыз етуде. Сапалы тұқым дайын­дау үшін 86 млн теңгеге тұқым тазалау қондырғысын алдырды.
Кәсіпкер осыған дейін жалпы құны 400 млн теңгені құрайтын үлкен 2 күріш зауытын іске қосқан. Қазіргі таңда өн­діріс орнында 30 адам тұрақты жұмыс жасайды. Тәулігіне 200 тонна күріш ақ­тайтын қос цехта күрішті егуден бастап, сатуға дейінгі жұмыстар бір ізге түскен. Іскер азамат 2022 жылы Ресей, Иран, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттеріне 2 мың тонна күріш экспорттаса, былтыр бұл көрсеткіш 5 мың тоннаны құрады.
Қазір аяқ су қат болған шақта суды үнемдеу ерекше маңызға ие. Имам­зада Шағыртаев басшылық ететін ша­руашылықта аяқ суды үнемдеу де жолға қойылған. Суды 60-70 пайызға үнемдеу және ауыл шаруашылығы са­ласын әртараптандыру мақсатында қы­тайлық инвесторлармен бірге Шиелі ауданында жалпы көлемі 3 мың гектар жерге жүгеріні тамшылатып суару әдісімен егу жобасын қолға алды. Жобаның жалпы құны – 1,2 млрд теңге.
Мұнан бөлек Еңбек Ері 2018 жылы жалпы құны 150 млн теңгені құрайтын ет өңдеу цехын салып, бүгінде жартылай дайын өнімдерді әзірлеуде. Қазір өндіріс ошағы тәулігіне 1 тонна консервіленген ет шығарады.
Ол тапқанын «тек өзіме болсын» дей­тіндердің сұрпынан емес. Қай жерде кәсібін бастаса, сол өңірдің хал­қы­ның әлеуметтік жағдайы оны бей­жай қалдырмады. Туған жерін түлету мақсатында да ауылынан ілкімді жо­ба­ларды қолға алып, елдің игілігіне жұ­мыс жасады. Осыған дейін Таң ауыл­дық округіне жалпы құны 1 млрд 56 млн теңге демеушілік етті. Іскер азамат туған жерінде жалпы құны 300 млн теңгеге 120 орындық «Таң бө­бегі» балабақшасын салып берді. Қа­зіргі таңда онда 21 адам жұмыспен қам­тылған. 56 млн теңгеге спорт кешенін ашып, 16 адамның тұрақты жұмыспен қам­тылуына қолғабыс етті. Ертең аядай ауылдағы шағын кешеннен бай­ра­ғымызды биіктен желбіретіп, ән­ұра­­нымызды әлемдік додаларда шырқа­татын жастардың шықпасына кім кепіл. Міне, осы ретте оның тек ауылдың әлеуе­тіне ғана емес, жастардың да бо­ла­шағына алаңдайтын азамат екенін аңғару қиын емес. Мұнан бөлек кәсіпкер 70 млн теңгеге Таңда Ұлы Отан соғы­сында қаза тапқан ардагерлерге ар­нал­ған ескерткіш орнатты. 2021 жылы ауыл ішін абаттандыру мақсатында 130 млн теңгеге үлкен М-32 трассасы мен ауыл ортасындағы жол бойына жарық шам­дарын орнатып, көшенің қос бетіне қоршау жұмыстарын жүргізді.
Шаруашылық еңбеккерлерін ынта­ландыру және еңбек өнімділігін арттыру мақсатында 2011 жылдан бері жыл сайын үздік нәтиже көрсеткен диқандар мен механизаторларға 6 жеңіл авто­көлік, 300 млн теңге қаржылай сыйақы беруді дәстүрге айналдырды. Игі дәс­түр былтыр да жалғасын тауып, се­рік­тестік еңбеккерлері темір тұлпар та­қымдады. Енді Еңбек Ері 10 отбасына тұрғын үй салып жатыр. Туған жерді тү­­летуге тер төккен азамат кешегі сай­лауда ауылын абаттандыруда әлі де аянып қалмайтынын жеткізіп, өсіп-өнген өлкенің болашағы бейжай қалдыр­май­тынын тілге тиек етті.
Жалпы ауыл жұрты саяси науқанда белсенді болды. бұдан туған жердің ертеңі үшін жергілікті халықтың қа­рап қалмайтынын аңғардық. Қоры­тын­ды­сына келсек, сайлаушылардың басым дауысын жинаған Қайрат Сей­дах­метов Таң ауылдық округінің әкімі болды.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: