Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-2°C

, Сәрсенбі, 25 желтоқсан, 18:24

Мемлекеттік тіл – қызмет тілі

24.12.2024

60

0

Мемлекеттік тіл – тәуелсіз Қазақстанның басты байлығы, оған ешкімнің таласы жоқ. Ал оның қолданыс аясын кеңейту – ортақ міндет. Мемлекеттік саясаттың да басты бағыттарының бірі осы ана тілді жан-жақты дамытуға негізделген және біздің қоғамда қазақ тілінің мемлекеттік дәрежесін нығайту мемлекеттік саясаттың басты басымдығы болып қала береді. Қазір мемлекеттік қолдау мүмкіндігі жоғары салаларда қазақ тілінің қолданыс аясы едәуір кеңейген.

Шындығында, тілге деген құрметті өз анасына, өз ұлтына, өз Отанына деген құрмет деп білу керек және әрбір азаматта өз тіліне деген осындай жауапкершілік болуы тиіс. Себебі ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді. Ал бұған мысал келтіріп қажеті де жоқ деп есептеймін.

Қазақ тілі – халқымыздың рухани байлығы, атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып қалып отырған баға жетпес асыл мұра. Ана тілдің қасиеті туралы қанша айтсақ та сарқып тауысу мүмкін де емес. Шындығында, қолдағы барлық асыл заттар тозады, жоғалады, ал тіл – тозбайтын ең қымбат мұралардың бірі. Бірақ елдің әрбір азаматы оның қадірін білгенде ғана бағасына жетеміз.

Ана тілі дегеніміз – сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың баяғысын да, бүгінгісін де, болашағын да танытатын, сол халықтың мәңгілігін айқындаушы басты құрал. Ана тілін тек өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа басады. Қарымды қаламгер Ғабит Мүсірепов осы пайымымен мемлекет тілінің лайықты бағасын береді. Расында елдің болашағын, тілдің болашағын сақтау – баршамызға ортақ міндет.

Қазіргі жаһандану кезеңінде еліміздің ақпараттық кеңістігін әлемдік стандарттарға сай кеңейте отырып, мемлекеттік тілді ұлттық қауіпсіздіктің маңызды бір нысаны ретінде жетілдіруді және қорғауды қамтамасыз еткен дұрыс. Олай дейтінім, қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Бізге мемлекеттік тіліміздің халықаралық мәртебесін көтеруге әлі де жұмыс жасау керек. Бұл – өркениетке жетудің басты кепілі. Сондықтан тіл мәселесі күн тәртібінен түспейді.

Салтанат КӘЛМЕНОВА,

АПБ-ның тәрбие және кадр жұмысы

тобының инспекторы,

полиция капитаны

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: