Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-2°C

, Бейсенбі, 30 қаңтар, 22:21

Бектенов: Салық-бюджет жүйесін сауықтыру үшін кешенді шараларды жүзеге асыру қажет

28.01.2025

303

0

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметтің кеңейтілген отырысында салық саясатының жаңа бағытына тоқталды. 

– Бізде «даму бюджетінің» көлемі жеткіліксіз. Дамыған елдерде ол барлық мемлекеттік шығыстың 25%-ына жетеді. Ал бізде – 8%. Яғни, 26 трлн теңгеге жуық республикалық бюджеттің небәрі 2 трлн теңгесі ғана дамуға жұмсалады. Қалғанының барлығы – ауқымды бөлігін әлеуметтік шығыстар құрайтын ағымдағы бюджет. Экономикалық дамудың негізі болатын электр және жылу энергетикасы, су шаруашылығы, газ тасымалдау жүйелері, жол, инженерлік желілер мен инфрақұрылым салаларына жеткілікті қаражат бөлінбей келеді. Даму институттары да қаржыландырумен толық қамтамасыз етілмей отыр, – деді ол.

Айтуынша, мұндай жағдайда өсімнің жоғары қарқынын тұрақты қамтамасыз ету өте қиын.

– Салық-бюджет жүйесін сауықтыру үшін кешенді шараларды жүзеге асыру қажет. Қазіргі салық жүйесі мемлекетке қажетті инвестиция көлемін қамтамасыз ете алмайды. Сондай-ақ ол кәсіпкерлерге қатысты да әділетсіз салық жүйесі ретінде қалыптасып отыр. Негізгі салық жүктемесі еңбекақы төлеу қорына, яғни тауардың өзіндік құнына түседі. Кәсіпкер тауар сөреге түспей тұрып, салықтың ауқымды бөлігін төлеуге мәжбүр болады. Үкімет салықты еңбекақыдан сатылымға қайта бөлуді қолдап отыр. Бұл біздің кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, олар үшін қажетті қаржылық қор жасақтауға жол ашады. Еңбекақы төлеу қорына түсетін жүктеменің азаюы бизнеске жұмысшылардың жалақысын көбейтуге мүмкіндік береді, – деді Олжас Бектенов.

Үкімет басшысының сөзінше, бұл өзгерістерден кейін пайда болатын қосымша салық түсімдері экономикалық өсуді ынталандыруға, инфрақұрылымды озыңқы дамытуға, басым салалардағы перспективалы бизнес-жобаларды қолдауға бағытталады.

Фото: Primeminister.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: