Алашқа ана болған Сыр елінің қақ төрінен қоныс тепкен Жалағаш өлкесінің қатпарында қазына, қойнауында мәңгілік мұра сақталып, жыл басында жаңа белеске қадам басты. Қасиетті жұма күні облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Жалағашқа жұмыс сапарымен келді. Ең алдымен аймақ басшысы Қаракеткен ауылына қарай атбасын бұрды. Мұндағы мақсат – ауыл тұрғындарының саулығы үшін салынған жаңа дәрігерлік амбулаторияның ашылу рәсіміне қатысу.
Ауыл тұрғындарын жаңа нысанның ашылуымен құттықтаған аймақ басшысы денсаулық сақтау саласындағы келелі істерге тоқталды.
– Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын баяндадым. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы облыста атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді. Алдымызда әлі жүзеге асыратын жобаларымыз көп. Осы бағытта жұмысымызды жалғастыратын боламыз. Аймақтың денсаулық сақтау саласының бюджеті 129 млрд 448 млн теңгеге жетті. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында барлық ауданда 28 медициналық нысан салынды. Жалағаш ауданының Есет батыр, Мырзабай ахун ауылдарындағы екі дәрігерлік амбулатория 2023 жылы ашылып, қазір ел игілігіне қызмет етуде. Бүгін ел игілігіне табысталатын жаңа ғимаратта бастапқы медициналық көмек көрсету сапасын жақсарта түсуге жол ашылсын! Дәрігерлеріміз елге адал қызмет етіп, халық алғысына бөлене берсін! Егемен еліміздің еңсесі биік, Тәуелсіздігіміз баянды болғай!, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Жиында медицина саласының ардагері, Қызылорда облысының Құрметті азаматы, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Тұрғанбай Маханов батасын берді. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында қажырлы еңбек еткен ардагерлер мен аурухананы салған құрылысшыларға марапаттар тапсырылды.
Айта кетейік, былтыр жылына 10 мың адамға дейін қызмет көрсетуге мүмкіндігі бар жаңа «Қан орталығы», ана мен бала өмірін қорғау мақсатында көпбейінді облыстық аурухана базасында жаңа МРТ аппараты іске қосылып, 70 орындық перинаталдық бөлім ашылды. Мұнан бөлек 57 жас маман өңірге жұмысқа орналасып, олардың 40 пайызы елді мекендерге жолданды. 10 реаниматолог және 5 кардиолог маман Түркия еліндегі жетекші медициналық ұйым – «Мемориал» клиникасында білім жетілдірді. Ауданның денсаулық сақтау саласында да оң өзгерістер бар. Жаңа аурухана, жаңа емхана аудан тұрғындарының денсаулығын жақсартуға оң ықпал етуде. Соңғы 2 жылда облыстың барлық елді мекеніндегі денсаулық сақтау мекемелеріне 245 жаңа санитарлық автокөлік табысталса, оның 11-і Жалағаш ауданына берілді. Ал кеше ғана ел игілігіне пайдалануға берілген Қаракеткен ауылындағы типтік жобадағы жаңа дәрігерлік амбулаторияның жалпы құны 388,7 млн теңгені құрайды.
Айта кетейік, амбулатория құрылысын «Бақ-Береке 2030» салды. Ғимарат ішінде тіркеу орны, аптекалық бекет, қабылдау, оқшаулау, физотерапиялық емдеу, егу бөлмелері, лаборатория, архив, күндізгі емдеу станционары, жалпы тәжірибелік дәрігердің кабинеті мен мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де қолайлы жағдай жасалған.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Мәдениет пен өнер – ел өміріндегі өте маңызды сала. Өнер – ұлттың жаны, ал мәдениет – рухани келбеті» деген болатын. Мұнан кейін аймақ басшысы тұғырлы өлке Жалағаш төрінде бой көтерген руханият орталығына аялдады. Мерекелік шара үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязовтың арнауымен ашылды. Аймақ басшысы жұртшылықты жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.
– Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты. Сол себепті азаматтарымыздың рухы әрқашан биік болуы үшін мәдениетімізге, руханиятымызға баса мән беруіміз қажет» – деген болатын. 2024 жыл өңірімізде «Руханият жылы» деп жарияланып, атаулы жылда мәдени-көпшілік шаралармен қатар, ауқымды жобалар жүзеге асты. «Руханият жылы» Сыр өңірі үшін жемісті жыл болды. Барлық 7 ауданда құны 11 млрд 500 млн теңге, ішінде неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар, ардагерлер мен аналар үйі бар «Руханият орталықтары» салынып, пайдалануға берілуде. Мақсатымыз әртүрлі бағытта қызмет көрсететін мекемелерді бір орталыққа біріктіру арқылы бюджет қаражатын тиімді басқару, әкімшілік шығындарды азайту болды. Ең бастысы бұл орталықтарда ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүріміз кеңінен насихатталып, өскелең ұрпақтың өзі туып-өскен өңір тарихы, ұлттың бай қазынасы туралы танымы қалыптасады. Барша жерлестерді «Руханият орталығының» ашылуымен тағы да құттықтаймын! Жаңа нысан еліміздің рухани қазынасын толықтырып, жұртшылыққа қуаныш сыйласын. Ұлттық құндылықтарымыз ұлықталып, Тәуелсіз еліміздің абыройы әрқашан асқақ болсын!» – деді Н.Нәлібаев.
Сонымен қатар, ауданның өсіп-өркендеуі жолында еңбек еткен ардагерлер мен орталықты салған құрылысшылар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Жаңа ғимараттың тынысымен танысқан аймақ басшысы аудан ардагерлерімен жастарымен кездесіп, шаңырақ көтеріп заңды некелерін қидырып жатқан жастардың да қуанышын бөлісті.
Тұрғындар мәселесі
ескерусіз қалмайды
Облыс әкімі мұнан кейін жұмыс сапары асяында аудан халқымен кездесіп, құқық қорғау органдары басшыларымен бірге тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға барлығы 60-тан астам азамат келіп, өтініш-тілектерін жеткізді. Тұрғындар баспанаға мұқтаждық, денсаулық, білім салаларына қатысты, жұмысқа орналасу бойынша мәселелер көтерді. Аймақ басшысы қабылдауға келген кісілердің мәселесі бойынша жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді. Әрбір сауалдың туындау себеп-салдарын мамандар жан-жақты зерттеп, жауабы нақтыланады. Шешімі заң аясында қарастырылады. Құқық қорғау органдары басшыларының қабылдауына келген азаматтардың да мәселелері тыңдалды. Олардың әрқайсысына қойған сауалының заңдық негізі түсіндірілді.
Жалпы, аймақта, оның ішінде Жалағаш ауданында биыл қыруар жоба қолға алынады. Қуантарлығы, оның барлығы елдің талап-тілегінен туындаған мәселелерді шешуге негізделген. Былтырғы жыл ауданымыз үшін берекелі, ырысы мол, жағымды жаңалықтарға толы болды. Жалағаш агроөнеркәсіп кешенін дамытуда биыл ең жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгені үшін облыста «Үздік аудан» номинациясын иеленді. Ауданда әлеуметтік сала мен шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда, жаңа жұмыс орындарын құрып, аудан экономикасын әртараптандыруда бірқатар жұмыс жасалып, ел еңсесін тіктейтін жарқын жобалар жүзеге асып, аудан қазынасында тұрақты өсім қалыптасты. Әрине мұның бәрі аудан әкімінің халықпен кездесулерінде көтерілген түйткілді мәселенің түйіні тарқатылғанының жемісі.
Ақтоты БҮРКІТБАЙ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!