Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

7°C

, Жексенбі, 24 қараша, 15:30

Қазақстан Президенті мен Сауд Арабиясының Тақ мұрагері келіссөз жүргізді

24.07.2022

600

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қос Киенің сақшысы – Сауд Арабиясының Королі Салман бен Әбделазиз Әл Саудтың шақыруымен Джидда қаласына ресми сапармен келді, деп хабарлады Ақорда.

Қазақстан Президентін әуежайда Корольдің кеңесшісі әрі Мекке провинциясының губернаторы Фейсал Халид бен Әбделазиз, сондай-ақ  Сауд Арабиясы Корольдігінің Қоршаған ортаны қорғау, су ресурстары және ауыл шаруашылығы министрі Абдурахман Әл-Фадли қарсы алды.

Содан кейін Президент ресми кездесу өткізу үшін Корольдің «Қаср Ас-Салам» сарайына барды.

Құрмет қарауылының бастығы екі ел басшыларына рапорт берді. Қазақстан мен Сауд Арабиясының әнұрандары шырқалғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл Саудқа ресми делегациялардың мүшелері таныстырылды.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы мен Тақ мұрагері келіссөз жүргізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл Саудқа ілтипат білдіріп, шақырғаны және қонақжайлық көрсеткені үшін Сауд Арабиясының Королі мен Тақ мұрагеріне алғыс айтты.

Қазақстан Президентінің айтуынша, Мемлекет басшысы ретінде Сауд Арабиясына алғаш рет келгендіктен, бұл сапардың маңызы зор. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясы Қазақстанның басты стратегиялық серіктестерінің бірі екенін атап өтті.

– Сауд Арабиясы – Қазақстанның тәуелсіздігін бірінші болып мойындаған елдердің бірі. Осы кезеңде түрлі бағыттағы ынтымақтастығымыз нығая түсті. Қазір қазақ-сауд қатынастары жоғары деңгейде. Дегенмен, екі ел арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беретін кез келді. Бұл – елдеріміздің мүддесіне сай келетін ортақ шешім. Біздің өзара тиімді байланыстарымыз нығая береді деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Келіссөз барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Қазақстан Сауд инвесторлары үшін өзара мүддені көздейтін түрлі перспективті салалар бойынша ерекше шарттар мен кең көлемде артықшылықтар ұсынуға дайын.

Тараптар өзара тауар айналымын едәуір арттыруға ниетті екенін және жуық арада екі ел үкіметтерінің бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыратынын нақтылады.

Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл Сауд елдеріміз арасындағы қатынастар деңгейі жақсы екенін атап өтіп, оны әрі қарай нығайтып, дамыту үшін мүмкіндіктер мол екенін айтты. Сондай-ақ бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру қажет екеніне тоқталды. Оның айтуынша, бұл ретте Қазақстан мен Сауд Арабиясының бизнесмендерін біріктіретін Іскерлік кеңестің рөлі зор болмақ.

Тақ мұрагері Мемлекет басшысының ресми сапары аясында өтетін Инвестициялық дөңгелек үстелге Корольдіктің ірі компанияларының өкілдері қатысатынын жеткізді.

Оның айтуынша, қазіргі жағдайда Сауд Арабиясының Мемлекеттік инвестициялық қоры үйлестіретін бірқатар жоба бойынша бірлескен жұмыс маңызды саналады.

Атап айтқанда, Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл Сауд Корольдіктің компаниялары Қазақстанның аграрлық саласына инвестиция салуға қызығушылық танытып отыр. Оның пікірінше, бұл бағыт жаһандық азық-түлік дағдарысы жағдайында аса өзекті бола түседі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Тақ мұрагерін Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.

Мұхаммед бен Салман бұл шақыруды қуана қабылдайтынын айтып, қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асырудың нақты нәтижелерін талқылау үшін Қазақстанға сапармен келуге дайын екенін жеткізді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: