Топ-баннер2

Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-10°C

, Сейсенбі, 10 наурыз, 19:43

АУДАНДЫҚ ПАРТИЯ ФИЛИАЛЫНДА КЕНТ АРДАГЕРЛЕРІМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

10.03.2026

10

0

Жалағаш ауданында жаңа Конституция жобасын түсіндіру бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Осы мақсатта аудандық партия филиалының ғимаратында кент ардагерлерімен мазмұнды кездесу ұйымдастырылды. Басқосуда алдағы референдумның маңызы, конституциялық өзгерістердің негізгі бағыттары және олардың ел дамуына тигізер ықпалы кеңінен сөз болды.

Кездесуге «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» аумақтық коалициясының мүшелері Нұржанов Болатбек, Шілдебаев Бейбітжан, Орынбаева Айкүміс, Кенжеғұлова Марзия қатысты. Жиын барысында жаңа Конституция жобасының мазмұны, оның қоғам сұранысына сәйкестігі және мемлекеттік басқару жүйесін жетілдірудегі маңызы жан-жақты түсіндірілді.

Сөз алған Нұржанов Болатбек конституциялық реформалардың басты мақсаты – елде әділетті қоғам қалыптастырып, заң үстемдігін нығайту екенін атап өтті. Оның айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтіп, халықтың мемлекеттік шешім қабылдау үдерістеріне қатысу мүмкіндігін кеңейтеді деді.

Коалиция мүшелері жаңа Конституция жобасы ашық талқылаудан өтіп, қоғам тарапынан түскен ұсыныстардың ескерілгенін жеткізді. Бұл өз кезегінде құжаттың халықтық сипатқа ие екенін көрсетеді. Сонымен қатар реформалар аясында қоғамдық бақылау тетіктері күшейіп, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігі мен ашықтығы арта түсетіні айтылды.

Кездесу барысында кент ардагерлері өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Коалиция өкілдері тарапынан нақты жауаптар беріліп, еркін пікір алмасу өтті. Ардагерлер жаңа Конституция жобасы елдің тұрақты дамуына негіз болатын маңызды құжат екенін атап өтіп, алдағы референдумға белсенді қатысуға шақырды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: