Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

20°C

, Дүйсенбі, 11 мамыр, 18:33

Дерт дендемесін десек…

11.05.2026

8

0

Елімізде 250 мыңнан астам адам созылмалы жүрек жеткіліксіздігі сырқаты бойынша есепте тұр. Бұл тек тіркелген науқастар саны  ғана. Дертке шалдығып, дер кезінде тексерілмей жүргендер бұдан да көп. Ал аудандағы ахуал қандай? Жалпы созылмалы жүрек жеткіліксіздігі деген қандай сырқат? Бұл сырқаттың алдын алу жолы қандай? Осы және өзге де сұрақтарға аудандық емхана кардиологы Ақнұр Каметовамен сұхбат барысында жауап алдық.

– Қайырлы күн Ақнұр Ханзуллақызы! Ең алдымен созылмалы жүрек жеткіліксіздігі ауруы туралы айтып өтсеңіз, бұл сырқат қалай пайда болады? Тұрғындардың қанша жаста бұл ауруға шалдығу қауіпі артады?

– Қайырлы күн!Созылмалы жүрек жеткіліксіздігі – жүректің қанды ағзаға жеткілікті деңгейде айдай алмауынан туындайтын дерт. Соның салдарынан адам тез шаршап, ентігіп, аяқ-қолы ісінуі мүмкін. Бұл – көбіне инфаркт, қан қысымы, қант диабеті сынды аурулардың асқынуынан пайда болатын жағдай. Егер сіз баспалдаққа көтерілгенде ауа жетпей, ентігіп немесе аяғыңыз жиі ісіп, тез шаршау сынды белгілерді байқасаңыз дереу дәрігердің көмегіне жүгінгеңініз жөн. Өздеріңіз білесіздер қазір дерт жас таңдамайды. Жүрек жеткіліксіздігі сырқаты да солай, кез келген жастағы науқас шалдығуы мүмкін. Әсіресе егде жастағы науқастар жиі шалдығады.

– Дерттің асқындырмас үшін алдын алу мақсатында қандай шаралар қолданған жөн? Жалпы дертті емдеуге болама?

– Әрине дертті емдеуге болады. Науқас толық жазылмаса да, жағдайын бақылауда ұстап, жүрек жұмысын жақсарта алады. Ол үшін ең алдымен дәрігерге уақытылы қаралып, тағайындалған дәріні үзіліссіз күнде қабылдау керек. Мен үнемі тұрғындарға жүректі дерттен қорғау үшін қарапайым үш ғана ережені күнделікті ұстауға кеңес беремін. Ең алғашқысы – тұз. Яғни тұзды тағамдардан түбегейлі бас тартпаса да, мөлшерін азайту керек. Тұздалған балық, шұжық секілді тағамдарды аз қолданған жөн. Сондай-ақ үнемі қозғалыста болу маңызды. Яғни күніге 30 минут таза ауада жаяу жүруге кеңес беремін. Мұнан бөлек энергетикалық сусындар мен темекі, арақтан бас тарту керек.

– Елімізде 250 мыңнан астам адам созылмалы жүрек жеткіліксіздігі сырқаты бойынша есепте тұр екен. Ал аудандағы ахуал қандай? Дерт дендемес үшін ауданда қандай шаралар қолға алынды?

– Аудан бойынша 200-ге жуық науқас тұрақты бақылауда. Өкінішке орай денсаулығына немқұрайлы қарап, ауруын жасырып жүретін тұрғындар да жиі кездеседі. Сондықтансозылмалы жүрек жеткіліксіздігінің алдын алу және оны емдеудің маңызын насихаттау мақсатында 12 – 15 мамыр аралығында аудандық емханда «Созылмалы жүрек жеткіліксіздігі» апталығы өтеді. Апталық аясында аудан тұрғындарын тексеріп, дәріні дұрыс әрі уақытылы қабылдаудың маңызын түсіндіреміз. Сондай-ақ аудан орталығынан шалғай орналасқан елді мекенге барып ауыл тұрғындарын ЭКГ құрылғысы арқылы тексеріп, сырқаттың алдын алу мақсатында кеңес береміз. 

Апталықтың басты мақсаты – ауруды ерте сатысында анықтап, асқынудың алдын алу. Сондықтан барша аудан тұрғындарын 12 – 15 мамыр аралығында өтетін апталық аясында өтетін «Ашық есік» күніне қатысып, жүрек саулығын тексеруден өткізуге шақырамын!

Сұхбатыңызға рақмет!

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: