21 мамыр күні Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы мен Өңірлік кеңес мүшелерінен және қаржы ұйымдарынан құралған делегация Жалағаш ауданында көшпелі отырыс өткізді.
Кездесу аясында кеңес мүшелері аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Рахатовпен мазмұнды пікір алмасулар жүргізді. Кездесуде кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалану мәселелері кеңінен талқыланды.
Аудан кәсіпкерлерімен өткен негізгі жиында кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Салават Құлмахан модераторлық етіп, аудан әкімінің орынбасары, Өңірлік кеңес төрағасы және аудан прокурорының орынбасары алғы сөз сөйледі.

Кәсіпкерлердің өзекті мәселелері, инвестициялық ахуал және бизнесті қолдау бағытында құрылған жұмысшы топ аясындағы түсіндіру жұмыстары талқыланды. Атап айтар болсақ, Жалағаш ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Қызылорда филиалының, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы микроқаржылық ұйымы ЖШС-нің және «Байқоңыр» ӘКК АҚ-ның мамандары баяндама жасап, мемлекеттік бағдарламалар мен қаржыландыру тетіктері жөнінде ақпарат берді.
Сонымен қатар, палата маманы Салтанат Шоникова «Бір ауыл – Бір өнім» жобасы аясындағы мүмкіндіктер туралы кеңінен ақпарат берді. Ол жобаның негізгі мақсаты – ауылдық жерлердегі кәсіпкерлерді қолдау, жергілікті өнімдерді дамыту және олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру екенін атап өтті. Сонымен қатар, жобаға қатысу шарттары, іріктеу кезеңдері мен көрсетілетін қолдау шаралары туралы жан-жақты түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Жиын барысында бизнес өкілдері өздерін толғандырған мәселелер мен ұсыныстарын ортаға салды. Кездесуден кейін Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау кеңесінің төрағасы Болат Нұрхожаев және делегация өкілдері кәсіпкерлердің мәселелері бойынша жеке қабылдау өткізді.
Қатысушылардың айтуынша бүгінгі көшпелі отырыс кәсіпкерлікті қолдау, өндірістік әлеуетті бағалау және аудан кәсіпкерлерімен тікелей байланыс орнату тұрғысынан маңызды алаңға айналды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!